Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Өркениеттің көшін бастап тұрған мемлекеттер спорт пен саламатты өмір салтын ұлттық идеология дәрежесінде дәріптейді. Өйткені дені сау ұлт қана елдің тірегіне айналады.
Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамыту елдің басым бағыты, ұлт саулығы үнемі назарда екенін тағы бір атап өтті. «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр. Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек», деді Президент.
Ұлт саулығын нығайтып, халықтың сергектігіне серпін беруде әлі де атқарылар шаруа шаш-етектен. Жақында Мәжілісте «Инфрақұрылым және қолжетімділік. Әлеуметтік серіктестік. Бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиында бұқаралық спортты өрістетуге инфрақұрылымның тигізер ықпалы зор екені айтылды. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Руслан Серғазин баяндама жасап, халыққа спорттың қолжетімділігін арттыру министрліктің басым бағытының бірі екенін атап өтті. Бүгінде елдегі спорт ғимараттарының саны 25 725-ке жетті. Оның ішінде: дене шынықтыру-спорт нысандары – 12 537, білім беру мекемелеріндегі залдар – 11 745, спорт мектептері – 1 443. Бұл әлі де жеткіліксіз.
– Былтырғы қорытындыға сүйенсек, халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу көрсеткіші 55,1%-ға жетті. 2020 жылы – 46,2%, 2021 жылы – 48,5%, 2022 жылы – 50%, 2023 жылы – 52,2% болатын. Ең жоғары көрсеткіш Павлодар (69,4%), Жамбыл (68,3%), Қарағанды (66,6%) облыстарында. Астана қаласында (37,1%), Түркістан (41,5%), Қызылорда (46,2%) облыстарында орташа. Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Инфрақұрылым оқу орнының ғана емес, сонымен қатар көпсалалы спорт, ғылыми орталықтың да игілігіне айналады. Нысан биылғы желтоқсан айында пайдалануға берілмек, – деді Р.Серғазин.
Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақтағы әкімдіктермен бірлесіп балаларды жеке дамыту орталықтарын ашуды қолға алды. Мысалы, Астанадағы Sana Sport орталығы. Құрылысына 56 млрд теңге жұмсалған кешенде бұқаралық, балалар спортын дамытуға ықпал ететін шығармашылық үйірмелер де жұмыс істейді. Заманауи спорт залдары мен жекелеген үйірмелер, сондай-ақ қала тұрғындарының да, кәсіби спортшылардың да жыл бойы су спорты түрлерімен айналысуына бағытталған QazSwimAcademy орталығы бар. Мұндай сан саланы қамтитын спорт кешендері бірқатар өңірде бой көтерді. Атап айтқанда, Қосшы қаласындағы көпфункционалды коммуналдық орталық, Көкшетау қаласындағы Болашақ сарайы, Павлодардағы «Alash Club» жеке оқу орталығы, Қарағандыда жұмысын бастаған «Apex Education Center». Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті іс-шаралар жоспарын бекітті. Жергілікті атқарушы органдармен тізе қосып спорт орталықтарын ашуға, оның ішінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы, жеке инвестициялар қаражатын тарту арқылы спорт нысандарын салу қолға алынды.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Министрлік 2029 жылға дейін спортпен тұрақты шұғылданушылардың үлесін 50%-ға, балалар мен жасөспірімдердің көрсеткішін 45%-ға жеткізуді көздеп отыр. Былтырғы қорытындыға сүйенсек, спортпен тұрақты түрде айналысатын азаматтардың үлесі – 41,4%, яғни 8,4 миллион адам саламатты өмір салтын ұстанады. Балалар мен жасөспірімдердің үлесі – 30,4%, демек 5,1 миллионнан астам бала бұқаралық спортты серік етіп келеді. 2023 жылы қабылданған Спортты дамыту тұжырымдамасы аясында да бірқатар жұмыс атқарылды. Тұжырымдама аясында мектептердегі 49 мыңнан астам секцияда 1,3 млн бала қамтылып отыр. Мектептен тыс 3 мыңнан астам секцияда 450 мың бала айналысады. Балалар-жасөспірімдердің 912 клубына 298 мың бала қатысады. 2021 жылдан бері енгізілген жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тетігі аясында биылдың өзінде 240 мың бала 7 мыңнан астам секцияға тегін қатысып келеді. Бұған жергілікті бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді.
Елімізде 406 227 оқушы білім алатын 521 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді, оның ішінде 138-і мамандандырылған. Спорт резервін даярлайтын оқу ошақтарында 15 468 жаттықтырушы-оқытушы бар. Бұдан бөлек олимпиада резервін даярлайтын облыстық 14, республикалық 5 мамандандырылған мектеп-интернат-колледждері жұмыс істейді. Онда 6 572 спортшы білім алып жатыр.
Жыл сайын елде 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 1,2 миллионға жуық адам қатысады. Бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында марафондар, веложарыстар мен веломарафондар ұйымдастырылды. Түрлі фестиваль, отбасылық сайыстар, жаппай сырғанау сияқты іс-шаралар да халықтың асыға күтетін спорттық мерекесіне айналды. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай «Менің сүйікті спортым» бастамасы көптің қолдауын тапты. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Алтайдан Оралға дейін 2 950 шақырымдық велошеруде 1 000-нан астам адам елорданы көктей, 7 облыс аумағын басып өтті. Олар жол жөнекей жастармен, студенттермен, жұмысшылармен кездесулер өткізіліп, саламатты өмір салты мен жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттады. Мемлекеттік қызметшілердің республикалық спартакиадасы, спорт ардагерлерінің форумы, балалар арасындағы түрлі деңгейдегі турнирлер, «Бурабай-2025» құзға өрмелеу фестиваліне де қатысушылар қатары артты.
Мәжіліс депутаты, Параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғанов бұқаралық спортты дамытуда параспортпен шұғылданушыларға да баса көңіл бөлінгені жөн дейді.
– Параспорттан да біздің саңлақтарымыздың жетістігі қуантарлық. Жазғы Паралимпиада сайыстарынан да олжамен оралып жүр. Өкінішке қарай, халықтың параспорт туралы таным-түсінігі әлі де таяз. Біздің бапкерлер параволейбол спортына азаматтарды тарту мақсатында емханаларды да аралайды. Жалпы, насихат жұмысы кемшін соғып тұр. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды, жазатайым оқиғадан зардап шегіп, аяғынан айырылған жастарды параволейбол спортына тартудың маңызы жоғары. Олардың да спортты серік етіп, сергек болуына мүмкіндік мол, – дейді Д.Тұрғанов.
Туризм және спорт министрлігі паралимпиялық, сурдлимпиялық спорт түрлерінен де үйірмелерді көптеп ашуды көздеп, бұл бағытта да кешенді жұмыс қолға алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға түзетулер енгізілді. Биылдан бастап кәсіби клубтарды ұстауға жұмсалатын бюджетке лимит қойылды. Қазақстан азаматы емес спортшыларға бюджеттен қаржы бөлінбейді. «Спорттың басым түрлері» ұғымы нақтыланып, өңірлік тізбесі бекітілді.
Қашанда бұқаралық спортты нығайтып, халықтың салауаттылығын арттыру инфрақұрылымға байлаулы. Қуанарлығы, спорт нысандарын салуда ілгерілеушілік байқалады. Былтырдың өзінде 90 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 61 кешен ауылдарда бой көтерді. Биылғы тоғыз айда 32 спорт кешені ашылды. Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы бітеді.
Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 33,2 млрд теңгеге төрт спорт құрылысы жүріп жатыр. Мұның барлығы да ұлт саулығы жолындағы, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы ілкімді іс-шаралар.