• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:45

Жалқаулық пен масылдықтың зардабы

40 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу екенін атап өтті. «Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз», деді Президент.

Тұрмысы түзулерге заңсыз тағайындалған көмек

Алғашында атаулы әлеуметтік көмекті жұмыссыз, бала-шағасы нәпақасыз қалған екінің бірі алды. Содан көп уақыт өтпей-ақ атаулы әлеуметтік көмектің адамдарды масылдыққа итермелейтіні жөнінде пікірлер айтыла бастады, әлі де айтылып келеді. Яғни Жолдауда айтылғандай, кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріліп келді. Бұл орайда заңсыздықтар, атау­лы әлеуметтік көмекке байланысты ірі көлемде қаржының мақсатсыз жұмсалғаны Түркістан облысында да белгілі болып отыр.

Прокуратураның тексерісі к­е­зінде кейбір отбасыларға негізсіз төлемдер жүргізіліп, құжатта жал­ған қорытындылар рәсімделгені анық­талды. Мәселен, Жетісай ауданында тұрмысы түзу 18 отбасына атаулы әлеуметтік көмек заңсыз тағайында­лып, 3,1 млн теңге аударылған. Мұн­дай кемшілік Сарыағаш ауданында да тіркелген. Қапланбек ауыл округін­де учаскелік комиссия хатшысы мен ­ауыл округі әкімінің орынбасары комиссия мүшелерінің атынан қол қойғаны әшкере болды.

«56 өтініш бойынша жалған қо­рытынды рәсімделіп, соның салдарынан 9,7 млн теңге мемлекеттің қаржы­сы мақсатсыз жұмсалған. Прокура­тура заңсыздықтарды жо­йы­п, жауап­ты адамдарды тәртіптік жауапкерші­лікке тарту үшін қадағалау актісін енгіз­ген. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр», ­деді Сарыағаш ауда­ны прокуратурасы­ның прокуроры Нұрбол Қамбар.

Өңірде аудандық прокуратура органдарымен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау және төлеу барысына Жетісай, Келес, Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам аудандарында талдау жүргізіліп, 176 іс-құжат бо­йынша жалпы сомасы 56,1 млн теңгеге заңбұзушылықтар анықталған. Аудан және қала әкімдеріне берілген ұсынымдар негізінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасы тарапынан қосымша зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде, ұсынуларда көрсетілген 176 іс-құжаттың тек 23-інде – 4 485,5 мың теңгенің заңбұзушылықтары расталды. Олардың басым бөлігі табыс пен мүлікті жасыру, отбасы мүшелерін дұрыс көрсетпеу, сондай-ақ автокөлікті сатудан түскен табысты есепке алмау жағдайларымен байланысты болған. Қалған 153 іс-құжат бойынша АӘК тағайындау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілгені анықталды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының маман­дарының мәлімдеуінше, бұл істерде бір мекенжайда бірнеше отбасының тіркелуі, тұрғын үйдің алаңы, автокөлік иелігі және учаскелік комиссия қорытындыларына қатысты мәселелер көтерілгенімен, олар Әлеуметтік кодекс пен АӘК қағидаларына қайшы келмейді. Атап айтқанда, отбасылардың бір мекенжайда тіркелуі – пәтер жалдау себебінен болған және заңбұзушылық болып саналмайды; меншікте бір ғана тұрғын үй болған жағдайда оның пайдалы алаңы есепке алынбайды; сондай-ақ бір автокөліктің болуы АӘК тағайындауға кедергі емес. Ал «FSM Social» жүйесінде учаскелік комиссия тарапынан техникалық қателіктерге жол берілгенімен, олар АӘК-нің заңсыз тағайындалуына негіз бола алмайды. Бүгінде 3 АӘК алушы өз еркімен 721,8 мың теңгесін кері қайтарды, 14 АӘК алушының құжаттары (2 197,1 мың теңге) сотқа жолданған. Ал 6 АӘК алушыға 1 566,6 мың теңгені бюджетке кері қайтаруға хабарлама берілді.

Сондай-ақ басқарма басшы­лы­ғының мәліметіне қарағанда, кейінгі үш жылда жүргізілген жүйелі ша­ралардың нәтижесінде АӘК алушылар саны мен заңбұзушылықтар айтарлықтай қысқарған. Учаскелік комиссиялардың жұмысын жетілдіру мақсатында геолокацияны анықтауға мүмкіндік беретін «FSM Social» мобильдік қосымшасы енгізілді. Нәтижесінде, өңірдегі кедейлік деңгейі 2022 жылғы 9,4%-дан (198,4 мың адам) 2025 жылы 2,7%-ға (59,0 мың адам) дейін төмендеп, 3,4 есеге азайды. Сонымен қатар кейінгі үш жылда жалпы сомасы 11,8 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп, әлеуметтік өзге бағыттарға қайта бағытталыпты.

Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Әбдіқадыров облыста аз қамтамасыз етілген аза­маттардың жоғары үлесінің бірнеше себебі бар екенін айтады.

«Біріншіден, облысымызға тән жоғары туу көрсеткіші, яғни көпбалалы отбасылардың санының артуы. Сәй­кесінше, балаларға жұмсалатын та­быстың бөлінуі, отбасындағы жан басына шаққандағы табыстың төмендеуіне әкеледі. Екіншіден, статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығы саласындағы орташа еңбекақы 252 553 теңгені, ал жалпы облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 330 959 теңгені құрады. Тиісінше, отбасыға кіретін табыс жан басына шаққанда кедейлік шегінен төмен тұратындардың санын арттыруға әкелді. 2025 жылы облыс бойынша 76 228 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 10,6 млрд теңге қаралып, кедейлік деңгейін 3,5%-ға дейін (бекітілген меже 76 228 адам) асырмау немесе 2024 жылмен салыстырғанда 19,5%-ға төмендету межеленді. Осы жылдың 9 айында 59 302 адамға (9 557 отбасыға) 4,5 млрд теңгеге АӘК тағайындалып, төленді. Кедейлік деңгейі 2,8%-ды құрап 2024 жылмен салыстырғанда 1,6%-ға, ал АӘК алушылар саны 35 448 адамға немесе 37,4%-ға төмендеген. АӘК алушылардың еңбекке қабілетті 11,6 мыңы жұмыспен қамтылды. Осы ретте 2025 жылдың I және II тоқсанында АӘК төлеуге қаралған қаржының 3,3 млрд теңгесі үнемделіп, бюджетке кері қайтарылды», дейді А.Әбдіқа­дыров.

Кейінгі 5 жылда кедейлік деңгейін және тиісінше атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалады. АӘК алушылардың құрылымы жүйені жаңғырту нәти­жесінде көмек көрсетуде атаулылықтың артқанын растайды. АӘК алатын 9 557 отбасының 6 060-ы немесе 63%-ы – көпбалалы отбасылар. АӘК алушылар арасында 69,4% (41 157 адам) кәмелетке толмаған балалар, 11,8% (6 973 адам) 3 жасқа дейінгі балаларға қамқорлық жасайтын аналар, 12,1% (7 187 адам) жұмыс істейтіндер, 2,4% (1 443 адам) жұмыссыздар, 0,7% (387 адам) мүмкіндігі шектеулі жандар, 3% (1 755 адам) студенттер, 0,1% (86 адам) зейнеткерлер, 0,5% (312 адам) – басқа азаматтар.

 

Ажырасудан арланбайтындар алаңдатады

Өңірде отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық дәстүрлерді жаң­ғырту, жауапты әке мен ана институтын дамыту бойынша көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Дегенмен статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 51 370 отбасы құрылып, 21 531 (41,9%) ажырасу тіркелген. Былтыр 123 626 неке қиылып, оның 40 647-сі (32,8%) бұзылған. Жыл өткен сайын ажырасу көрсеткіші артып келеді. Ал Түркістан облысында 2020 жылы 13 463 неке тіркелсе, оның 2 657-сі (19,7%) бұзылған, 2024 жылы құрылған 12 143 отбасының 1 938-і ажырасқан. Бұл орайда ажырасудың басым бөлігі облыс орталығы Түркістанда орын алған. Өткен жылы Түркістанда тіркелген 1 482 некенің 338-і ажырасқан (22,8%), сондай-ақ бұзылған некелер саны Түлкібас (21,4%) ауданы, Арыс, Кентау қалаларында көп.

