Шығыста алғаш рет садақ тартудан «Жас мерген» теле турнирі ұйымдастырылды. Тартысты турнирге облыстың мектептерінен жиналған оқушылар қатысты. Садақшылар сайысқан іс-шараның салтанатты ашылуына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов да келді, деп жазады Egemen.kz.
Өңірде қазақтың байырғы қаруы – садақты сән үшін, спорт үшін тартып жүрген жастар аз емес. Алайда, сайыс сирек ұйымдастырылады. Сондықтан да «ALTAI» телеарнасы мен «Керемет садақ ату» орталығы теле турнир ұйымдастыруды ұйғарған. Турнирге келген облыс басшысы қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. «Садақ ату – халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық мұрасы, батырлық пен мергендіктің нышаны. Бұл спорт түрі жас ұрпақтың рухын көтеріп, ерік-жігерін шыңдап, тереңде жатқан тарихымызға үңілдіре түседі. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жебелеріңіз нысанаға дөп тие берсін», деді облыс әкімі.Жарысқа 9-10 сыныпта оқитын 80-нен астам оқушы қатысып, жартылай финал мен финалда жамбы атудан сынға түсті. Нәтижесінде, 1-орын М. Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы Әли Бақытбек алса, 2-орын Ақжар орта мектеп-интернатының оқушысы Айбол Насимоллаев еншіледі. 3-орын №49 жалпы білім беретін мектеп атынан шыққан Абдулазиз Берікболұлы қанағат тұтты. Сондай-ақ, арнайы тағайындалған 4-орынды №3 мектеп-лицейінің оқушысы Данияр Зейнелқабден алды. Айта кетейік, бұл шарада оқушылар садақ тартып, бақ сынап қана қойған жоқ, облыстағы мәдени ошақтар ұйымдастырған көрмені тамашалап, садақтың тарихы төңірегінде тың ақпарат ала алды.
Шығыс Қазақстан облысы