Сарапшылар жаңа Конституция жобасы биліктің жаңа архитектурасын қалыптастырып, қоғамды одан әрі демократияландыруға жағдай жасайтынын айтады. Кеше Президенттік орталықта ғылыми қауымдастық, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері жаңа Ата заң жобасының негізгі ережелеріне сараптамалық талдау жүргізді.
«Жаңа Конституция жобасында айқындалған мемлекеттің жаңа моделінің басты ерекшелігі – Парламенттің, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның рөлін күшейту, сондай-ақ адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту. Бұл Қазақстан қоғамын жаңғырту үдерісіндегі маңызды межелі кезең, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев жариялаған Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағыттың логикалық жалғасы саналады», – деп атап өтті Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, еліміз өзінің саяси дамуының сапалық жаңа кезеңіне қадам басты. Елде жүзеге асырылып жатқан консенсус реформаларын бағалау кезінде кейінгі онжылдықта әлемде болған ауқымды геосаяси өзгерістерді ескеру қажет.
«Күрделі халықаралық ахуалда мемлекеттің біртұтас құрылымы мен президенттік басқару формасын сақтау еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Орталықтандырылған, тиімді басқару жүйесі елдің тұрақтылығы мен территориялық тұтастығын қамтамасыз етеді», — деді ол.
Ал парламентші Ажар Сағандықова жаңа редакциядағы Негізгі заң жобасында мемлекетті жүйенің орталығы ретінде қараудан адамды оның басты мәні ретінде айқындайтын түбегейлі бетбұрыс жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұстаным құжаттың құрылымынан, преамбуласынан, бөлімдердің қайта қаралуынан, сондай-ақ құқықтар мен бостандықтардың кепілдіктерін күшейтуден көрініс тапқан.
Бүгінде Конституция жобасында дәл осы кепілдіктерге ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, адамның мемлекетпен алғашқы өзара іс-қимылынан бастап процессуалдық құқықтарының қамтамасыз етілуі, жеке өмірі мен дербес деректерін, оның ішінде цифрлық ортада қорғау, адвокатураның рөлін нығайту және құқықтарды қорғаудың түсінікті әрі тиімді тетіктерін бекіту көзделген.
«Бүгінде жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау үдерісіне азаматтардың белсенді қатысуын елдегі саяси жаңғырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Осы орайда азаматтық белсенділіктің артуы конституциялық реформаның қоғамдық легитимділігін нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, азаматтардың саяси-құқықтық санасының өсуіне де әсер етеді. Әртүрлі қауымдастықтар мен кәсіби топтардың ұсыныстары Конституция жобасының сапасын арттыруға, оны қоғамның нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді», – деді Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов.
Жиынды қорытындылай келе, сарапшылар мемлекеттің жаңа моделі Парламенттің, сот жүйесі мен азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді неғұрлым теңгерімді бөлуге бағытталғандығымен ерекшеленетінін айтты.