Биыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияға 35 жыл толып отыр. Бұл құжат еліміздің ресми түрде дербес мемлекет болуына алғышарт болған алғашқы құқықтық іргетас саналды. Егемендік жариялаған сәттен бастап ел өз заңдарының үстемдігін бекітіп, сыртқы саясатты дербес жүргізу құқығына ие болды. Осы тарихи белестің мәні мен оның дипломатия құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі жөнінде мемлекет қайраткері, Төтенше және өкілетті елші Икрам Адырбековпен сұхбаттасқан едік.
– Икрам Адырбекұлы, биыл еліміздің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толады. Сол кездегі елдің саяси ахуалына үңілсек, аталған декларация тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаған алғашқы құқықтық акт еді. Осы тарихи құжаттың мәні мен маңызын сіз қалай бағалайсыз?
– Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы еліміздің толыққанды тәуелсіз мемлекетке айналу жолындағы алғашқы әрі аса маңызды құқықтық негіз болды. Әрі батыл және ресми кеңес жүйесі аясында болса да, республика өз заңдарын қабылдауға, ішкі және сыртқы саясатты жүргізуге құқығы бар екенін жария етті. Декларацияда Қазақстан Конституциясы мен заңдарының республика аймағында үстемділігі бекітілді. Сонымен қатар еліміз өз табиғи ресурстары мен экономикалық-әлеуметтік әлеуетіне толық ие екенін жариялады. Ұлттық мәдениет, тіл, дін мәселелерінде дербес саясат жүргізетінін мәлімдеді. Республикамыз басқа мемлекеттермен тікелей халықаралық қарым-қатынас орнатуға ұмтылатынын білдірді. Бұл кейін Біріккен Ұлттар Ұйымына, басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болуға жол ашты. Ел тарихында тұңғыш рет демократиялық құқықтық мемлекет құру ел дамуының негізгі мақсаты ретінде жарияланды. Сол арқылы елде азаматтық қоғамның қалыптасуына негіз қаланды. 1991 жылы 16 желтоқсандағы «Тәуелсіздік туралы» конституциялық заң осы Декларация негізінде қабылданды. Яғни бұл құжат Қазақстанның шынайы тәуелсіз мемлекет болуына апаратын құқықтық және саяси іргетасы іспетті. Сонымен қатар егемендіктің алғашқы батыл қадамы болған демократия халық арасында ұлттық сана-сезімді оятты, азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттырды. Еліміздің толық тәуелсіз мемлекет болатынына деген сенімді нығайтты. Сол себептен 25 қазан – Республика күнінің ұлт, мемлекет тарихындағы орны, маңызы ерекше.
– Егемен ел болғаннан кейін ең алдымен сыртқы саясат дербестігіне қол жеткіздік. Сол алғашқы жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағыттары қандай болды?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық аренада ортада танылуы, мойындалуы, орнығуы, бейбіт әрі көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуі негізгі мақсат болды. Соның нәтижесінде 1991–1993 жылдары елімізді әлемнің жүзден аса елі ресми танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді. Ал Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы 2 наурызда мүше болып қабылданды. Сонымен қатар әлемдегі беделді, ықпалды инвестициялық мүмкіндіктері жоғары елдерде Қазақстанның елшіліктері ашылып, жұмыс істей бастады. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап көпвекторлы сыртқы саясат ұстанды. Яғни Батыс, Шығыс, Ресей, мұсылман елдері, Азия елдерімен тең деңгейде қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтты. 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 1994 жылы еліміз ядролық қарудан толық бас тартты. Аса қуатты ядролық қаруы бар төртінші ел бола тұра, бейбіт жолды таңдадық. Сол қадамы арқылы Қазақстан ядролық қару ұстанудың үлгісіне айналды. Халықаралық қауымдастықтың құрметіне, зор сеніміне ие болды. Мемлекеттік шекара туралы Ресеймен, Қытаймен, Орта Азия елдерімен бейбіт жолмен түсіністік пен сыйластықты негізге ала отырып, арнайы келіссөздер жүргізіп, толық шешімге қол жеткіздік. Шекара бойында бейбітшілік белдеуін орната алдық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қысқа мерзімде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа елдерімен сауда-экономикалық байланыстар жолға қойылды. Сыртқы саясатта елге шет мемлекеттерден инвестиция тарту басты мақсатқа айналды. Еліміздің табиғи ресурстарын игеруге белгілі шетел компаниялары тартыла бастады. Атқарылған жұмыстар мемлекеттің халықаралық қоғамдастықта бейбітшіл, жауапты және сенімді серіктес ретінде қалыптасуына, жоғары беделге ие болуына жол ашты. Осындай ауқымды маңызды істерді жүзеге асыру барысында елдің дербес кәсіби дипломатиялық жүйесі қалыптасты.
Алғашында Кеңес одағының дипломатиялық саласында қызметте жүрген тәжірибелі ұлттық кадрлар елге шақырылып, жауапты лауазымдарға тағайындалды. Олардың тәуелсіз мемлекетіміздің дипломатиялық әлеуетін, дәрежесін, кәсібилігін арттыруға қосқан үлесі өлшеусіз.
