• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:07

Орал – Бейжің: 14 іргелі жоба жүзеге асады

50 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы (БҚО) мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасында іскерлік байланыс­тың жаңа парағы ашылды. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев бастаған делегация Қытайда болған үш күн ішінде жалпы құны 134 миллиард теңге болатын 14 ірі инвестициялық жоба жөніндегі меморандумға қол қойды.

Екіжақты тиімді келісім

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңір басшысы бастаған батысқазақстандық топтың Қытайға сапары өте нәтижелі болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі ел арасындағы кәсіпкерлік байланыс нығайып келеді. Көрші мемлекеттің инвесторлары энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сынды бірқатар маңызды салаға жалпы құны 134 миллиард теңгеден астам қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екі жақты нақты келісім бар. Енді санаулы күннен кейін екі зауыттың құры­лысы басталады. Оған қажетті құрал-жаб­дық тиелген контейнерлердің алғашқы легі Қытайдың Вэйфан қаласынан Ақжайыққа жөнелтілді. Зауытқа қажет­ті қондырғылардың алғашқы партия­сын тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Төреғалиев бастаған делегация арнайы қатысты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездескенде «Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр», деген болатын. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында өндірілген өнімдерді Қытай нарығына шығару да негізгі мақса­ты­мыз­дың бірі. Мемлекет басшысы атап өт­­кендей, біз шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруа­шы­лығын, өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Бұл жобалар өңір эконо­микасының дамуына елеулі серпін береді», деді Н.Төреғалиев.

Жоспарға сәйкес арнайы индустрия­лық аймақта алдымен қуаты 34 мегаватт болатын газ электр стансасы салынады. Жоба кейінгі өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мұнай катализаторларын қайта өңдеу зауытының құрылысы басталады.

Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады. Құра­мындағы бірнеше компания энергетика саласын ғана емес, агротехника, мұнай, құрылыс, денсаулық сақтау сала­­ларын да инвестициялайды. Батыс­қазақстандық жұмысшы топ Шандун провинциясындағы кешенді аралап, тың технологиямен танысты.

Қытайлық «VEGA Power» компа­ниясының бас директоры Гэ Цзянь Ақжайықтағы жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын, алғашқы кезеңде 30 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынатынын атап өтті. Жоба толық жүзеге асқанда 10-нан астам өнім түрі шығарылады.

Облыс әкімінің айтуынша, инвес­торлар өңірде тіркеліп, салық түсімі жергілікті бюджетке бағытталуға тиіс. Жергілікті кадрлар жұмысқа орналас­тырылады, болашақ мамандарды оқыту инвестор қаражаты есебінен жүргізіледі.

Бұдан бөлек, облыс медицина саласында да Қытаймен байланысты нығайтады. Оралдық делегация «iKang Guobin Checkup Center» емханасына барып, Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі заманауи әдістермен, меди­циналық қызмет көрсетудің иннова­циялық үлгілерімен танысты.

Айта кетейік, кездесулер еліміздің ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойын­ша Батыс Қазақстан облысы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жөнінен республикада 3-орында тұр.

 

Серіктестік көпірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен де тығыз байланыста жұмыс істеу керек», деген болатын. Қытайдың Нанкин қаласында Батыс Қазақстан облысы­ның «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациясының инвестиция және сауда өкілдігі ресми түрде ашылды. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған ресми делегация қатысты.

Елімізде өңірлік деңгейде ашылған алғашқы шетелдік инвестициялық өкілдік Орталық Азия-Қытай ынтымақ­тастық орталығы ғимаратында орналас­қан. Жаңа құрылым Ақжайық өңірі мен Қытай кәсіпкерлері арасында тікелей іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

«Бұл – екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бас­тама. Инвесторлар Батыс Қазақстан облысы туралы қажетті ақпаратты осы жер­­ден тауып, болашақ жобаларды жүзе­­ге асыру мерзімі айтарлықтай қысқа­ра­ды деп сенемін», дейді қытайлық «SOHO» компаниясының бизнес жөнін­дегі хат­шысының орынбасары Ву Цюнь Юй.

Кеңсе ресми ашылған соң Н.Төреға­лиев бірқатар қытайлық компания өкілімен кездесті. Жиында Ақжайық өңірінің инвестициялық әлеуеті таныс­тырылып, нақты жобаларға қатысты келіссөздер өтті. Нәтижесінде, қытайлық тарап екі ірі өндіріс орнын салуға қызығушылық танытты. Оның бірі – тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу зауы­ты болса, екіншісі – киік мүйізінен дәрі­лік өнімдер шығаратын кәсіпорын.

