Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне тиесілі мемлекеттік жәрдемақы 875,2 мың отбасына беріліп, жалпы сомасы 56,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат жұмсалды.
Көпбалалы отбасылар жәрдемақысы 627,4 мың отбасына (49,2 млрд теңге) берілсе, марапатталған анаға берілетін жәрдемақымен 247,8 мың адам қамтылып, бұған 7,3 млрд теңге аударылды.
Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақы алудан 4 немесе одан да көп баласы бар, олардың арасында 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты сараланады, биылғы мөлшері мынадай: 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК (69 330 теңге) төленеді. 5 балалы анаға ай сайын 20,04 АЕК (86 673 теңге) аударылады. Өмірге алты бала әкеліп, «Күміс алқа» алған аналарға 24,05 АЕК (104 017 теңге) беріледі. Жеті бала туған «Алтын алқа» иегеріне 121 360 теңге төленеді. Сегіз баладан көп перзенті бар аналарға ай сайынғы берілетін жәрдемақы мөлшері бала санына қарай белгіленеді, әр балаға 17 300 теңге беріледі.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға тағайындалады. Бұған қоса «Күміс алқа» алған аналарға – 6,40 АЕК (27 680 теңге), «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 7,40 АЕК (32 005 теңге) беріледі.
Биыл 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға артты.