• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айбын 29 Қаңтар, 2026

Қорғаныс қуаты арта береді

20 рет
көрсетілді

Дүниежүзіндегі 145 елдің қарулы күштер әлеуетін салыстырып, рейтингін жасап отыратын «Global Firepower» (GFP) атты беделді тәуелсіз платформа таяу күндері осы жылға арналған жаңа мәліметтерін жариялады. Зерттеулерге сәйкес, Қазақ елінің Қарулы күштері 58-орынға тұрақтаған.

«Global Firepower» әр мемлекеттің 60 параметр бо­йынша мүмкіндіктерін сарапқа салады. Негізінен әскер саны, құрылымы, қорғанысқа бөлінетін қаражат, өндірістік базасы, логистикалық мүмкіндіктері, жағрапиясы, т.б. бағаланады. Тек ядролық арсенал ғана есепке алынбайды. Өйткені әлемде бұл қару түріне санаулы ел ғана ие.

Біздің еліміздің жекелеген көрсеткіштеріне назар салсақ, кейбір параметрлер бойынша жоғары орындардан көрінген екенбіз. Бұлар – қару-жарақ түріндегі жетістіктер болмаса да, соғыс бола қалған жағдайда маңызы аса жоғары мүмкіндіктер.

Мәселен, «Көмір өндіру» мен «Жер көлемі» пара­метрлері жөнінен сәйкесінше 8, 9-орындарда тұрмыз. Жобада көмірдің соғыс уақытында, әсіресе ұзаққа созылатын қарулы қақтығыстар кезінде аса қажет ресурс болатыны айтылған. Ал жер көлемінің үлкендегі – кез келген ел үшін маңызды артықшылық. Өйткені жері үлкен елдерді жаулап алу қиынырақ болары түсінікті.

Сондай-ақ «Көмір кенінің қоры» жөнінен – 11, «Мұнай қоры» жөнінен – 12, «Мұнай өндіру» жөнінен – 13, «Табиғи газ қоры» жөнінен 15-орында тұрғанымыз көрсетілген. Әрбір параметрге берілген түсініктемеге сүйенсек, көмір секілді, соғыс кезінде мұнай мен газдың да маңызы аса өзекті. Өйткені бұларсыз соғыс техникаларының жұмысын көзге елестету мүмкін емес.

Сонымен қатар «Темір жолмен қамтылу» пара­метрі бойынша 17-орыннан көрінген екенбіз. «Соғыс уақытында темір жол жауынгерлік элементтерді жұ­мылдыру үшін шешуші мәнге ие болады. Ол стратегиялық маңызы зор аймақтарға жетуге, өте ауыр қару-жарақ пен материалдарды тасымалдауға мүм­кіндік береді» делінген зерттеуде.

«Дүркіндетіп ататын реактивті жүйелердің саны (ДАРЖ)» бойынша әлемде алғашқы жиырмалыққа енуіміз – шын мәнінде зор жетістік. Нақтырақ айтқанда, 145 елдің ішінде 19-орынға жайғасыппыз. Түсінікті болу үшін айтсақ, ДАРЖ дегеніміз – Екінші дүниежүзілік соғыста кеңес армиясы қолданған «Катюша» жауынгерлік көлігі секілді техникалар. Жалпы, әлемде ДАРЖ тарихы «Катюшадан» басталған болатын. Бұл техникалардың пайда болуы соғыс іс-қимылдарына түбегейлі өзгеріс енгізді. Қазіргі таңда америкалық HIMARS секілді заманауи жүйелер қолданыста. Олардың атқан зымыраны 300 шақырымға дейінгі нысананы қағып түсіруге қауқарлы.

Ал біздің еліміз негізінен «Град», «Ураган», «Смерч» секілді кеңестік жүйелердің жетілдірілген түрлерін қолданады.

Жалпы, ДАРЖ саны жағынан GFP рейтингінде Қытай көш бастап тұрса, екінші орынға Ресей, үшіншіге АҚШ жайғасқанын айта кетейік. Сондай-ақ Иран төртінші, Солтүстік Корея алтыншы, Әзербайжан тоғызыншы, Украина 18-орыннан көрініпті.

GFP рейтингіне сай тағы бір жетістігіміз – «Әскерилендірілген құрылымдар саны» параметрі бойынша 145 елдің ішінде 21-орыннан көрінгеніміз. Бұл Қарулы күштеріміз бен оның резерві талапқа сай екенін көрсетеді.

Дегенмен кейбір параметрлер бойынша жағдайымыз төмен екенін де айта кетейік. Мәселен, арнайы мақсаттағы ұшақтар саны, шекарасының ұзындығы, т.б. жағынан 100-ден төмен орындарды иелендік. Бұған қоса, ұшақ пен тікұшақ тасымалдайтын кемелер, субмариналар секілді теңіз күштеріне тән техникалар саны жағынан соңғы орындамыз.

Әлемде әскери авиация саны жағынан – 50, танк саны бойынша – 39, теңіз флоты бойынша – 61-орында тұрмыз. Ал GFP рейтингінде еліміз әскери бюджеті жөнінен 145 мемлекеттің ішінде 54-орында тұрғанымыз көрсетілген.

Енді, жалпы көрсеткішке көшсек, әлемнің ең үздік үштігінде АҚШ, Ресей, Қытай армиялары тұр. Бұлармен бірге алғашқы ондықта рет-ретімен Үндістан, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Түркия, Италия жайғасқан. Бұрынғы кеңестік республикалар арасынан Украина – 20, Өзбекстан – 53, Әзербайжан – 60, Беларусь – 70, Түрікменстан – 78, Тәжікстан – 100, Қырғызстан 109-орында.

Дегенмен, бұл платформаның деректері сырттай тәуелсіз зерттеу нәтижелері ғана екенін де ұмытпау керек. Мұнда көрсетілген кейбір мәліметтер шындыққа жанаспауы да ғажап емес. Көп елдердің әскери күш-қуаты жайындағы деректер құпия ұсталатыны да белгілі. Сондықтан «Global Firepower» зерттеулері әлем елдерінің армиялары жайында жалпылама түсінік бергенімен, нақты дереккөз ретінде атауға келмейтінін еске тұтқан ләзім.

Соңғы жаңалықтар