• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 12:06

Тоқаев: Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек

20 рет
көрсетілді

Кеңейтілген үкімет отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін мәлімдеп, бұл бағыт елдің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Мемлекет басшысы салғырттыққа жол берілсе, қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалу қаупі бар екенін ескертті, деп жазады Egemen.kz.

«Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық тәсілдер артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқарудағы тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға жол ашады. Бұл үдерістің өзегінде жасанды интеллект тұруы тиіс.

«Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев: Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру міндет

Президент Үкіметке мұндай жобаларды толық әрі уақтылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты айқындауды тапсырды. Әйтпесе, ауқымды жоспарлардың қағаз жүзінде қалып қою қаупі бар екенін қадап айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы цифрландыруға қатысты формализмді сынға алды. Оның айтуынша, кей жағдайда Үкімет мүшелері мен әкімдер салалардағы кемшіліктердің бәрін жаппай цифрландырумен «жабуға» тырысады.

«Жаппай цифрландыру енгізілсе, барлық олқылық өздігінен жойылады дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады», деді Президент.

Жаслан Мәдиев: Цифрландыру – экономиканың қозғаушы күш

Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қарастыру қажет екенін атап өтті. Үкімет бизнеске цифрлық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік беретін нақты қолдау шараларын әзірлеуі тиіс.

Мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру және мемлекеттік дерекқорларды өзара кіріктіру жұмыстары жүріп жатқанымен, мәліметтерді басқару ісінің сапасы әлі де көңіл көншітпейді. Осыған байланысты Президент деректерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшудің маңызын атап өтті.

«Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды. Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Президент соңғы уақытта мемлекеттік цифрлық жүйелердің жиі істен шығуын ІТ-шешімдердің ескіруімен және басқару сапасының төмендігімен байланыстырды. Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес пен азаматтармен қарым-қатынасына кері әсер ететінін айтты.

Цифрлық трансформацияның барлығы QazTech платформасының негізінде жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай цифрлық платформаға көшуді қамтамасыз етуі қажет.

Елімізде барлық мемлекеттік қызмет бір платформаға көшіріледі

Президент ведомстволардың цифрландырумен ұзақ уақыт бойы бақылаусыз, әрқайсысы өз бетінше айналысқанын сынға алып, бұл қазына қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкелгенін атап өтті. Бас прокуратурада өткен жиында шашыраңқы жүйелерді біріктіруге қажет қаржы көлемі жарияланғанын да еске салды.

«Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес. Ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы цифрлық жаңғыру тек технологиялық емес, басқарушылық жауапкершілік пен нақты нәтижеге негізделуі тиіс екенін тағы бір мәрте қадап айтты.

Соңғы жаңалықтар