Конституциялық реформа – мемлекеттің саяси жаңғыру жолындағы маңызды кезеңнің бірі. Ол билік жүйесінің тепе-теңдігін сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Кеше өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысында сарапшылар осы және өзге де өзекті өзгерістердің жай-жапсарын талқыға салды.
Жаңа Конституция жалпыға түсінікті болады
Жиында сөз алған Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин мазмұн, ұстаным, мағына, жаңашылдық, тілдік норма жағынан қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата заңның арасындағы айырмашылық айтарлықтай екенін мәлімдеді. Өз сөзін реформаға қатысты түрлі хат пен пікір келіп түскенінен бастап, жаңа жобаның қажеттілігі мен маңызын көпшілік дұрыс қабылдап жатқанын айтты. Қолдау көрсеткен барша азаматқа Конституциялық комиссия атынан алғысын білдірді. «Жаңа Конституцияны әуре боп қабылдаудың қандай қажеті бар еді?» немесе «Ескі Ата заң қала берсін» дейтін пікірлер де кездесіп жатыр» деп айта келе, ол әрбір отырыста қоғаммен кері байланыс орнатып, туындап отырған сұрақтарға үнемі үн қатып жүргеніне назар аударды.
Бұл жолы да Мемлекеттік кеңесші туындаған бірқатар сұраққа жауап беріп, мысал ретінде 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берді.
«Қазіргі Ата заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы». Осыдан не түсінуге болады?», деп сұрады ол.
Оның пікірінше, мұны бірнеше рет оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Ал мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді қолданыстағы Атаң заңның көптеген бабы мен тармағынан кездестіруге болады.
«Асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама. Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де түсініп, қабылдай алатын болады. Ең бастысы – осы», деді Е.Қарин.
Сөз соңында комиссия төрағасының орынбасары мұндай жаңашылдықты жан-жақты түсіндіру керектігін айта келе, елдік істерге ақылмен, сындарлы көзқараспен, нақты жұмыспен, жасампаздықпен кірісу маңызды екенін атап өтті.
Азамат құқығын қорғау – басты міндет
Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев жаңа Ата заң жобасындағы 18-бапты нақтылауды ұсынды. Оның айтуынша, комиссияның қарауына Конституция жобасының 18-бабына қатысты бірқатар ұсыныс келіп түскен. Заңгерлер мен мамандардың пікірінше, заң техникасы тұрғысынан айқындайтын мәселе бар.
«Осы баптың 2-тармағында «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген. Бұл жалпы дұрыс. Дегенмен, орыс тіліндегі аудармасында «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған. Сол себепті кейбір мамандар «сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды» деп түсіну қаупі бар екенін айтып жатыр», деді ол.
Ж.Өмірәлиев кісі өлтіру секілді қауіпті қылмыстар кідірісті көтермейтіні анық, сондықтан қылмысты тоқтату, күдіктіні дереу оқшаулау құқық қорғау қызметінің ең негізгі міндетінің бірі екенін айтты. «Тек осыдан кейін ғана сот оны күзетпен ұстау туралы шешімді қабылдайды. Бұл дүниежүзілік тәжірибе саналады. Конституцияның әрбір нормасы анық, түсінікті болуы керек. Сондықтан талқылаудағы осы норманы заң техникасы тұрғысынан қайта қарап, нақтылауды ұсынамын», деді ол.
Ал Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын Ата заң деңгейінде бекітуді ұсынды. Спикер мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі мәселесіне ерекше назар аударды. Дәл осы әрекетсіздік құқықтардың ең жиі бұзылуына әкеледі. Бұл – өтініштерді қарау мерзімдерінің созылуы, міндетті шешімдердің қабылданбауы, сот актілерін орындаудан жалтару, қызметтік міндеттерге формалды көзқарас таныту, т.б.
«Әрекетсіздік кезінде де, заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда да билік өкілеттіктерін жүзеге асырудың заңда белгіленген тәртібі бұзылады әрі жеке тұлғаның мүдделеріне нұқсан келеді. Осындай сын-қатерді ескере отырып, мемлекет азаматты заңсыз әрекеттер мен шешімдер қаупінен барынша қорғау үшін өзара іс-қимыл рәсімдерін тұрақты жаңартып, іс жүргізу заңнамасының тиімділігін арттырып отырады», деп атап өтті С.Ақылбай.
