Ұлттық парктің автокөлік паркі 8 жаңа өрт сөндіргіш машинамен толықты. Заманауи техника өрттің алдын алу мен жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттырады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлауынша, бұл техникалар үш тоннаға дейін су тасымалдай алады әрі жол талғамайды. Автокөліктер өрт кезінде дөңгелектерді сулап отыру жүйесімен және өртті жүріп келе жатып та сөндіру мүмкіндігімен жабдықталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап өртке қарсы жабдықтарды жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толық жаңарту, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін күшейту. Аталған бағдарлама аясында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне орман өртін сөндіруге арналған жаңа 8 техника табысталды. Бұл заманауи техника өрттің алдын алу мен жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттырады», деп хабарлады инспекциядан.
Еске сала кетейік, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - елімізде алғаш ашылған парктердің бірі. Аумағы 68 мың гектар. Былтыр мекеменің құрылғанына 40 жыл толды.