• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 19:47

Құлсарыда жасөспірімнің өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды

50 рет
көрсетілді

Атырау облысындағы Құлсары қаласында шілдеде автобус пен мотоцикл соқтығысқан. Жол апатының салдарынан кәмелетке толмаған жасөспірім ауруханада көз жұмған еді, деп жазады Egemen.kz.

Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) қылмыстық іс қозғалған еді. Аталған іс Жылыой аудандық сотында қаралды.

«2025 жылғы 7 шілдеде Құлсары қаласында автобус жүргізушісі О. көше қиылысында жол белгісін елемей, кәмелетке толмаған Б. айдап келе жатқан мотоциклмен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Жол апатының салдарынан кәмелетке толмаған Б. есін жимастан ауруханада қайтыс болған», деп хабарлады аудандық соттан.

Прокурор айыпталушыға 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Жәбірленушінің өкілі заң талаптарына сәйкес жаза беруді сұрады. Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамаған.

«Сотталушының асырауында жас балаларының бары, бұрын сотталмағаны жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Жүргізуші О. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», деп мәлімдеді Жылыой аудандық сотынан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.