Энергетика саласын дамыту – экономикалық өсім мен технологиялық жаңғырудың басты шарты. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмалары саланы жаңғыртудың жүйелі бағдарламасына айналып отыр.
Электр энергиясына сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Өнеркәсіптің кеңеюі, урбанизация, цифрлық инфрақұрылымның дамуы қуат жүктемесін арттырады. Мұндай жағдайда энергетикалық саясаттың басты міндеті – тапшылық тәуекелін жою ғана емес, болашақтағы сұранысты алдын ала есептеп, икемді жүйе қалыптастыру. Қабылданған шаралар қуатты ұлғайтуға, генерацияны жаңғыртуға, жаңа инфрақұрылым құруға бағытталған.
Энергетика министрлігінің есебіне сүйенсек, 2027 жылдың І тоқсанына қарай елдің ішкі қажеттілігі толық қамтылады. 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу жоспарланған. Мұндай көрсеткіш тек сандық өсімді білдірмейді. Ол – жүйенің икемділігі артқанын, резервтердің қалыптасқанын, жүктемені басқару мүмкіндігі кеңейгенін көрсететін сапалық өзгеріс.
«Елдің энергия жүйесінде 241 көз жұмыс істейді, оның 162-сі жаңартылатын энергия нысандары. Былтырғы жылдың қорытындысында белгіленген қуат 26,7 ГВт-қа жетті. Генерация құрылымы теңгерімді сипатқа ие. Көмір стансалары 13,8 ГВт, газ стансалары 6,8 ГВт, ірі гидроэлектростансалар 2,5 ГВт, жаңартылатын энергия көздері 3,6 ГВт береді. Бұл модель жүйелік тұрақтылықты сақтайды, сондай-ақ энергия көздерін әртараптандыруға жол ашады. Мұндай тәсіл энергетикалық қауіпсіздік пен экологиялық талап арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұруға мүмкіндік береді», деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Саладағы өзгеріс ауқымы ірі инвестициялық жобалар арқылы көрінеді. 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа қуатты іске қосу көзделген. Оның 5 ГВт-ы қолданыстағы стансаларды жаңартуға, 10,5 ГВт жаңа дәстүрлі генерацияға, 8,4 ГВт жаңартылатын энергия жобаларына, 2,4 ГВт атом энергетикасына тиесілі. Бұл құрылым энергетикалық жүйені бір ғана бағытқа тәуелді етпей, ұзақмерзімді тұрақтылыққа негіз қалайды. Мұнда өндірістік сенімділік пен технологиялық жаңғыру қатар жүреді.
Маневрлік генерацияны күшейту – энергетикалық реформаның өзегіне айналған бағыт. Жүктеме тәуліктің әр кезеңінде өзгеріп отырады, ал икемсіз жүйе тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан гидроэлектростансалар, бу-газ қондырғылары, жаңа қуат көздері жедел реттеу мүмкіндігін кеңейтеді. Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы бу-газ жобалары, Алматыдағы жылу электр орталықтарын газға көшіру бастамасы жүйенің икемділігін арттырып, экологиялық көрсеткішті жақсартады. Бұл – тек өндірістік жаңарту емес, тұтыну құрылымына бейімделген интеллектуалды жүйе құру қадамы.
«Жаңартылатын энергетиканы дамыту энергия жинақтау технологиясымен ұштасады. Сыйымдылығы сағатына 3 ГВт-тан асатын жинақтағыштарды енгізу артық қуатты сақтау мен оны жүктеме жоғары кезеңде пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай шешім энергетикалық тұрақтылықты жаңа деңгейге көтеріп, жүйенің тиімділігін арттырады. Энергетика енді тек өндірумен шектелмейді – ол басқару, сақтау, теңгерімдеу қабілеті бар кешенді инфрақұрылымға айналып келеді», деді ведомство басшысы.
Генерацияны дамыту аукциондық іріктеу арқылы жалғасып келеді. Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласында жиынтық қуаты шамамен 1,8 ГВт болатын төрт бу-газ жобасы іске асырылып отыр. Бұл стансалар жүктемені икемді реттеуге жағдай жасап, энергия жүйесінің тұрақтылығын күшейтеді.
2024 жылғы тамыздағы сауда қорытындысында Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстарында қуаты 700 МВт бу-газ жобалары анықталды. Оларды іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Былтыр желтоқсанда Астанада 500 МВт бу-газ стансасын салуға арналған тағы бір іріктеу өтті. Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру биыл аяқталады. Бұл шешім маневрлік қуатты кеңейтіп, экологиялық жүктемені тағы азайтады.
Инвестициялық серпін энергетикалық жаңғырудың нақты көрсеткіші саналады. Жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 80-нен астам жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар дәстүрлі генерация мен жаңартылатын секторды қатар қамтиды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жаңартылған үлгісі инфрақұрылымды жаңартуға ауқымды қаржы тартуға жол ашқан. Инвестициялық модель саланың экономикалық тартымдылығын күшейтіп, ұзақмерзімді модернизацияға негіз қалап отыр.
Е.Ақкенженовтің айтуынша, көмір генерациясы да жаңаша көзқараспен дамып келеді. Таза технологияларды енгізу көмір энергетикасының экологиялық әсерін төмендетуге бағытталған. Екібастұз МАЭС-3, Курчатовтағы жаңа станса, өңірлердегі жылу электр орталықтары энергетикалық базаны нығайтады. Жабдықтарды күрделі жөндеу тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендетіп, өндірістік сенімділікті арттырады. Бұл бағыт елдің шикізаттық әлеуетін тиімді пайдаланумен қатар, технологиялық жаңғыртуға жағдай жасайды.
Қуатты кезең-кезеңімен енгізу кестесі жүйелі түрде жүзеге асады. Алдағы жылдары мыңдаған мегаватт іске қосылып, ішкі сұраныс толық жабылыпты. Кейінгі кезеңде экспорттық әлеует кеңейген. Бұл энергетиканың аймақтық интеграциядағы рөлін күшейтіп, экономикалық мүмкіндіктерді ұлғайтады.
Оңтүстік өңір желісін күшейту, батыс аймақты бірыңғай жүйеге қосу жобасы энергетикалық тұтастықты қамтамасыз етеді. Каспий теңізі арқылы өтетін жасыл энергетикалық дәліз өңірлік ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырады. Бұл бастама елімізді халықаралық энергетикалық хаб ретінде танытады.
«Министрлік қазірдің өзінде 2027 жылға қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік беретін бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып отыр. 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу жоспарланып отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта көмір генерациясын дамыту жобасы әзірленіп жатыр. Онда басымдық таза көмір технологияларына беріледі. Жоспарда Курчатов қаласында жаңа станса мен Екібастұзда МАЭС-3 құрылысын салу қарастырылған. Сондай-ақ 2026 жылы 2,6 мың МВт-тан астам жаңа қуат іске қосылады. Барлық жұмыс бір мақсатқа, елдің бүкіл энергожүйесінің сенімділігін, тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», деді Е.Ақкенженов.
Президенттің электр энергетикасын дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру елдің тұрақты әрі теңгерімді энергетикалық контурын қалыптастырады. Жаңа қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосу, қолданыстағы генерацияны жаңғырту мен инвестициялық тетіктерді іске қосу тапшылық тәуекелін жойып қана қоймай, экономика дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.