2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, қолданысқа енуі де көп жайттан хабар береді. Кодекс мемлекеттік аппараттың құқықтық санасына түбегейлі өзгеріс енгізіп, «азамат бәрін өзі дәлелдеуге тиіс» деген түсініктен «егер азаматта мемлекеттік органдар шешімдерінің заңдылығына күмән туындаса, керісінше, соның заңдылығын дәлелдеу – мемлекеттік органның міндеті» қағидатына көшуге мәжбүр етті.
«Қылмыстық қудалау, әкімшілік мәжбүрлеу, лицензиялау, жер және салық салаларындағы жағдайлар ерекше сезімтал, өйткені бұл салаларда билік тарапынан жіберілген қателер немесе өкілеттіктерді теріс пайдалану елеулі әрі ұзақмерзімді салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын конституциялық деңгейде бекіту мәселесін көтеру маңызды. Бұл азаматтық-құқықтық жауаптылықтың дәстүрлі институтын толықтырады, жеке адам мен жария билік арасындағы бұзылған тепе-теңдікті қалпына келтірудің тиімді құралы болады», деді комиссия мүшесі.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова да осы тақырыпты қолдап, әрбір азаматтың мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келген зиянды өтеу құқығы туралы норманы енгізуді ұсынды.
Қ.Жаманқұлованың пікірінше, адамның мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келтірілген зиянды өтеу құқығы – заң үстемдігі салтанат құрған мемлекеттің және құқықтар мен бостандықтардың нақты сипатының негізгі элементінің бірі. «Отандастарымыз осындай залал үшін барабар өтемақы алуға тиіс. Егер азаматқа әділетсіздік жасалса, ол жұмсаған уақыты, ақшасы немесе тіпті жүйкесі үшін өтемақы алуы керек», деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, мұндай конституциялық кепілдік азаматтарды қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз шешімдер мен іс-әрекеттер қабылдау қаупін азайта отырып, тұрақты алдын алу әсерін тигізеді.
Ұлттық валюта – тәуелсіздік нышаны
Мәжіліс депутаты, «Respublika» партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров өз сөзінде ұлттық валюта мәртебесін Ата заңда бекіту туралы мәлімдеді. Бұл – ел азаматтары тарапынан түскен ұсыныстың бірі. Ұлттық валютаның болуы мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі саналады.
«Ұлттық валютаның мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту – теңгенің институционалдық маңызын нақтылап, қаржы-валюта айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ұлттық валютамызды Конституцияда бекіту арқылы болашақта әртүрлі алыпқашпа пікірлер мен алыпқашпа әңгімелердің алдын алар едік», деп нақтылап өтті депутат.
А.Қожаназаровтың айтуынша, қазір теңге мәртебесі заңмен реттелген. «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» заңға сәйкес ұлттық валюта – теңге. Алайда әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселені Конституция деңгейінде нақтылау аса маңызды.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та осы ойды жалғап, ұлттық валютамыз Конституция арқылы қорғалуы керек екенін жеткізді. Ол теңгенің тек ақша айналымының негізі ғана емес, сонымен бірге оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін эмиссиялық орган – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің рөлін Конституцияда нақты көрсету қажеттігін атап өтті.
Оның пікірінше, Ата заңда цифрлық қаржы құралдары мен виртуалды активтердің дамуын ескере отырып, ұлттық валютаны нақты көрсету маңызды. Сондықтан ол бұл норманы конституциялық деңгейде бекітуді қажет деп есептейді.
Ата заңның қазақ тіліндегі мәтінімен жұмыс істейтін арнайы топ құрылып, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарылды. Бұл туралы ҚазГЗУ АҚ басқарма төрағасы, профессор Талғат Нәрікбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, терминдер жүйеленіп, қазақ тілі заңдылығына сай жазылған.
«Комиссияның алғашқы отырысында көтерілген терминдердің бірізділігі мәселесінің ескерілгенін атап өткім келеді. Мысалы, заңгерлер қолданыстағы Конституцияда «құқылы», «хақылы», «құқығы бар», «құқығы жоқ», «хақысы бар» сияқты терминдер әртүрлі контексте қолданылатынын жиі сынға алатын. Жаңа мәтінде осы терминдер мағынасына қарай жүйеленіп, бір ізге түскен. Сондай-ақ терминология мәселесінде қазақ тіліндегі заңдылықтар мен ерекшеліктер ескерілген», деді ол.