• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға 24 Қазан, 2025

Жас ғалымдарға пәтер кілті табысталды

0 рет
көрсетілді

Республика күнінде 16 жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жас ғалымдардың өмір сапасы мен әлеуметтік әл-ауқаты Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтті.

«Ғылым тек идея мен ізденістен ғана тұрмайды, бұл тұрақты қолдау мен қолайлы жағдайды да қажет етеді. Бүгін Ұлттық мереке қарсаңында 16 жас ғалымға пәтер кілттері табысталып жатыр. Бұл – мемлекетіміздің жас зерттеушілерге көрсетіп отырған жүйелі қолдауының және ғылым саласын дамытуға деген берік ұстанымының айқын көрінісі. Сондай-ақ бүгін Президент Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы 2025 жылғы мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Отандық ғылымның дамуына серпін беріп жүрген көрнекті тұлғалардың еңбегі лайықты бағаланып, олардың жетістігі жас буынға өнеге, ел абыройының айғағына айналды», деді С.Нұрбек.

Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру үшін Комиссия Алматы қаласында баспана беру үшін ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарының кезекті тізімін айқындады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Министрлік бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Негізгі мақсат – жас ғалымдарға қолайлы әлеуметтік жағдай жасау арқылы олардың ғылыми әлеуетін арттыру және ғылыммен тұрақты айналысуға ынталандыру. Жас ғалымдар санының артуы елдегі ғылыми-зерттеу қызметінің сапасы мен тиімділігін көтеріп, инновациялық идеялар мен жаңа технологиялардың дамуына серпін береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ғылым мен жоғары білім саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 482 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды.