• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:45

Жаңатастағы жойқын дауыл

10 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында бірер жылда бір айналып соғатын құйын желден Жаңатас жұрты жабығып, Қаратау халқы қамығып жататыны бар. Үш жыл бұрын осы екі аудан халқы қытымыр қыс мезгілінде жылу мен жарықтан ажырап, ықылым заман адамдарының күйін кешкен еді. 6 ақпанда соққан дауыл жел Жаңатас қаласының халқын әбігерге салды.

Қатты желден 7 тұрғын үй­дің шатыры жартылай ұшып кетті. Сондай-ақ 7 кәсіпкерлік нысанның шатыры бүлініп, шамамен 2 шақырымға жуық электр желісі үзілген. Мұн­дай құйын желдің талайын көрсе де, қала халқы осы жолы тіпті дүрлігіп қалды.

Өңір басшысы Е.Қарашөкеев Сарысу ауданына арнайы барып, дауыл салдарынан бүлін­ген нысандарды аралап, жағ­дай­мен танысты. Жергілікті халықпен пікірлесті.

«Ел ішінде «апат айтып кел­мейді» деген сөз бар. Екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен жойқын жел бәрімізді қат­ты алаңдатты. Табиғаттың тосын мінезіне әрқашан дайын болуы­мыз керек. Аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарын жоюға қажет­ті қаржы қарастырылды. Бұл мәселе тікелей өзімнің бақы­лауымда болады», деді облыс әкімі жергілікті халықтың көке­йіндегі күдікті сейілтіп.

Жаңатастағы жел салдарынан ең бастысы адам зардап шекпегеніне тәубе деп отырмыз. Қалай болған күнде де Жаңатас пен Қаратау халқы қыс мезгілінде дүлей дауыл соқпаса деп тілеп отырады. Қысқа қанша дайындық жұмысы жүргізілсе де, екі қаланың тұрғындары табиғаттың тосын мінезінен айтарлықтай қаймығады.

Қазір дауыл салдарынан кел­ген зардапты жоюға қатысты нақтылы жұмыстар атқарылып жатыр. Қыс мезгілі жетсе, бет қаратпайтын боранмен алысатын Жуалы жұрты, жойқын желден жүрексінетін Қара­тау мен Жаңатас халқы бұдан бұрын да талай қиындықты бас­тан өткерген. Табиғаттың осы жолғы тосын сынағы олардың қасында жеңілдеу көрінеді. Ең бастысы, жергілікті халықтың жүйкесін жұқартқан жойқын жел қайталанбаса болғаны.

 

Жамбыл облысы