Кейінгі жылдары облыс орталығында жаңадан салынған өнеркәсіптік, әлеуметтік нысандар қатары арта түсті. Бұл ең алдымен жаңадан қосымша энергия көздерін іске қосу қажеттігін көрсетті. Осы міндеттер аясында аймақта жаңа жылу электр орталығы бой көтеріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған 215 млрд теңгелік жобаның инвесторы – түріктің «AKSA Energy» компаниясы. Бүгінде инвестор орталық құрылысына 147 млрд теңгеден астам қаржы құйды.
Негізгі қондырғылары шетелден алынған орталықта қуаттылығы 180 мегаваттық 2 газ турбиналық қондырғы, 95 мегаваттық бу турбинасы, 2 бу, 4 жылу қазандығы болады. Қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді. Қазір негізгі қондырғылар жеткізіліп, орнатылып жатыр. Жұмыстың 80%-ға жуығы атқарылды. Бұдан бөлек, бюджет есебінен 15 млрд теңгеге орталыққа дейін 45 шақырым газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату стансасы салынды.
Бүгінге дейін Қызылорда қаласын жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп келген жалғыз кәсіпорын – Қызылорда ЖЭО-ның салынғанына 60 жылдан асып барады. Негізгі қондырғыларының тозығы жеткен ЖЭО ел көлеміндегі 19 апаттық стансалардың тізіміне де енгізілген. Жыл сайын кем-кетігін тиянақтап отырғандықтан ғана кідіріссіз жұмыс істеп тұр. Әйтпесе, мамандардың дәл қазіргі есебінше орталықтың тозуы 75%-ға жеткен. Жылу желілері жөнінде бұл көрсеткіш 45% болып тұр.
«Қызылорда жылу электр орталығы» кәсіпорны қалалықтарды 3 жылу-энергия көзі арқылы қамтамасыз етеді. Дегенмен жыл сайын ауқымы кеңейіп, тұрғындарының қатары артып келе жатқан шаһарға жалғыз кәсіпорынның аздық ететіні анық байқалып отыр. Облыс тұрғындарының электр энергиясын тұтыну көлемі 200 мегаватт, жылу энергиясын пайдалану мөлшері 352 гигакалорийге жеткен. Cтанса тек 67 мегаватт электр энергиясын өндіріп, аймақтағы электр энергиясын тұтыну көрсеткішінің тек 30%-ын ғана қамтып отыр. Дәл қазіргі жағдайында орталықтың Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау бағытындағы тапсырмасы үдесінен шыға алмайды. Сондықтан да аймақ басшылығы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысан құрылысына баса маңыз берді. Cоның арқасында бірқатар мемлекетте осындай құрылыс салып, мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су электр стансаларында электр энергиясын өндіруден тәжірибе жинаған Түркияның «AKSA Energy» компаниясының ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жылу-электр орталығы жобасына таңдау түсті.
«Жоба аясында қуаттылығы 180 МВт-тық 2 газ турбиналық қондырғылары (General Electric, АҚШ), 95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы сағатына 120 тонна болатын 2 бу қазандығы (AC Boilers, Италия) мен 150 Гкал/сағ құрайтын 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) салынады. Құрылыс алаңында қазіргі кезде жұмыс істеп жатқандардың дені жергілікті тұрғындар. Станса облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді. Жаңа нысан құрылысы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді», деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин.
Энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға айрықша мүмкіндік беретін жаңа жоба «AKSA Energy» компаниясының елімізге жасаған алғашқы қадамы. Қызылорда ЖЭО электр, жылу энергиясын өндірудің заманауи біріктірілген технологиясына негізделіп отыр. Технологиялық жабдықтар АҚШ, Чехия, Италия секілді жетекші әлемдік өндіруші мемлекеттерден жеткізілген.
Жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңдерінен бастап, халықаралық AKSA инженерлер командасы жергілікті мамандармен бірлесе жұмыс істеп келеді. Мұндай синергетика құрылысты тиімді жүзеге асыруға ғана емес, бірлескен жұмыс барысында тәжірибе алмасуға, жергілікті инженер-техник мамандарды оқытуға мүмкіндік берді.
«Жақын арада жабдықты пайдалану, техникалық қызмет көрсетуге қатысты мамандандырылған оқыту бағдарламалары іске қосылады. Оларға жабдық өндірушілерінің өкілдері де, компанияның тәжірибелі мамандары да қатысады. Бұл стансаның одан әрі қалыпты жұмыс істеуіне қажет тұрақты кәсіби базаны құруға мүмкіндік береді. Жаңа станса толық жүктеме кезінде 240 МВт электр энергиясын өндіріп, бір мезгілде орталықтандырылған жылытуға 277 Гкал/сағатқа дейін жылу энергиясын береді. Бұл оңтүстік өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтып, қысқы кезеңде жылу тапшылығын азайтады», дейді компания өкілдері.
Станса энергия жүйесіндегі жүктеменің өзгеруіне бейімді. Жоба «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығымен» 15 жыл мерзімге келісімшарт аясында жүзеге асырылады.
Құрылыс алаңында 1 200-ден астам жұмысшы, 130 арнайы техника бар. Алдағы уақытта станса жұмысын бастап, бірінші кезекте 1 газтурбиналық қондырғы, 2 жылу қазандығы іске қосылады. Келесі жылы қалған қондырғылары толық іске қосылатын жаңа станса облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді.
ҚЫЗЫЛОРДА