• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:17

Италия халқының Абайға құрметі

40 рет
көрсетілді

Римдегі Вилла Грациоли саябағында (Parco di Villa Grazioli) қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы бюстінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева, Қазақстан Респуб­ли­касының Италия Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерболат Сембаев, италиялық зиялы қауым өкілдері мен Қазақ­станның ресми делегациясы мүшелері қатысты.

Салтанатты іс-шарадағы сөзінде министр Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани кемелденуіне бағдар болған, адамзаттың асыл мұрат­тарын насихаттаған ұлы тұлға екенін, оның шығар­малары адамзатты адамгер­шілік, әділдік, білім мен еңбек арқылы ізгілікке үндейтінін атап өтті. Сондықтан да Абай бюстінің дәл Рим қаласын­да бой көтеруі – мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы рухани көпірдің белгісі болары анық.

«Кейінгі жылдары мемле­кет­теріміз арасындағы қарым-қатынас ерекше серпін алды. Өткен жылы Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Италия­ға ресми сапары мен Италия Министр­лер кеңесі төрайымының Қазақ­станға жасаған ресми сапары ынты­мақтастықты жаңа деңгейге көтерді.

Қыркүйек айында Италия Прези­денті Қазақстанға келіп, жаңа бай­ланыстарға жол ашып, бірқа­тар маңызды келіссөз жасалды. Бү­гінгі Абай ескерткішінің ашылуы – сол келісімдердің көрінісі, екі халық ара­сындағы достық пен өзара құрмет­тің белгісі деп білемін»,  деді А.Балаева.

Айта кетсек, қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі шетелде зор құрметке ие. Ақынға арналған ескерткіштер, бюстер мен монументтер әлемнің көптеген ірі қаласы мен астанасында орнатылған. Олардың қатарында, Ташкент, Мәскеу, Қазан, Бішкек, Бейжің, Каир, Будапешт, Теһран, Анкара, Ыстанбұл, Нью-Дели, Женева, Париж, Ренн, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Харьков, Баку, Рио-де-Жанейро қаласы бар.

Осы іс-шарадан соң Аида Балаева мен Ерболат Сембаев Италиядағы Шыңғыс Айтматов ескерткішіне де гүл шоқтарын қойды.