• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Ақтауда Түркияның Республика күні аталып өтті

20 рет
көрсетілді

Ақтауда Түркия Республикасының құрылуына 102 толуына орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz өңірлік Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеп.

Іс-шарада Қазақстан және Түркия елінің әнұрандары орындалды. Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығы ұйымдастырған іс-шараға Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Сабри Альптекин, халықаралық бочча турнирінің қатысушылары және өзге де қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев сөз сөйлеп, қос ел арасындағы ынтымақтастың дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігін алғаш рет мойындаған Түркия мемлекеті. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас одан әрі дамып келе жатыр. Түркияның дәрігерлері ақтаулықтарға тегін медициналық кеңес беру бойынша жобаларын іске асыру қарастырылды. Маңғыстаудың медицина мамандары Түркияға барып кәсіби біліктілігін жетілдірді. Бұл жұмыстар қос ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқандығын көрсетеді. Түркия Республикасының құрылуына 102 толуымен құттықтаймын», деді Аббат Өрісбаев.

Іс-шара барысында Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Сабри Альптекин Түркия халқы үшін айтулы күннің маңызын атап өтті.                                                                                                                         

«1919 жылы 19 мамырда ұлы көсеміміз Мұстафа Кемалдың түрік ұлтына сенім артып, Самсун қаласында бостандық пен тәуелсіздік үшін күресті бастағанына 105 жыл толды. Түркияның бағына біткен әлемге әйгілі бірегей тұлға Мұстафа Кемал Ататүріктің ерен ерлігімен 1923 жылы 29 қазанда Түркия Республикасы құрылды. Отан үшін жанын пида еткен барлық шейіттер мен ардагерлерді, Гази Мұстафа Кемал Ататүрік пен оның қарулас жолдастарын алғыспен еске аламын. Бүгінгі таңда Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаның жетекшілігімен Түркия мемлекеті әлемде бейбітшілікті орнатуға ұмтылатын, аймақтық және әлемдік мәселелерді шешуге басымдық беретін, адамзаттың игілігі үшін барынша күш салатын жетекші елдердің біріне айналды», деді Сабри Альптекин.

Маңғыстау облысы