• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қазан, 2025

Алматыдағы №4 кітапханаға Мұхтар Әуезовтің есімі берілді

0 рет
көрсетілді

Салтанатты рәсім қалалық әкімдік пен Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Іс-шараға елдің мәдениет пен әдебиет саласының көрнекті өкілдері қатысты. Сонымен қатар «Мұхтар Әуезовтің Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қатысушыларға жазушының немересі Зифа-Әлуа Әуезова бейнежолдау арқылы құттықтау білдірді. Сонымен қатар көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның бұрын жарық көрмеген «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты еңбегінің тұсауы кесілді.

«Бұл Әуезов тәрізді сөз алыбының рухына мәңгілік тағым ете беруге тиіс екенімізді көрсетеді. Әуезовтің аты жүрген жердің бәрі киелі деп тағзым ете беру ләзім деп ойлаймын. Бүгінгі іс-шара құтты болсын, ағайын!»  деді Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай.

№4 кітапхана-бөлімшесі – Алматы қаласындағы ең ірі және жетекші кітапханалардың бірі. Кітап қоры 34 000 дананы құрайтын, ал жылдық келушілер саны 350 000-нан асатын кітапханаға Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін беру – руханият жанашырлары үшін үлкен қуаныш. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Алматының күретамыры іспетті Абай даңғылының бойында орналасқан осынау парасат ордасына ұлы қаламгеріміздің есімі берілуі тектен-тек емес емес екенін айтты.   

«Бұл орын ұлы жазушының мұрасын ұлықтап қана қоймай, ұлттық әдебиет пен мәдениетті жаңа деңгейге көтеретін рухани орталыққа айналады. Мұхтар Әуезовтің мұрасы — халқымыздың рухани байлығының алтын тірегі. Осындай орталықтар бұл байлықты келер ұрпаққа жеткізетін сенімді көпір болмақ», деді   Мереке Құлкенов.

Салтанатты шарадан соң аталған кітапхана ғимаратында «Мұхтар Әуезов­тің Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнертану институтының директоры Кенжехан Матыжанов жүргізді. Жиын барысында М.Әуезовтің немересі, шығыстанушы және түркітанушы Зифа-Алуа Әуезованың онлайн-құттықтауы тыңдалып, ақын әрі дипломат Олжас Сүлейменовтің атынан қызы Мәдина Сүлейменова сөйледі. Сонымен қатар кітапханаға Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің жеке кітапханасынан кітаптарды сыйға тарту рәсімі өтті.

Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ашылуы Алматының мәдени өміріндегі елеулі оқиға болмақ, ол бірнеше буынды – оқырмандарды, және ұлы жазушы шығармашылығын қадірлейтін жандарды біріктіріп, жаңа мәдени кеңістікке айналмақ.

Алматы