Алматы қаласында өмірді сақтандыруға инвестиция салу деген желеумен ұйымдастырылған ірі алаяқтық схема әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің қала бойынша департаменті заңсыз инвестициялық қызмет фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу мәліметінше, 2013-2021 жылдар аралығында күдікті «Partners & Consultants» атты «Өмірді сақтандыру» жобасын ұсынып, азаматтарға жинақтаушы сақтандыру салымдарына қаржы құюды ұсынған. Ол салымшыларды өзіне қарасты заңды тұлғалардың – Evroasia Global Investment АҚ және Evropa Investment ЖШС есепшоттарына қаражат аударуға көндіріп, жылына 12%-ға дейін тұрақты табыс түсетініне кепілдік берген.
Жобаның «сенімділігін» көрсету үшін шын мәнінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен жалған сертификаттарға сілтеме жасалған. Қаражат қолма-қолсыз тәсілмен қабылданып, кейін салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген әсер қалдыратын жалған құжаттар табысталған.
Сақтандыру полисін қалай дұрыс таңдауға болады?
Нәтижесінде 270 азамат 620 млн теңгеден астам материалдық шығынға ұшыраған. Тергеу барысында жиналған деректерге сәйкес, заңсыз алынған қаражат жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсалған. Қазір бұл мүлікке билік етуге шектеу қойылды.
eGov-та мүлікті сақтандыру сервисі іске қосылды: Төлем сомасы қанша?
Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін хабарлады.
Сақтандыру және қор нарығын дамытудың бағдарламасы әзірленеді