2025 жылы Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер 1 122 150 теңге сомасына тең 206 жалған ақша белгісін анықтады. Оның 203-і – банкнота, 3-еуі – монета. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда (108 дерек) 90,7%-ға жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ең көп қолдан жасалған ақша – 5 000 теңгелік банкнота. Жалпы саны 174 дана болып, барлық анықталған жалған ақшаның 84,5%-ын құрады. Одан кейін 10 000 теңгелік банкноталар – 22 дана (10,7%). Сондай-ақ 2 000 теңгелік 6 дана (2,9%), 20 000 теңгелік 1 дана (0,5%) тіркелді. Қалған 1,4%-ы монеталарға тиесілі.
Ұлттық банк 2 жаңа коллекциялық монетаны сатылымға шығарады
Ұлттық банк жалған ақша мен түпнұсқаны ажыратуға көмектесетін негізгі белгілерді атап өтті. Жалған банкноталар көбіне қарапайым офсеттік қағазға басылады және оларды жасау үшін компьютерлік техника мен түрлі түсті принтер пайдаланылады.
Мұндай ақшаларда майда жазулар көмескі болып келеді, тіпті бірнеше есе үлкейткенде де анық оқылмайды.
Сондай-ақ қолдан жасалған банкноталарда сутамғы белгісі болмайды.
Патч элементі бояумен салынғандықтан, көлемдік әсер бермейді, жарық түскенде голографиялық қасиет байқалмайды және номинал суреті өрнекке ауыспайды.
Қорғаныш жібі де динамикалық әрі түс өзгерту әсеріне ие емес, жарыққа тосқанда тұтас сызық болып көрінбейді.
Ал шынайы банкноталарда көзбен және қолмен тексергенде бірден байқалатын бірнеше қорғаныш белгісі бар.
Ұлттық банк банкаралық мобильді төлемдер жүйесін әзірледі
Ұлттық банк жалған ақша жасаудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және азаматтарды қолма-қол есеп айырысу кезінде мұқият болуға шақырады. Егер күмәнді, әсіресе сыртқы келбеті түпнұсқаға ұқсас банкнота кездессе, дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.