Қытай Халық Республикасы киберқауіпсіздік туралы заңға түзетулер енгізіп, цифрлық саланы және жасанды интеллектіні (ЖИ) реттеудің құқықтық негізін күшейтті. Бұл шешім 18-ші Бүкілқытай халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Жаңартылған заң жобасы жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі тұрақты дамытуға жағдай жасауға бағытталған. Құжатта ЖИ саласындағы іргелі зерттеулерді қолдау, негізгі технологияларды соның ішінде алгоритмдерді жетілдіру, сондай-ақ заманауи инфрақұрылым, дерекқорлар мен есептеу жүйелерін дамыту көзделген.
Сонымен қатар, заң жобасында этика мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Құжат жасанды интеллектіні жауапты қолданудың стандарттарын жетілдіру, тәуекелдерді мониторингтеу мен бағалау тетіктерін енгізу, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы бақылауды күшейту қажеттілігін бекітеді.
Реформаның тағы бір маңызды бағыты киберқауіпсіздік саласындағы заңдық жауапкершілікті күшейту және жаңа нормаларды ҚХР-дың өзге заңдарымен сәйкестендіру.
Жаңартылған түзетулер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, Қытайдың қолданыстағы киберқауіпсіздік туралы заңы алғаш рет 2016 жылы қабылданған болатын.