Өткен оқу жылында озат оқушыларымыз халықаралық білім додаларында орасан жетістікке қол жеткізді. Барлығы 1720 оқушы 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль иеленді. Оның ішінде 193 алтын, 349 күміс және 464 қола медаль бар. Яғни, әрбір екінші қатысушы жүлдегер атанып отырған, деп жазады Egemen.kz.
Дарынды оқушыларымыз әлемдегі ең беделді 7 олимпиадада 27 жүлдені еншілеген. Олар 4 алтын, 13 күміс, 10 қола медальға қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатты. Бұл – өткен жылғы нәтижелерге қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтің айтуынша, ұлттық құрама Халықаралық ғылыми физика олимпиадасында (ISPhO) – абсолютті чемпион атанса, халықаралық география олимпиадасында (IGeO) командалық есепте 2-орынға шықты. Оған қоса, Балқан математикалық олимпиадасында үздік үштіктен көрініп, First Global Challenge әлемдік робототехника чемпионатында үш мәрте жеңімпаз атанды.
«Халықаралық аренадағы оқушыларымыздың жетістіктері де мақтан тұтарлық. Мәселен, Астана қаласының 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «Ең үздік қатысушы» атанды. Маңғыстау облысының 10-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев Азия-Тынық мұхиты аймағының «Үздік лингвисі» деп танылды. Ал Шығыс Қазақстан облысының оқушысы Алдияр Амангелді Орталық Азияның «Үздік информатигі» атағына ие болды. Осының бәрі оқушыларымыздың әлемдік аренадағы биік зияткерлік әлеуетін көрсетеді», деді ол.
Дарынды балаларды қолдауға қатысты тағы бір айрықша маңызды жаңалық – тамыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен Ақордада кездесті. Президент 7 беделді халықаралық сайыста оза шапқан 27 жүйрікті арнайы шақырып, қабылдады. Президент әрбір жеңімпаздың артында тұрған ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін ерекше атап өтті. Бұл жүздесу жас таланттарға үлкен шабыт сыйлағаны рас.
«Мемлекет басшысының қолдауымен 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы тағайындалып келеді. Атап айтқанда, алтын медаль иегерлеріне – 1500 АЕК-ке дейін (5 898 000 тг); күміс медаль иегерлеріне – 1000 АЕК-ке дейін (3 932 000 тг); қола медаль иегерлеріне – 500 АЕК-ке дейін (1 966 000 тг) сыйақы беріледі. 2025 жылы олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам біржолғы сыйақы берілді. Мемлекеттік қолдау тек оқушыларға ғана емес, олардың жетекшілеріне де бағытталған. Елордада өткен «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық Тамыз конференциясында Президент алғаш рет халықаралық жеңімпаздарды дайындаған ұстаздарға мемлекеттік наградалар табыс еткенін де атап өту қажет», деді Қаныбек Жұмашев.
Жиын барысында комитет төрағасы халықаралық зияткерлік конкурстарда бақ сынайтын оқушыларды дайындауға зерттеу және оқытушылық тәжірибесі бар ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлар шақырылатынын атап өтті.
«Сондай-ақ, қазіргі буынды даярлауда бұрын республикалық және халықаралық олимпиадаларда көк байрағымызды желбіреткен жас дарындарымыздың еңбегі зор. Олар оқушыларға оқу-жаттықтыру жиындарын өткізіп, олимпиадалық тапсырмаларды шешуді үйретеді, эмоционалды интеллект, стреске төзімділік бойынша психологиялық тренингтер өткізеді. Мемлекет басшысы жастарға жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылдады. Осылайша, дарынды да талапты жастарға қолдау арта түсті», деді Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Ғаждембек Тұрсынов өз баяндамасында министрліктің білім алушыларға бастауыш сыныптан бастап жан-жақты қолдау көрсетіп келетіндігіне тоқталды.
«Ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиадаға биыл 125 мыңнан астам бала тіркелді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың республикалық олимпиадалар мен байқауларға қатысуы соңғы үш жылда он есе өсті. 2025-2026 оқу жылында Президент Жолдауына сәйкес білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу аясында AEROO Space AI Competition атты инженерлік жарыс өткізіледі. Бұл жоба жас ұрпақтың ғылыми-шығармашылық әлеуетін арттыруға тың серпін береді. Хабар агенттігімен бірлесе жүзеге асырылған «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, биыл өз жалғасын табады. Осы сайыстың қорытындысы бойынша 2025 жылы үш жеңімпаз жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, 2025 жылдың тың бастамаларының бірі - «Келешек мектептері» оқушылары үшін робототехникадан олимпиада ұйымдастыру. Бұл жоба инженерлік білімді дамытуға және оқушылардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға ықпал етпек», деді Ғ.Тұрсынов.
Сонымен қатар брифингте «Үркер» білім беру орталығы туарлы айтылды. Заманауи үлгідегі орталық Алматы қаласында салынады. Мұнда оқушылар халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа білім беру бағдарламалары арқылы ғылыми-зерттеу және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алады. Орталықта математика, физика, химия, биология, информатика салаларында ғылыми мектептер мен зертханалар, стартап-инкубаторлар құрылып, робототехника, жасанды интеллект, биотехнология сияқты салалар бойынша ірі халықаралық компаниялармен серіктестік жобалар жүзеге асады. Одан бөлек, музыка, бейнелеу өнері, кино, театр және ұлттық өнерді дамытуға жағдай жасалады.
«Оқу-ағарту министрлігі дарынды оқушылар мен педагогтарды қолдауға бағытталған SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. SMART Daryn бірыңғай тестілеу жүйесін қалыптастырып, олимпиадалар мен конкурстарды тіркеуден бастап қорытынды нәтижелерге дейінгі барлық процесті автоматтандырады. Жаңа жоба оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ білім беру процесіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге арналған маңызды қадам. Платформаның басты ерекшелігі – прокторинг жүйесін пайдалана отырып олимпиадалар мен конкурстарды онлайн форматта ұйымдастыру. Бұл әдіс зияткерлік сайыстардың әділ және ашық өтуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, SMART Daryn қатысушыларға тәжірибелі тренерлерден кеңес алу, онлайн-оқыту арқылы білім мен дағдыларды жетілдіру, интеллектуалдық жарыстарға сапалы дайындалу мүмкіндіктерін ұсынады», деді Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.