– Қытайдағы елші ретінде сіз аймақтық саясат пен экономика бағытында да белсенді жұмыс істедіңіз. Сол кезеңнен есте қалған маңызды оқиғаларды еске бір түсірсеңіз.
– Өткенді еске алсақ, мен шындығында 2007–2011 жылдары Қытай Халық Республикасында Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқардым. Сол елдегі және екі мемлекет арасындағы көптеген маңызды оқиғалардың куәсі болдым. Бұл кезең Қытайдың әлемдік аренада беделінің артып, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауымен ерекшеленеді.
2008 жылы Қытай алғаш рет жазғы Олимпия ойындарын өткізді. Еліміз осы Бейжіңдегі жазғы Олимпиаданың табысты да сәтті өтуіне ерекше қолдау көрсетті. Оны бүкіл Қытай халқы жоғары бағалады, ризашылығын білдірді. 2010 жылы 1 мамыр–30 қазан аралығында Шанхайда дүниежүзілік көрме ұйымдастырылды. Оған 192 мемлекет қатысты. Оған адамзат тарихындағы ең ірі халықаралық көрме болды деген баға берілді. Еліміз бұл көрмеге «Қазақстан – болашақтың энергиясы» деген ұранмен қатысып, елдің жетістіктері мен болашақ әлеуетін 7 миллионнан аса келушілерге таныстырды.
Қытай мен Қазақстан ішкі тұтыну нарығына баса назар аударуға көшті. Қаржылық дағдарыстан зардапсыз жаңа тәжірибе жинақтап шыққан Қытай компаниялары Қазақстанның мұнай-өнеркәсіп салаларына қызығушылық танытып, көлемді инвестиция сала бастады. Елшілік әрдайым трансшекаралық өзендер мәселесіне ерекше маңыз беріп отырды. Тиісті мемлекеттік органдармен нақты жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде 2011 жылы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау туралы алғашқы ресми келісімге қол қойылды. Қытай мемлекеті басқа көрші елдермен трансшекаралық өзендерге байланысты құжаттарға қол қоюға асықпайтынын байқасақ, бұл – оңды жетістік. Ендігі мақсат – сол өзендердегі суды бөлісу туралы құжатқа қол қою. Осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатқаны белгілі.
– Сіз Сенатта жұмыс істеген жылдары халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік мәселелеріне де араластыңыз. Тәуелсіз елдің қауіпсіздік саясаты қалай қалыптасты?
– Конституцияға сәйкес, халықаралық келісімдер мен шарттарды бекіту, ратификациялау – Парламенттің, соның ішінде Сенаттың да міндеті. Сонымен қатар халықаралық парламенттік ұйымдармен ынтымақтастық орнату арқылы парламенттік дипломатияны жүргізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның бейбіт бастамалары мен сыртқы саяси ұстанымдарын халықаралық мінберде насихаттауға мүмкіндік пайда болады. Мысалы, мен жетекшілік еткен Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері, сенаторлар заң шығарушылық қызметімен бірге тұрақты түрде ТМД Парламенттік Ассамблеясының, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассемблеясының және тағы басқа халықаралық парламенттік ұйымдардың жұмысына белсене қатысып отырды. Сол ұйымдарда елдің мүддесін қорғап, беделін, ықпалын арттыруға өз үлесін қосты.
– Бүгінде сіз – Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесісіз. Түркі ынтымақтастығының дамуы Қазақстан үшін нені білдіреді деп санайсыз?
– Түркі Мемлекеттері ұйымы – біздің ел үшін тарихи, мәдени, саяси және экономикалық тұрғыдан ерекше маңызды халықаралық ұйым. Еліміз – осы ұйымның негізін қалаушы және белсенді мүшелерінің бірі. Болашақтағы ұйымның стратегиялық маңызын жақсы түсінеді. Өйткені Қазақстан халқы – түркі дүниесінің ажырамас бөлігі. Ортақ тіл, дін, әдет-ғұрып пен тарихи терең тамыр ұлтымызды басқа түркі елдерімен рухани және мәдени тұрғыда жақындастырады, бауырлас халық ретінде қарастырады. Сол себептен де еліміздің сыртқы саясатында түркі елдерінің интеграциясы маңызды бағыттың бірі ретінде айқындалған. Түркі мемлекеттері ұйымы балама дипломатиялық платформа ретінде Ресей, Қытай мемлекеттерімен, Батыс елдермен арадағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік туғызады. Бүгінде түркі мемлекеттерінің жалпы нарығы 160 миллион адамнан асты. Бұл – Қазақстан үшін үлкен тұтыну аймағы нарығы, инвестициялық әлеует, жаңа мүмкіндік бағдар. Әсіресе түркі мемлекеттері аясында Транскаспийлік халықаралық орталық дәліздің болашағы зор. Бұл транспорттық-транзиттік инфрақұрылымның елімізде дамуына айрықша серпін береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»