• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Байқау Кеше

Заң мен тіл тоғысқан алаң

30 рет
көрсетілді

Заң тілі оны оқитын, пайдаланатын әр аза­матқа түсінікті, он­дағы құқықтық норма тайға таңба басқандай анық та айқын болуға тиіс. Бірақ алдымен ресми тілде әзірленіп, кейін қазақшаға аударылатын кейбір заң мәтіндерінің көңіл көншітпейтіні белгілі. Осы ол­қылықтың орнын тол­­тыруды көздеген «Заңғар заңгер» атты респуб­­ликалық байқау биыл да жоғары деңгейде өтті.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі Тіл саясаты комитеті мен Maqsut Narikbayev Uni­versity өткізген бұл сайысқа бірнеше жоғары оқу орны­ның студенттері қатысты. Олар құқық саласындағы түрлі тап­сырманы орындап, заң тұрғысынан талдау жасады. Әсіресе шығармашылық кезең ерекше тартысты өтті. Бұл кезеңде студенттер заң тақырыптарын заманауи әлеу­меттік жағдайлармен бай­ланыстыра отырып, ұтқыр жауап беруге тырыс­ты. Байқау барысында қазақ және орыс тілінде берілген заң баптары өзара салыстырылып, сәйкессіздіктер анық­талды, сондай-ақ командалар тарапынан ұсыныстар айтылды. Осылайша, сту­денттер заңның халыққа қызмет етуі үшін оның мәтіні дұрыс әрі түсінікті болуына тағы бір мәрте көз жеткізді.

«Бұл байқау үлкен тәжірибе алаңы болды. Тео­риялық білімімізді нақты заң нормалары арқылы талдап, оны көпшілікке ұғынықты етіп жет­кізуге тырыстық. Әсіресе аударылған заң мәтіндерін түп­нұсқамен салыстыру бары­­сын­да бір сөздің өзі үлкен рөл ойнай­тынын, оның мүлдем бас­қа мағынаға айналып кететі­нін терең сезіндік. Жұмыс дағ­ды­ларымыз артты, өз ойымызды дәлел­мен ай­туға машықтандық. Мұндай байқаулар болашақта кәсіби тұрғыдан өсуімізге айрықша серпін береді», деді сайысқа қатысушы Ахмет Әділ.

Байқау нәтижесінде 3-орын­ға Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлт­тық универси­те­тінің «Күлтегін» тобы, 2-орын­ға академик Е.А.Бөке­тов атын­дағы Қарағанды ұлттық зерттеу уни­верситетінің «ZaŋOne» тобы ие болса, ал Maqsut Narikbayev University-нің «Ке­мел заңгер» тобы жеңімпаз атанды.