• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:50

Ұлт тағдырын айқындаған таңдау

10 рет
көрсетілді

80-жылдардың соңында кеңес одағы саяси және экономикалық тұрғыдан күйреу алдында тұрды. Одақтың ішкі құрылымы әлсіреп, түрлі саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыс тереңдей түсті. Жер-жерде халық толқулары орын алып, ұлттық сана-сезім оянды. Біздің еліміз де бұл үдерістен шет қалмады.

Қазақ зиялылары, жазу­шы­­лар, ғалымдар мен қоғам қай­раткерлері ұлттық мүдде мен мемлекеттілік туралы ойларын ашық айта бас­тады. Бірқатар қоғамдық-демо­кра­тиялық қоз­ғалыс пайда болды. Қоғамымызда егемендік, тіл, діл, дін сынды мә­се­лелер алғаш рет ашық тал­қы­­ланды.

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияда көтерілген Қазақ КСР заңдарының бүкіл аумақта үстем болуы, ішкі және сыртқы саясатты дербес жүргізу құқығы, экономикалық дербес­тік, жер мен табиғи ресурстардың рес­публика меншігі екенін мойын­­дау, адам құқығы мен еркін­­дігінің басымдығы, мемле­кет­тік тіл ретінде қазақ тілінің мәр­тебесін бекіту, өзінің қару­лы күштерін, ішкі істер және қауіпсіздік органдарын құру құқығы, ұлттық валютаны ен­гізу мүмкіндігі – барлығы бұ­рын-соңды айтылмаған батыл мә­лім­демелер еді. Осы құжат ар­­қылы қазақ халқы өзіне жауап­кершілік алуға, өзіне сенуге бекем бел буды. Ең бастысы – ел аумағындағы халықтың еркі ең жоғары күш ретінде танылды. Бұл қағидалар тек заңдық нормалар емес, елдің алдағы даму бағытын, стратегиялық басым­дық­тарын көрсеткен саяси бағдар болды.

Декларация қабылданған ­соң, тәуелсіздіктің іргесін қала­ған бірқатар маңызды оқиға орын алды. 1991 жылдың 1 желтоқ­са­нын­да Қазақстан тарихын­да тұңғыш рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті. 1991 жылдың 16 желтоқсанында елі­міз Тәуелсіздігін жариялады. 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болды. 1993 жылы алғашқы Конституция қабылданып, ал 1995 жылғы жаңа Конституция – декларациядағы идеялардың толық жүзеге асқан, жүйеленген нұсқасы ретінде тарихта қалды.

Барлық осы тарихи үдеріс­тердің бастауы – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған деклара­цияда жатыр. Бұл болашақ тәуел­сіз мемлекеттің негізгі қағи­дат­тарын, даму бағдарын белгі­леп берді. Маңызды құжат қабыл­дан­ған күн мен бүгінгі күн ара­лығында еліміз орасан зор жетіс­тіктерге жетті. Халықаралық қауым­дастықтың толыққанды мүше­сіне айналды. Бейбітшілік пен тату­лықты басты құндылық етіп ұстанған мемлекет ретінде әлемге танылды.

Экономика, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен ғылым салаларында көптеген рефор­ма іске асырылды. Елдегі  қазақ халқы мен басқа да этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүруі – басты жетіс­тіктің бірі. Бұл – егемен елдің кемел болашағының кепілі.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылдан бас­тап Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған 25 қазан Республика күні ретінде қайта жаңғырып, ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Мемлекет басшысының бұл күнді қайта жаңғыртуы – ұлттық тарихымызды ұлықтауға, егемендік идеясын қоғам санасына терең сіңіруге бағытталған маңызды қадам.

Келешектің кілті – жастардың қолында. Олар тәуелсіздікпен бірге дүниеге келіп, жаңа мем­лекетті қалыптастырып жатқан буын. Оларды патриоттық рух­та тәрбиелеу, ұлттық құнды­лық­тарға баулу – басты міндетіміз­дің бірі. Бұл – баршамыздың қасиет­ті борышымыз.

Осы орайда жастарға өзі­нің тарихын, мәдениетін және мемлекеттілік негіздерін, тәуел­сіздіктің ең басты құндылығы­мыз екенін кеңінен түсіндіру, «отан», «ел», «жер», «ұлт», «халық» деген қастерлі ұғымдарды санасына құю, жүрегіне ұялату маңызды. Президент орталығының бас­ты миссиясының бірі де – осы. Орталықта жастардың азамат­тық ұстанымын қалыптастыру­ға, олар­дың тұлғалық және кә­сіби дамуы­на ықпал ететін көш­бас­шылық қасиеттерін дамытуға бағытталған мәдени және білім беру жобалары жүзеге асырылып келеді. Бұдан былай да, еге­мен еліміздің еңсесі биік, қасиетті жеріміздің шекарасы бекем, бауырмал халқымыздың мерейі үстем, ұрпағымыздың бола­шағы айқын болуына Мемлекет басшысының көрсеткен бағы­тынан танбай, қызметімізді жал­ғастыра беретінімізге сенім­діміз.

 

Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ,

Президент орталығының директоры, саяси ғылымдар кандидаты