• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 15:07

Бектенов: Жасанды интеллект технологияларын дамыту – Үкіметтің басты міндеті

50 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген міндеттер аясында отандық IT-компаниялардың өкілдерімен кездесті. Кездесуде білім беру, спорт және өнеркәсіп бағыттарындағы жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамыту және қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық Paradigm Shift (CodiPlay) компаниясының өкілдері өздерінің жаңа бастамалары туралы баяндады. Компания әзірлеген AI Kitap жобасы – бұл мектеп пәндері бойынша әр оқушының деңгейіне қарай оқу материалын лайықтауға арналған, прогреске талдау жасайтын және білімдегі олқылықтарды анықтайтын цифрлық оқулық. Қазір оның жұмыс нұсқасы дайындалып, AITU жүйесімен интеграция жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, OlympIQ атты спорт саласына арналған технологиялық платформа таныстырылды. Бұл жүйе спортшылар мен ұйымдардың аналитикалық, медициналық және ұйымдастырушылық деректерін жасанды интеллект арқылы өңдейді. Қазір жоба бойынша жол картасы әзірленіп, алғашқы прототиптер дайындалған.

Премьер-министрге бұл екі жобаны пилоттық режимде енгізу жоспарланған мектептер мен спорт федерацияларының тізімі де ұсынылды.

«Жасанды интеллект технологияларын дамыту – Үкіметтің басты міндеті. Біз отандық компаниялардың өнімдерін жан-жақты қолдауға дайынбыз», деді Олжас Бектенов.

Кездесу барысында сондай-ақ өндірістік процестерді оңтайландыруға, энергетика мен көлік салаларының тиімділігін арттыруға бағытталған технологиялық шешімдер де сөз болды. Компания өкілдері өндірістегі шығындарды азайтып, тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйелердің әзірленуі жайында баяндады.

Кездесу қорытындысында Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға IT-мамандардың ұсыныстарын мұқият қарап, жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.