• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 16:45

Аида Балаева: Конституция қоғамның ортақ құндылықтары мен жауапкершілігін айқындайды

90 рет
көрсетілді

Бүгінде Мемлекет басшысының ел дамуының стратегиялық бағдарына негізделген саяси реформаларының нәтижесінде Қазақстанда әділетті әрі ашық қоғам қалыптасты деуге толық негіз бар. Бұл туралы Конституция жобасын талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Азаматтардың Ата Заңның әрбір жолына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын терең пайымдауы – қоғамның саяси мәдениетінің кемелденгенін және азаматтық жауапкершіліктің артқанын айқын аңғартады», деп атап өтті Аида Балаева.

Үкімет басшысының орынбасары қоғамда бұл мәселеге қатысты әртүрлі көзқарас бар екенін атап өтіп, олардың ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Премьер-министрдің орынбасары әлеуметтік желілерде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікірлердің таралғанын тілге тиек етіп, олардың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының Преамбуласы мен бірінші бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет мәртебесі нақты айқындалғанына назар аударды.

Әділ еңбек, қауіпсіз жұмыс, лайықты жалақы: Максим Рожин жаңа Конституцияның маңызды тұсын атады

Бұдан бөлек, мемлекет азаматтардың ақысыз негізде медициналық көмек алуына кепілдік беретіні айқындалды.

«Тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ – «азаматтар ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты. Яғни, азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді», деді Аида Балаева.

Ол сондай-ақ аталған қызметтердің ешқашан өздігінен тегін болмағанын, олардың әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келгенін түсіндірді. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Конституция жобасының 32 және 33-баптарында азаматтардың ақысыз медициналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқықтары сақталғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ақылы медициналық көмек алу құқығы азаматтардың денсаулығын сақтаудағы мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды норма екенін айтты.

Сонымен бірге ол бірқатар ұғымдарды нақтылау жөнінде ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, 33-баптағы «бастауыш және орта білім» тіркесін «жалпы орта білім» немесе «орта мектеп» ұғымымен алмастыру қажеттігін айтты. Себебі, құқықтық тұрғыда білім туралы құжат тек 9 және 11-сыныптардан кейін беріледі.

«Волонтерлік» ұғымын Конституцияда бекіту ұсынылды

Сондай-ақ жоғары білім алу құқығын тек мемлекеттік жоғары оқу орындарымен шектемеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесінде жұмыс істейді және азаматтар мемлекеттік грантты жекеменшік университеттерде де пайдалана алады.

Аида Балаева жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалғанын айтты. Бұл көпконфессиялы қоғамда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар Конституцияда некенің ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені нақты бекітілген.

«Аталған норма отбасы институтының тұрақтылығын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды жоғарғы құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқығы мен заңды мүдделерін күшейтуге сеп болары анық», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сөз бостандығына қатысты мәселеге де тоқталған Аида Балаева жаңа Конституция жобасы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сөз бостандығына кепілдік беретінін айтты. Мәдениет және ақпарат министрі журналистердің ашық хатына байланысты медиақауымдастықтың үндеуімен мұқият танысқанын айтып, бұл түзетулер ешқандай жағдайда сөз бостандығын шектеуге әкеп соқпайтынын жеткізді.

Сөз соңында Аида Балаева жаңа Конституция жобасында мәдениет, шығармашылық, ғылым мен білімді дамытуға ерекше мән берілгенін еске салды. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті ұлықтау, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалғанын айтты. Сондай-ақ жасанды интеллект қолданылған жағдайда да шешуші рөл әрдайым адам ақыл-ойына тиесілі болып қала беретінін атап өтті.

Бақыт Нұрмұханов: Жаңа Конституцияның жобасына теңгені ұлттық валюта ретінде бекітетін норма енгізілді

Қорытындылай келе, Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция елдің бірлігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі құқықтық тірек екенін баса айтты.

Соңғы жаңалықтар