Иә, қазіргі қоғамдағы өршіп тұрған өзекті мәселенің бірі – ажырасу. Бұл орайда қалалық жерлерде ажырасуға өтініш көп беріледі екен. Алайда олардың арасында жалған түрде, өтірік ажырасатындар да аз емес. Психо­логтер ажырасу деңгейінің күрт өсуі – тек отбасының ішіндегі негативті фактор емес, сонымен қатар жұртшылықтың сана-сезімінің өз­геруі екенін айтады. Ажырасудың себептері көп, жалпы алғанда бұл тұр­ғыда қоғамда қандай мәселелердің бар екенін айғақтайды. Мысалы, отба­сындағы зорлық-зомбылық – айран­дай ұйыған отбасының ойран болуы­ның басты себебі. Биыл 8 айда өңір­де отбасылық-тұрмыстық қатынас­тар саласында жасалған қылмыс саны 23,7% немесе 135-тен 167-ге өскен. Оның басым көпшілігі әйелдерге қарсы жасалған. Алайда мамандар ажырасу тек күйеуі тарапынан соққы жеп, қорлық көруіне ғана байланыс­ты емес, әйеліне психологиялық түрде қысым көрсетіп, қаржыдан қағып, кіріптар етіп ұстауында да болып отырғанын айтады. Үй­ленгенше тосын мінез көрсетпей, биязы болып жүрген ер-азамат отбасын құрған соң еркінсіп, өз дегенін жасай бас­тайтын оқиғалар аз емес. Мұндай жігіттер әйелін өз меншігіндей санап, төменшіктетеді, дауыс көтеріп жекиді, жұдырық жұмсайды. Әрине, кеше ғана жарына сүйікті болып жүрген әйелдің бұл қорлыққа шыдамасы анық. Статистикаға жүгінсек, ажырасуға ерлерге қарағанда әйелдер жиі арыз береді екен. Мұның себебі – отбасының ұйытқысы саналған әйелдердің шы­дамының шегіне жетуінен.

Осы арада жантүршігерлік қылмыс бойынша өткен, өзіміз қатысқан сот процесінде жүректі ауыртқан ананың жанайқайы еске еріксіз оралады. Иә, 34 жастағы әйел ұзақ жыл отасқан күйеуін аса қатыгездікпен өлтірген. Ең ауыры – оқиғаға екі баласы куә болған. Артынан әйел күйеуінің денесін балталап, өзенге ағызып жіберген. Сот процесіне куәлік беруге шақырылған балалар көз жасына ерік бергенде сотқа қатысып отырғандардың қосыла жылағаны есімізде. «Қиналып кеттім. Әйел адамға түрмеде жатқан қаншалық қиын екенін білесіз бе?» деді айыпталушы әйел сот залындағы әкесіне қарап. «Қанша рет айттым. Күйеуімнің ит мінезін бәрі білетін. Ажыратпады. 14 жыл бойы ұрып-соқты. Сау жерім жоқ. 14 жыл күйеуімнен зорлық-зомбылық көрдім, қорғайтын, араша түсетін ешкім болмады. Енді түрменің қорлығына шыдауым керек пе?». Сотқа қатысып отырған шарасыз күйдегі әкесі «қой енді, қой» деді дауысы дірілдеп. Тергеу қорытындысы бойынша өз үйінде заңды некедегі күйеуін асқан қатігездікпен өлтірді, оның көлігін алаяқтықпен сатты деген айып тағылған әйел сотта 14 жыл ерлі-зайыпты болып бірге тұрғанда күйеуінен үнемі зорлық-зомбылық көргенін, жұбайын кезекті ұрыс-керіс кезінде абайсызда өлтіріп алғанын, қылмыстың ізін жасыру үшін марқұмның денесін бөлшектеп, өзенге ағызып жібергенін айтып, тағылған айыпты ішінара мойындады. Үнемі зорлы-зомбылыққа төзгенінше ажырасып кеткені дұрыс болар еді деген ой да қылаң берген-ді.

Тағы бір мәселе, кей ажырасудың негізінде материалдық мүдде жатады. Баспана немесе басқа да жеңілдіктер, нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алу үшін «ажырасатындар» да табылады. Алдыңғы буын ағалар қазағы қалың, салт-дәстүрді сақтайтын оңтүстікте, әсіресе, қазақ отбасында ілгеріде ажырасу деген сирек болғанын айтады. Ақсақалдар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, пәтуамен бәрін реттеп отырған. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Яғни қазақ қоғамын-да бұрын ажырасуға бару үлкен күнә, ерсі қылық ретінде қабыл­данатын. Бүгін де жастары ақсақалын қадірлейтін, айтқанына құлақ асатын ауылдар баршылық. Дегенмен барлық жерде олай болмай тұр, бәлкім сөзі өтетін абыройлы ақсақал азайған немесе «өзім білемінге» салатын жастар көбейді...

 

Түркістан облысы