Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен, Бас редакторлар клубының қолдауымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мен медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Басқосу Қытай Халық Республикасындағы Сиань Цзяотун университетінің президенті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры арасында қол қойылған меморандумды ресми алмасу рәсімінен басталды. Аталған құжатты Қытайдан арнайы келген қонақ, Сиань Цзяотун университеті Журналистика және жаңа медиа институтының директоры Ву Фэн ЕҰУ басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбайға салтанатты жағдайда табыс етті. Бұл меморандум екі оқу орны арасында бірлескен халықаралық ғылыми зерттеу жобалары бойынша ынтымақтастықты дамытып, «Жаңа таралым мен жарнаманың заманауи үрдістері» деген атаумен бірлескен онлайн сабақ өткізуге, бакалавриат немесе магистратураға білімгерлерді қабылдауға өз септігін тигізбек.
Айта кетсек, Сиань Цзяотун университеті (Xi’an Jiaotong University) – Қытайдың ең беделді жоғары оқу орындарының бірі және 2025 жылғы QS World University Rankings рейтингі бойынша Қытайда 12-орында, ал әлем бойынша 202-орында тұр.
Ву Фэн мырза Сиань Цзяотун университеті мен Еуразия ұлттық университеті арасында ынтымақтастықтың орнауы екі ел үшін де білім саласындағы маңызды сыртқы байланыстың бірі екенін және Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан жасанды интеллектіні дамыту саласында елеулі жетістікке қол жеткізіп жатқанын атап өтті.
Бүгінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы ХХІ ғасыр медиакеңістігін түбегейлі өзгеріске ұшыратып жатыр. Қазір бұл құбылыстың негізгі қозғаушы күші – жасанды интеллект. Осы тақырыпта алғашқы болып сөз сөйлеген университет проректоры А.Бейсенбай ақпаратты жинау, өңдеу, тарату мен тұтыну тәсілдері өзгеріп, бұрын адамның ғана құзырында болған шығармашылық және аналитикалық қызметтің кейбір тұстары автоматтандырылып жатқанын атап өтті.
«Мамандардың айтуынша, көптеген жетекші медиакомпания, мысалы, «Reuters», «Bloomberg», «Washington Post» қарапайым жаңалықтар мен қаржылық есептерді ЖИ арқылы жазып отыр. ЖИ алгоритмдері деректер негізінде ақпарат дайындап қана қоймай, оның стилі мен аудиторияға бейімделуін реттей алады. Бұл технология журналистикадағы адам факторының әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Алайда эмоциялық, әлеуметтік контексті түсіну, сын тұрғысынан ойлау, этикалық шешім қабылдау – ЖИ әлі толық меңгере алмайтын қабілеттер», деді ол.
Жасанды интеллект тақырыбы – жай ғана технологиялық тренд емес, бұл – өркениеттің жаңа бағыты, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен қоғамның жауапкершілігін айқындайтын басты факторға айналғанын атап өткен Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай жаңа технология жетістіктерінің қоғам өміріне үйлесімді енуі үшін оған құқықтық негіз болуға тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта нәтижелі жұмыс іске асып жатыр. Атап айтқанда, жуырда елімізде тұңғыш рет «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленгенін тілге тиек етті.
«7 тарау, 28 баптан тұратын бұл заң болашақта әлі өзгертіліп, толықтырылатыны сөзсіз. Өйткені ЖИ бойынша әлемде жасалып жатқан жұмыстар үлкен жолдың басы ғана. Еліміздің тұңғыш заңы да – қазіргі заман талаптарына жауап беретін кешенді құқықтық база қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам. Біз осы бағытта заңнамамызды халықаралық стандарттармен үйлестіруге дайынбыз. Қазір тиісті жұмыс Әділет министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында жүргізіліп жатыр», деді сенатор.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде ЮНЕСКО-ның этикалық кодексін ескеріп, ұлттық AI этикасы жөніндегі кеңес құрылып жатыр. 300-ден астам жоба жасанды интеллект элементтерін қолданады. «Astana Hub» пен АХҚО алаңдарында 70-тен астам AI-стартап тіркелген. Бұл салаға салынатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден аспақ. Осы және өзге де жетістіктерге тоқталған Б.Жексенбай мемлекет тарапынан AI технологияларын мемлекеттік басқаруға енгізу, білім мен ғылым жүйесінде қолдану, медиа сала мен цифрлық мәдениетте этикалық стандарттар енгізу секілді үш стратегиялық бағыт айқындалғанын атап өтті.
Халықаралық конференцияда медиа саласының өзге де майталман мамандары, атап айтқанда, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов, «Abai tv» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, т.б. сөз алып, қолына қалам мен микрофон ұстаған қауымның жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануына қатысты орайлы ойларын ортаға салып, келелі пікірлерін көпке жеткізді.