Қазақстан Ұлттық Банкі қазан айындағы валюта нарығының негізгі көрсеткіштерін жариялады. Ресми деректерге сәйкес, өткен айда теңге 3,5%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары 529,96 теңгеге дейін төмендеді. Ал Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 248 млн АҚШ долларынан 271 млн долларға дейін өсті. Жалпы сауда көлемі 6 млрд долларды құраған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазан айында Ұлттық қордан 660 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу бойынша инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 11%-ын немесе күніне шамамен 30 млн АҚШ долларын құрады», делінген хабарламада.
Ұлттық Банк қараша айында да Ұлттық қордан 600–700 млн АҚШ долларына дейін валюта сатуды жоспарлап отыр. Бұл ретте реттеуші орган нарықтық бейтарап қағидатын ұстанып, шетел валютасын біркелкі және болжамды түрде сатуды жалғастырады.
«Қазан айында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ», делінген ресми хабарламада.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері өткен айда шамамен 279 млн АҚШ долларын сатқан. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюталық активтерінің үлесі жоспарға сәйкес 40% деңгейінде сақталғандықтан, зейнетақы активтері есебінен валюта сатып алу жүзеге асырылмады және қарашада да жоспарланбайды.