• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:14

Қазақстандағы ең бойшаң сарбаз теңіз жаяу әскерінде қызмет етіп жүр

50 рет
көрсетілді

«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасында Қазақстан Қарулы Күштері тарихындағы ең бойшаң әскери қызметші — қатардағы сарбаз Әлішер Назымбек қызмет атқарып жүр. Оның бойы — 2 метр 9 сантиметр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлішер Ақмола облысының Жарқайың ауданына қарасты Далабай ауылында дүниеге келген. Назымбек әулетінде алты бала бар. Ерекше бой-бітім нағашы атасынан дарыған. Бала кезінен-ақ Әлішер қатарластарының арасынан бойымен ерекшеленген. 

Әскерге шақырылмас бұрын Әлішер Көкшетау жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол волейбол және кикбоксингпен белсенді түрде айналысып, бірнеше рет колледж намысын республикалық жарыстарда қорғаған.

«Мен бала күнімнен теңіз жаяу әскеріне баруды армандадым. Мұнда іріктеу қатаң екенін білдім, бірақ спортпен айналысқанымның арқасында бәрін еңсеремін деп сендім. Әскерден кейін әскери училищеге түсіп, офицер болғым келеді. Сондай-ақ Құрмет қарауылы ротасына қабылдансам деймін — бойым оған сай келеді деп ойлаймын», дейді Әлішер.

Теңіз жаяу әскерінде ең төзімді және физикалық тұрғыдан дайын сарбаздар қызмет етеді. Мұнда бұған дейін де бойы ұзын әскери қызметшілер болған — Денис Балюк (2 м 8 см) және Азат Мұхамеджанов (2 м 4 см). Енді жаңа рекорд Әлішер Назымбекке тиесілі — ол Қазақстан армиясы тарихындағы ең бойшаң сарбаз атанды.