Швейцарияның Давос қаласына бет алған АҚШ президенті Дональд Трамп мінген Air Force One ұшағы кенет бағытын өзгертіп, Мэриленд штатындағы базаға кері оралды, деп хабарлайды Egemen.kz Daily Mail-ге сілтеме жасап.
Daily Mail басылымының мәліметінше, АҚШ басшысы Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу үшін Давосқа ұшып бара жатқан сәтте президент ұшағы күрт кері бұрылып, Мэриленд штатындағы Эндрюс біріккен әуе базасына қонған. Бұған «электр сымдарындағы ақау» себеп болғаны айтылды.
Ұшақ бортында Трамп әкімшілігінің мүшелері болған. Олардың қатарында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, әкімшілік басшысы Сьюзи Уайлз, кеңесші Стивен Миллер, Ливитт, коммуникациялар жөніндегі директор Стивен Чанг және протокол қызметінің жетекшісі Моника Кроули бар.
Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің мүшесі болуға шақырды
Ұшақтың Цюрих қаласына қонуы күтіледі, одан кейін Трамп тікұшақпен Давосқа аттанады. Бұл қалада жыл сайын көптеген миллиардерлер жиналатын Дүниежүзілік экономикалық форум өтеді.
Ұшар алдында Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде «Америка Давоста лайықты түрде ұсынылады. Құдай баршаңызды жарылқасын!» деп жазған еді.
Трамп бұған дейін де Air Force One ұшағының көлемі мен заманауилығына қатысты наразылық білдірген болатын.