Қазақстанда мемлекеттік реттеу салдарынан алдағы жылы АИ-92 бензин мен дизель отыны бойынша тапшылық туындауы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz Energy Monitor арнасына сілтеме жасап.
Energy Monitor арнасының хабарлауынша, экспорттық және ішкі нарықтағы жанармай бағасының арасындағы айырмашылық тоннасына 100 мың теңгеден асады (ЭСП, ПҚӨС, экспорт шығындары және трейдерлерге жеңілдіктерді есепке ала отырып).
Елімізде жыл сайын 18 миллион тоннадан астам мұнай өңделеді. Алайда мұнай өндіруші компаниялар жыл сайын 1,8 трлн теңге (3,3 млрд доллар) көлемінде қосымша табыс ала алмай отыр. Бұл соманы Қазақстан азаматтарының санына бөлсек, әр тұрғынға 90 мың теңге (165 доллар) тиетінін көрсетеді. Айта кетерлігі, бұл «жасырын табиғи рента» қазіргі кезде балаларға тағайындалатын Ұлттық қордан бөлінетін кэшбектен (110 доллар) көп.
Сарапшылар атап өткендей, дефициттің негізгі себептері:
Қазақстанның үш МӨЗ зауыттары өз максималды қуатында жұмыс істейді, ал әлемде мұндай толық жүктеме сирек кездеседі; Халық саны мен азаматтардың тұтыну деңгейі өсуде; Автокөлік сатып алу, жанармайға сұраныс, авиа және туристік сектордағы өсу байқалады; Жыл сайын бензин мен дизельдің экспортын шектейміз, алайда ішкі бағалардың арзан болуы көрші елдерге кетуіне жол ашады.Сарапшылар егер мемлекеттік реттеу жалғаса берсе, алдағы жылы жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пен тапшылықтың қалыптасуы мүмкін екенін ескертеді.