• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:50

Ұлы ереже, орынды уәж

30 рет
көрсетілді

«TikTok» бүгінде көбінесе сөз аңды­ғандар мен тілі мен жағына сүйен­гендер­дің, іші пысқаннан ермек іздеген­дердің қызығына айналды...

Әрине, бұл әлеуметтік желіден ой салар­лық, сана жаңғыртарлық пайдалы ақпараттар, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-рухани, тарихи тұрғыдан қажетті деректер кездесіп қалады. Оны жоққа шығаруға болмас. Алайда мұндағы жөнсіз, ел бұзарлық жарияланымдардың жаналқымнан алып тұрғаны қынжылтады.

Бір жиында жастары шамалас үш-төрт жігітпен қатар отырдық. Әңгімелерінен таң­ды таңға ұрып «TikTok»-тың «қызығына» ба­татын, мұнысын сананы сансырату екенін ұғудан кеткен, жеңіл-желпі, түкке алғысыз жарияланымдарға көз талдырып, құлақ сарсытатын жігіттер екенін түсіндік. «Tik­Tok»-тан көргендерін, естігендерін жарыса айтып тауысар емес. Бір кезде олар дін тақырыбына ойысты. Әсіресе біреуінің сөзінен кейбір атеист, дінсіз немесе діни танымы басқа «блогер-тиктокерсымақтардың» Ислам дінін күстаналап, кінәлауларын құп­тайтыны анық аңғарылып тұр. Жат пиғылды, бөгде нанымдағы «тиктокерлердің» ой-көз­қарастарын ризашылықпен тыңдап, солар­дың айтқандарына әбден мойынсұнған, «Tik­Tok»-тағы «қол берген пірінің» пікіріне беріл­ген, пікір-түсінігі теріске өзгерген әлгінің сө­зіне қарағанда, мына қоғамдағы барлық жаман­дық, кейбір кері кетушілік Исламның кесі­рінен болып жатқан секілді. Оның айтуын­ша, егер асыл дініміз қоғамымыздан шет­тетілсе, бағымыз жанып, жетістіктің жеті атасына әп-сәтте қол жеткізеді екенбіз, ілгері­леуден мақұрым қалуымызға дін кінәлі көрі­неді. Бәріне дін кедергі-міс. Дін деген жолымыз­ды кес-кестеп ілгері бастырмай тұр­ған қызылкөз екен. Діни құлшылық жасау тек уақытты «өлтіретін» зиян, зардабы мол амал екен, бұдан құтылмасақ, құрдымға құлайтын көрінеміз.

Мұны еріксіз тыңдап отырған басқалардың төзімдеріміз таусыла бастады. Сол сәтте менің оң жағымда, жаңағы желөкпелерге қарама-қарсы отырған, алпысқа жақындаңқырап қалған кісі әлгі белсене сөйлеп отырғанға дауысын көтере:

– Әй, сен қай күні аудан орталығында жол ережесін бұзып, бір кісіні көлігіңмен қағып кеткен бала емессің бе? – деді.

Өзіне тосыннан қойылған сауалға тосырқап қалған анау сасқалақтап барып:

– Иә, иә, – деді де, өзінің жол ережесін бұзып, адам қаққаны бұл жерде не қатысы бар екенін түсінбей, сұрақ қоюшыға таңдана қарады.

Егде кісі сөзін жалғады.

– Жол ережесін бұздың, адам қақтың, бұған сен кінәлісің бе әлде үкімет бекіткен жол ережесі кінәлі ме? – деді.

Анау:

– Әрине, өзім кінәлімін, жол ережесі – жалпыға ортақ дүние. Оның талабын орындау керек. Бұл жерде жол ережесін кінәлау ақымақтық, – деді.

– Міне, қалқам, дұрыс айтасың, жол ережесін бұзған адам кінәлі болады. Жол ережесі – талап, шарт, тәртіп мәселелері жүйеленген құжат қана. Оның ешқандай кінәсі жоқ. Ендеше, тыңда, сен күстаналап отырған Ислам діні – адам болудың, адами қатынастың, өмір сүрудің, ел-жұрт болып тіршілік етудің, бәрі-бәрінің әлемдік деңгейдегі жүйеленген, талап-шарты аса биік, бүкіл адамзатқа ұсынылған ұлы ережесі. Сондықтан жаңа сен жол ережесін кінәламағандай, ұлы ереже – дінімізді де жазғырмауымыз керек. Жол ережесі секілді дін ережесі де өз тәртіп-талабын ұсынады, оны орындау не орындамау әркімнің өзіне байланысты, – деді.

Әлгі адам сөзін әрі қарай былай сабақ­тады: «Ислам дінінің, яғни адамзатты тек игілікке бастайтын, жамандықтан қайтаратын нұсқаулардың ең таңдаулылары, адами құндылықтардың биік деңгейі, негізгі шарттары көрсетілген ұлы ереженің тәртіп-шарттарын орындамақ түгілі керісінше өрескел бұзып, сөйте тұра сол ереженің өзін күстаналау жөнсіз. Бұл деген, түсінікті болу үшін айтайық, белгіленген тәртіпке пысқырып та қарамай, көлігімен адам қағып кетіп, мұнысына өзін емес, жол ережесін кінәлағанмен бірдей. Нағыз ақымақтық. Бір өкініштісі, арамызда осындай ақымақ-надандар көбейіп барады. Бұл ұлы ережені бұзғандарға салынатын «айыппұлдар» мен ондайларға жаза тартқызу жағдайлары басқа, мүлде басқа өлшемдерге негізделген».

Жұрт уәжге разы болысты. Әлгі жігіттер де түсінген болар, томсырайып үнсіз қалған. Қазақтың соқталдай жігіттері ғой, беті бері қарар, ойланар. Үміттенейік.

Иә, шынында мәселе дінде емес, өзімізде ғой.