Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық дирижерлер байқауы өтті. Саусағынан сиқырлы саз төгілген музыка шеберлерін бір алаңда тоғыстырған өнер додасы екі күнге жалғасты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен шығармашылық бәйгеде 18 бен 35 жас аралығындағы өнерпаздар бақ сынап, ел өңірлерінен келген 23 үміткер өзара мықтыны анықтады. Қазылар шешімімен олардың арасынан сегіз финалист екінші кезеңге ойысты. Жүлдеге лайық деп танылған дирижерлер қорытынды гала-концертте марапатталды.
Байқау барысында ерекше оқиғаға куәгер болдық. Кәсіби дирижерлер Мәди Өмірзақов пен Қуаныш Исмаилов қазылар тарапынан жоғары ұпай алғанына қарамастан, іні-қарындастарына жол берді. Олардың бұл шешімін нағыз өнер адамына тән дегдарлық деп бағалаған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Абзал Мухитдинов пен Қызылорда облыстық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Мүсілім Әмзе қос дирижерге Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының Симфониялық және Қазақ оркестрлерімен бірлесіп жеке концерт өткізуге арнайы жолдама ұсынды.
Байқау қорытындысына сәйкес, Аршат Шәріп пен Дәуренбек Сүйіндік үздік өнерлері үшін арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталса, астаналық Дина Ардақ «Н.Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» аталымын жеңіп алды. Өнер додасында Қабыл Арнат, Дәулет Ғабитов және Абай Рақышев ІІІ орын иеленсе, Әли Сапарбек ІІ орынды еншіледі. Байқаудың ең басты жүлдесі Нұрғали Әшімханға бұйырып, оған І орын дипломы мен бір миллион теңгелік сертификатты Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов табыстады. Байқауға қатысқан барлық үміткер Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғысхатымен марапатталды.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, қазылар алқасының төрағасы Дінзухра Тілендиева байқау тек жас дирижерлер сайысы ғана емес, ұлы композитор мұрасын терең зерделеп, жас буынға жеткізудің ерекше мүмкіндігі екенін атап өтті.
АЛМАТЫ