• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қаржы Кеше

Зейнетақы жинағын басқару 2026 жылдан бастап қалай өзгереді?

30 рет
көрсетілді

Қазақстанда зейнетақы активтерін басқарудың жаңа ережелері бекітілді. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Жаңа тәсілдің басты ерекшелігі – зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың қызметін композиттік индекстер арқылы бағалау. Бұл индекстер Қазақстан мен әлемдік қор нарықтарының көрсеткіштерін біріктіріп, басқарудың нәтижелілігін жаһандық экономикалық үрдістер тұрғысынан неғұрлым әділ бағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, басқарушы компаниялар салымшыларға әртүрлі тәуекел деңгейі мен табыстылығы бар инвестициялық стратегияларды ұсынуға мүмкіндік алады.

Инвестициялық мүмкіндіктер де кеңейтілмек – зейнетақы активтерін инвестициялауға арналған қаржы құралдарының тізімі ұлғайып, әр бағыт бойынша нақты лимиттер белгіленеді.

Тағы бір жаңалық – ерікті түрде активтерді қайтару тетігі енгізіледі. Яғни, басқарушы компаниялар зейнетақы активтерін Ұлттық банкке қайта тапсыру құқығына ие болады.

Агенттік мәліметінше, жаңа тәсілдер зейнетақы активтерінің ұзақмерзімді табыстылығын арттыруға, басқарушы компаниялар арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және салымшыларға өз жинақтарын әртараптандыру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.