• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бюджет Кеше

AMANAT: Бюджет тұрақтылығы – Президент тапсырмаларын жүйелі жүзеге асырудың нақты нәтижесі

50 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиыны барысында халық қалаулылары «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларын қарады. Депутаттар Президенттің сайлауалды бағдарламасының, Жолдауларының, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлаушыларға берген уәделерінің орындалуын қаржыландыру жөнінде мемлекеттік органдардың жоспарын тыңдады.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қаралған заң жобалары еліміздің алдағы үш жылдағы даму бағытын айқындайтынын ерекше атап өтті. Инфрақұрылымдық жобаларға, өңірлерді дамытуға, бизнесті қолдауға және өзге де бағыттарға қомақты қаражат бөлінуде. Үш жылдық бюджет айқын әлеуметтік бағытты сақтап отыр. Депутаттық корпус пен құзыретті мемлекеттік органдар бюджет қаражатының тиімді әрі уақтылы игерілуін мұқият қадағалауға тиіс, әр теңге халықтың игілігі мен еліміздің дамуы жолында жұмсалуы керек.

«Экономикада нақты өсімі бар, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет азаматтар алдындағы өз әлеуметтік міндеттерін толық орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Сондықтан республикалық бюджет жобасын қолдағанымыз жөн деп білемін. Президент Жолдауы, оның сайлауалды бағдарламасы және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы қаржымен қамтылып, толық жүзеге асырылуға тиіс. Бұл – «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің халық алдындағы ортақ жауапкершілігі», – деді Ерлан Қошанов.

Партия Төрағасы бюджет жобасы айтарлықтай тұрақты екенін атап өтті. Жыл басынан бері халықаралық резервтер (алтын-валюта резерві және бағалы қағаздар) 25%-ға өсіп, 57 млрд АҚШ долларына жетті. Ұлттық қордың көлемі 62 млрд АҚШ долларын құрады. Биыл 9 айда ЖІӨ өсімі 6,3%-ды құрады. Қол жеткізген барлық жетістік – Мемлекет басшысының фискалдық саясатты жетілдіру саласындағы тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырудың нақты нәтижесі. Енді әр отбасы, әр адам өң өзгерісті сезінуі керек.

Сонымен қатар Мәжіліс Спикері бюджет қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелерге және Үкімет болашақта жұмысты жандандыруы қажет бағыттарға тоқталды. Атап айтқанда, көлеңкелі экономикамен күресті күшейту, бюджет тәртібін қатаңдату, жобалау-сметалық құжаттаманы уақтылы дайындау, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» және «Келешек мектебі» жобаларын қаржыландырудың жеткіліксіз көлемі мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ ол жергілікті бюджеттердің резервін дұрыс пайдаланудың маңызына назар аударды. Олар жыл қорытындысы бойынша кіріс жоспарын айтарлықтай асыра орындайды.

«Ең алдымен, бұл қаражатты бастау алған жобаларды аяқтауға жұмсау керек. Одан өзге мақсаттарға жұмсауға болмайды. Жергілікті бюджеттер өз дербестігін түсінуге тиіс және орталықтан үнемі көмек сұрай бермеуі керек. Тағы бір резерв – бұрын басталған жобаларды қайта қарап шығу. Олардың арасында кейінге қалдыра тұруға болатын мақсаттар болуы мүмкін. Қаражатты қай тұста үнемдеп, өзге салаларға бағыттауға болатынын тұрғындардың өздері-ақ көріп, айтып отыр», – деді Мәжіліс Спикері.

Депутаттар алдында сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері жыл сайын 2,77 трлн теңге көлемінде айқындалғанын атап өтті. Вице-премьер «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қол жеткізілген нәтижелерге де тоқталды. Мәселен, биыл 32 аудандық аурухананы материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтауға 35,1 млрд теңге қарастырылған, ЖОО студенттерінің шәкіртақысы 100%-ға өсті, 2,8 мың жас маманға жеңілдікпен ипотека беруге 25 млрд теңге қарастырылған, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 2 есе өсті және тағы басқа.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылға арналған республикалық бюджет кірісі 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанатынын айтты. Ал келесі жылы бюджет шығыны осы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғайып, 27,8 трлн теңгені құрайды деп жоспарлануда. Солай бола тұра, 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге қаражат бағыттау жоспарлануда, оның 6,8 трлн теңгесі – әлеуметтік төлемдер, ал 3,6 трлн теңге – білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты шығындар.

Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева бұл бюджеттің басты ерекшелігі – тұрақтылық пен қабылданған міндеттемелерді орындау қажеттілігі арасындағы қатаң тепе-теңдік екенін атап өтті. Жалғасы жоқ немесе жобалық әзірлігі расталмаған барлық бастама бюджеттен алынып тасталды. Бұға қоса, Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тартылмайды. Енді бюджет көбіне өз кірістері есебінен қалыптасады. Бұл қадам оның макротұрақтылығын күшейтеді.

Фракция отырысы барысында Үкімет мүшелері депутаттардың бірқатар сұрағына жауап берді. Атап айтқанда, инфляцияны тежеу, сыртқы қарызды азайту, экономиканы әртараптандыру аясын кеңейту, жалпы ішкі өнімді ұлғайту, Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, инвестициялық ахуалды жақсарту және өзге мәселелер қозғалды.

Жиын қорытындысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері ұсынылған бюджеттік заң жобаларын мақұлдау және оларға Мәжілістің алдағы жалпы отырысында қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.