2025 жылдың 11 айында Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 7 467 926 шақыртуға қызмет көрсетті. Оның 1 375 401-і емханалар жанындағы мобильді бригадалар арқылы атқарылса, қалғаны жедел жәрдем қызметінің үлесіне тиесілі. Бұл туралы Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ең көп шақырту Алматы қаласында, Түркістан облысында және Астанада тіркелген.
Шақыртулардың негізгі үлесі мына ауру түрлеріне тиесілі болды:
– Тыныс алу жүйесі аурулары – 1 778 189 (23,8%);– Жүрек-қан тамырлары аурулары – 1 434 483 (19,2%);– Өзге аурулар – 1 249 223 (16,7%);– Жарақаттар, уланулар және жазатайым оқиғалар – 735 183 (9,8%), оның ішінде жол-көлік оқиғалары – 40 972;– Жүйке жүйесі аурулары – 714 915 (9,6%).
Есепті кезең қорытындысы бойынша сәтті реанимация көрсеткіші 8,2%-ға өсіп, 60,3%-ды құрады. Жедел санаттағы шақыртуды бригадаға беру уақыты орта есеппен 1,7 минут, ал бірінші шұғыл санаты бойынша жету уақыты 8,8 минут болды.
Жарақаттарға байланысты 685 503 шақырту, соның ішінде 40 972-сі жол-көлік оқиғалары бойынша тіркелген. ЖКО салдарынан 52 097 адам зардап шеккен, олардың 64,3%-ы ауруханаға жеткізілген. Қаза тапқандардың үлесі зардап шеккендердің 2,4%-ын құрады. ЖКО кезінде жедел жәрдемнің орташа жету уақыты – 8 минут.
Жедел миокард инфарктісі бойынша 27 378 шақыртуға қызмет көрсетіліп, көрсетілім болған жағдайлардың 89,9%-ында тромболитикалық терапия жүргізілген. Инсульт бойынша 52 207 шақырту тіркелді. Науқастарды инсульт орталықтарына белгіленген мерзімде жеткізу көрсеткіші қалада 97,9%, ауылдық жерлерде 88,5% болды.
Қазіргі таңда ел бойынша бір ауысымда 1 618 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның 258-і дәрігерлік, 1 360-ы фельдшерлік бригадалар. Жедел жәрдем қызметінің кадрмен қамтылу деңгейі 86,8%, оның ішінде дәрігерлермен – 74,8%, орта буын медицина қызметкерлерімен – 88,1%.