Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді дақылдардың жай-күйіне, қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс. Бұл – орман шаруашылығына да қатысты мәселе. Жақында Солтүстік Қазақстан облысында 9 мың гектар орманның иесіз жатқаны анықталды», деп атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы кейінгі екі жылдың көлемінде есепке алынбаған, қорғаусыз қалған мыңдаған гектар орман алқаптарын анықтаған. Президенттің Жолдауында айтылған алқаптар осы тексерістердің нәтижесінде анықталған.
«Орман кодексінің 51-1 бабына сәйкес, өзге санаттағы жерлерде табиғи өскен екпелер мемлекеттік орман қоры құрамына енеді. Аталған нормаға қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар басқармасының лауазымды тұлғалары жерді аудару, есепке алынбаған орман алқаптарына түгендеу жүргізу мәселесін аудан әкімдерімен үйлестіруді жүзеге асырмаған», деп жазылған прокуратураның есебінде.
Прокурордың талабымен жүргізілген түгендеу нәтижесінде Айыртау, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, Тимирязев аудандарында мемлекеттік орман қорынан тыс қорғаусыз қалған осы 9 мың гектардан астам орманды жерлер анықталған. Солтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, өңір аумағындағы орман қорының жалпы ауданы 688 мың гектарды құрайды. Оның ішінде «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарайтыны 134,5 мың га, қалған 553,5 гектары жергілікті атқарушы органдар аумақтарында. Облыстық табиғи ресурстарды бақылау басқармасына 12 орман шаруашылығы, «Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел қызмет» КМК мен «Қызылжар су қоймалары» КМК мекемелері қарайды. Басқарманың өзінде бірнеше бөлім бар. Осынша бағынысты шаруашылықтары, учаскелері, мыңдаған қызметкері бар басқарманың күні бүгінге дейін 9 мың гектар орманды алқапты неге иесіз қалдырғаны белгісіз.
Қазір табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде әкімдіктер барлық мүдделі органдардың қатысуымен комиссия құрып, анықталған иесіз учаскелерді мемлекеттік орман қоры құрамына енгізу жөнінде нақты мерзімдер белгілеп, жауапты орындаушыларды тағайындап, Жол картасын әзірледі. Өз міндетін тиісінше орындамаған төрт лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды.
Экологиялық жағдайды жақсарту Мемлекет басшысы айқындаған мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі екенін ескере отырып, мемлекеттік орман қорын кеңейту арқылы, жергілікті, уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру мақсатында іс-шаралар өткізілді. Мәселені қадағалау прокуратураның тұрақты бақылауына алынды. Сонымен қатар прокуратура мемлекеттің материалдық мүдделерін қорғау жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіп, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау шаралары арқылы жалпы сомасы 30 млрд теңгені құрайтын мүліктерді мемлекет меншігіне қайтарды. Мысалы, Есіл ауданында 14 нысан (су мұнарасы, ауылдық клуб ғимараты, трансформаторлық қосалқы станса, ұңғыма, су құбырының тарату желілері, т.б.) иесіз болып келген.
Былтыр да орман шаруашылығының жауапты адамдары прокуратураның қадағалау шараларынан кейін әкімшілік жауапқа тартылып, олардан 11 млн теңге көлемінде ормандарды молықтыру төлемі өндірілген. Биылғы прокуратура анықтаған иесіз қалған 9 мың га орман алқабын табиғат ресурстары басқармасы нақтылай келе 10 мың гектардан асырып жіберді. Енді соның 9 822 гектары ұзақ мерзімге 237 жер пайдаланушыларға беріледі, 596 гектары мемлекеттік орман қорына алынады.
Солтүстік Қазақстан облысы