Жетісу облысында бір күнде үш тақырыптық муралдың ашылу рәсімі өтті. Бұл бастама Президенттің «Әділетті Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасы аясында өңір жастарының ұсынысымен жүзеге асқан. Жоба азаматтық жауапкершілікті арттыруды, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуды көздейді, деп жазады Egemen.kz.
«Таза Қазақстан», «Адал Азамат» және «Заң мен Тәртіп» ұстанымдарын насихаттауға арналған муралдар Сарқан ауданының Сарқан қаласында, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында және Көксу ауданының Балпық би ауылындағы көп қабатты үйлердің қабырғасына салынды.
– Біздің түсінігімізде мурал – жай ғана бейнелеу өнерінің туындысы емес, ол қоғам мүшелеріне өмірлік ұстанымдар мен құндылықтарды еске салатын ерекше символ, – дейді «Жетісу жастары» КММ директоры Шәміл Ванкеев.
Бұл жұмыстар қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мен экологиялық мәдениетті арттырудың маңызын жеткізеді. Сондай-ақ адалдық пен жеке жауапкершілікке, заңға бағыну мен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Тазалық, адал еңбек және өзара құрмет – тұрақты әрі әділ қоғамның негізі.
Біз әр адамның күнделікті іс-әрекеті елдің жарқын болашағын қалыптастырады деп сенеміз.