Албанияның Дуррес қаласында жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Еліміздің жас шахматшылары дүбірлі додадан олжалы оралды.
Чемпионатқа 84 елден 711 шахматшы жиналды. Ел үмітін арқалап барған 44 спортшы 14, 16, 18 жасқа дейінгілер арасында тартысқа түсті. Жарыс швейцариялық жүйемен өрбіп, қатысушылар 11 турда бағын сынады.
Жерлестеріміз Марк Смирнов пен Эдгар Мамедов алтын медаль олжаласа, Сауат Нұрғалиев күміс жүлде иеленді. 13 жасар М.Смирнов мүмкін болған 11 ұпайдан 9½ жинап 14 жасқа дейінгі (O14) жасөспірімдер арасында топ жарды. Өз тобындағы көшбасшы саналған қытайлық Цзян Хаочэнді (8½ ұпай) шаң қаптырып, соңғы турда Польша елінің сенімін арқалап келген Петр Бжезинді айқын ұтты. Марк 2023 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 12 жас санатында сынға түсіп, 9 партияда жеңіске жетіп, 2 қарсыласымен тең түсіп, жаһан үздігі болып танылған еді. Араға екі жыл салып сол жетістігін тағы да қайталап, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.
15 жастағы Эдгар Мамедов 11 турдан 8 ұпай жинап, 16 жасқа дейінгі (O16) жасөспірімдер арасында алтын медаль еншіледі. Сауат Нұрғалиев үндістандық Ваза Этанмен тең ұпай жинап, күміс медаль иеленді.
14 жасқа дейінгі (O14) жасөспірімдер санатында Ақылжан Мейірханұлы 9-орынға, 18 жасқа дейінгі (O18) бозбалалар арасында Алдияр Аңсат 8, Даниял Сәпенов 19-орынға жайғасты.
Қыздар сайысында 14 жас санатында (G14) бақ сынаған Мария Холявко – 8, Ханзада Аманжол – 14, Ақнұр Мамақова 17-орынды місе тұтты. 16 жасқа дейінгі (G16) қыздардың тартысында Зарина Нұрғалиева – 8, Елназ Қалиахмет 15-орынға тұрақтады.