Республика күні қарсаңында Астанадағы ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу жайы» атты еңбегі негізінде ашық республикалық диктант өтті. Шараға жүзге жуық әскери қызметші қатысып, мемлекеттік тілге деген құрмет пен сауаттылықты арттыру мақсатын көздеді, деп жазады Egemen.kz.
Диктанттың басты мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттау, жазбаша сауаттылықты дамыту және ұландықтардың тіл білуге деген ынтасын арттыру болды.
«Диктант өткізудің арқасында біз мемлекеттік тілді білу әрбір әскери қызметшінің кәсіби және мәдени даярлығының ажырамас бөлігі екенін тағы да дәлелдедік. Мұндай іс-шаралар тілге деген қызығушылықты күшейтіп, жеке құрамның сауаттылығын арттыруға ықпал етеді», деді бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі майор Әсемгүл Мұхамедрахимова.
Іс-шара алдында «Тіл – қазына» ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай мен Халықаралық Қазақ тілі қоғамының атқарушы директоры Сайлаухан Абылай қатысушыларға арнайы үндеу жолдады. Олар тілдің Тәуелсіздік пен халық бірлігінің басты нышаны екеніне назар аударды.
Диктант арнайы жабдықталған оқу сыныптарында өтті. Қатысушылар патриоттық мазмұндағы мәтінді тыңдап, жазбаша түрінде орындады.
Айта кетсек, шара соңында қатысушыларға электронды алғыс хаттар мен кітап қосымшасына тегін жазылымдар табысталды.
Әскери қызметшілердің «Ұлттық диктант» республикалық жобасына қатысуы – білім сынағы ғана емес, Отан қорғаушылар арасындағы тіл мәдениетін дамытуға қосылған үлес болды.