«Батыс Қазақстан облысы мен Цзянсу провинциясының арасындағы серіктестік өзара сенім мен нақты іскерлік байланысқа негізделіп отыр. Біз барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Туындайтын кез келген мәсе­ле жеке бақылауымда болады», деді Н.Төреғалиев.

Қытайлық инвесторлар БҚО ұсынған жобаларға ерекше қызығып отыр. Олар киіктің етін терең өңдеп, мүйізінен дәрі-дәрмек, етінен тағам, терісінен киім өндірісін жолға қоюға ниетті. Соны­мен қатар тұрмыстық қалдықты өңдеу арқылы қайта пайдалануға жарамды өнімдер шығару да жоспарда бар.

«SOHO» холдингінің вице-президенті Дин Хайдың айтуынша, алдағы уақыт­та екі жұмыс тобы Батыс Қазақстанға келіп, жобалардың жүзеге асырылу мүм­кін­дігін зерделейді. «Бір топ киік етін өң­деу ­саласын, екінші топ тұрмыстық қал­дық­ты сұрыптау, өңдеу бағытын зерттейді. ­Бұл іске ғылыми зерттеу институт­тары­ның мамандарын да тартамыз. Зауыттың көлемі мен қуаты жергі­лік­ті шикізат қоры мен өндірістік әлеует­ке байланысты анықталады», деді ол.

Сапар аясында Қазақстан делегация­сы «ChinaGaz» компаниясына барып, энергетикалық кәсіпорынның заманауи технологиясымен танысты. Қытайлық тарап Орал қаласында жаңа жылу электр магистралін салу жөніндегі өз ұсынысын білдірді.

 

Батыс қақпаның екінші тынысы

Сапар барысында батысқазақстандық делегация мүшелері Қытайдың Бейжің, Нанкин қалаларында болып, әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялармен келіссөз жүргізді. Қол қойылған меморандумдар аясында өндіріс, сауда, жасыл энергетика, медицина, білім, логистика салаларында бірлескен жобалар жүзеге асады. Бұл жердегі басты бағыт – облыс аумағында өңдеу кәсіпорындарын дамыту.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әсіресе өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға баса назар аударып келеміз. Қытайлық әріптестермен осы жобалардың іске асуын жеделдету бағытында нақты мәселелерді талқыладық», дейді Н.Төреғалиев.

Жоғарыда Орал қаласында жаңа жылу электр стансасы салынатынын айттық. Бұл жобаны Қытай тарапы толықтай өз қаражатына жүзеге асыруға ниетті. Қазірде зерделеу жұмыстары бас­талып та кетті.

Жалпы, екі ел арасындағы іскерлік байланысты дамыту кезінде ерекше ескеретін бір жайт – іске жергілікті жұмыс күшін тарту мен кадр даярлау мәселесі. Өңір басшысы бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Қытайлық инвесторлар өндіріс орындарына заманауи технологияны меңгерген жергілікті мамандар қажет екенін айтады. Осыған орай тараптар бірлескен қазақ-қытай білім беру бағдарламасын іске асыруға уағдаласты. Қазақ жастарын оқытуға қажетті қаражат инвесторлар тарапынан бөлінеді.

Келіссөздер кезінде облыс аумағын­да құны 17 млрд теңгеге бағалана­тын логистикалық хаб салу ұсынысы қаралды. Жоба транзиттік жүк тасы­малын қамтамасыз етуге, көлік-логис­тика инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар Бейжің қала­сын­да Батыс Қазақстан облысы «Ақ­жайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­сының екінші инвестиция­лық және сау­да өкілдігі ашылды. Өкілдік аймақ пен Қытай арасындағы бизнес-байланыс­тарды нығайтып, тікелей серіктестікке жол салады.

Бейжіңдегі келіссөздер барысында құрамында 22 холдингтік, 7 еншілес компаниясы бар, жылдық табысы 4,5 миллиард юаньнан асатын «Beijing Jinyi Yuanfang» холдингімен де стратегиялық әріптестік орнатылды. Холдинг облысқа бірқатар салаға – өндірістен бастап, медицина, білімге дейін инвестиция құюға дайын екенін мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облысының Қытай­мен орнатқан жаңа келісімдері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Бұл – тек құжат жүзіндегі жоспарлар емес, нақты инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға, заманауи өндіріс орындарын іске қосуға бағытталған қарышты қадам. Ендігі жерде жобалардың тиімді әрі уақтылы орындалуы – басты міндет.

Батыс Қазақстан облысы – еліміз­дің Еуропа бөлігінде орналасқан, «батыс қақпа» саналатын ерекше өңір. Қытайлық инвесторлармен жасалған соңғы келісімдердің нәтижесінде Ақжайық өлкесінің екінші тынысы ашылып, ел дамуына ерекше серпін береді.

 

Батыс Қазақстан облысы