• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Субсидия 18 Желтоқсан, 2025

Субсидияның қайтарымы бола ма?

20 рет
көрсетілді

Ертіс бойының фермерлері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқаны үшін мемлекеттен былтыр 7,2 млрд, биыл 7,7 млрд теңге субсидия алған. Өңір халқы миллиардтаған қаражат­тың қайтарымын қаншалықты сезіне алып отыр?

Аймақта асыл тұқымды сиыр өсі­ру­мен айналысатын 168-ден астам шаруашылық болса, олардың қолында 74 мыңнан астам ірі қара бар. Ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдан қазақтың ақбас тұқымы, герефорд, абердин-ангус, әулиекөл тұқымдарын, ал сүт бағы­тындағылардан симментал, голштин, қызыл дала тұқымдары кең таралған.

2025 жылы Еуропадан және Ресейден сүт бағытындағы 812 бас голштино-фриз тұқымды ірі қара әкелінген.

– Мал шаруашылығын субсидиялау қағидасына сәйкес, ТМД елдерінен сатып алынған сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды сиыр сатып алғаны үшін 225 мың теңге, Еуропа елдерінен жеткізілгендерге 400 мың теңге субсидия қарас­тырылған, – дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Қазіргі уақытта аймақта 471,6 мың сиыр бар. Оның ішінде 417,6 мыңы – сүт бағытында. Ірі қараны импорттау арқасында жануарлардың өнімділігі де артып келеді. 2025 жыл соңында ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындарында бір сауын­ды сиырдан алынатын орташа сүт өнімі 5 413 кг-дан 5 869 кг-ға дейін өскені байқалған. Жыл басынан 220,5 мың тонна сүт өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,4 %-ға артқан.

– 2024 жылы мал шаруа­шылы­ғын субсидиялау үшін шаруа қожалықтары­на 7,2 млрд теңге субсидия берілді (оның ішінде асыл тұқымды мал шаруа­шылығын дамыту үшін 3,3 млрд теңге), ал биыл 7,7 млрд теңге (асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 2,7 млрд теңге) төленді. Тауарлық сүт фермасын салу бойынша құны 10 млрд теңгеге 2 жоба іске қосылды. Тағы біреуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, – деп қосты басқарма өкілі.

Мамандар асыл тұқымды шаруа­шы­лықтар ет бойынша жоспарды артығымен орындап отырғанын айтады. Жыл сайын шамамен 26 мың тоннаға жуық ет өндіріледі. Ал өңір тұрғындарының жылдық сұранысы – 15,1 мың тонна. Яғни облыс халқының тұтыну қажеттілігі 172 %-ға орындалып отыр деген сөз.

Мемлекет басшысының тапсырма­сы бойынша кейінгі үш жылда еліміздегі фермерлерге 2,5 пайыз мөлшерлеме­мен жеңілдетілген несие беріліп келеді. Жеңілдетілген бағдарламаның шарапатын сезінгендердің бірі – «Agro Trade-PV» ЖШС. Тап-тұйнақтай фермадан айналадағы 3 ауылдан 70-тен астам адам жұмыс тауып отыр. Мұнда 1200-дей сиыр ұсталады. Күніне 40 тоннадан астам сүт сауылып, облыс орталығындағы «Сүт» АҚ-на тапсырылады.

«Сиырлар 305 күндей үзбей сауы­лып, одан соң 60 күн тыңаяды. Бұл уақытта бұзаулап үлгереді. Жалпы, асыл тұқымды сиырлар әрі кетсе 5 жыл, орташа 3 жыл ғана өнімді сүт береді, одан әрі сүтінің қасиеті төмендеп, сұйылады. Сондықтан селекция жұмыстарымен үзбей айналысып, асыл тұқымды малдың ұрпақ жалғастыруын ұйымдастырудамыз. Жас төл­дерді өзге шаруашылықтарға сатамыз. Мемлекеттен 2,5 пайызбен 257 млн теңге қаражат алып, 200-ден аса сиыр сатып алғанбыз. Оның арқасында кеңейіп, сиыр санын көбейттік», дейді ферма басшысы Қуаныш Темірғалин.

Фермадағы шеңберлі сауу жүйесінде сиырлар күніне 3 мәрте сауылады. Сүттің май­лылығы – 4,5 пайыз. Мұндай сапасы жоғары шикізатты зауыттар бірден қабылдауға бейім.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар