Астанадағы Экономика үйінде «Қазақстанның экономикалық саясатының жаңа басымдықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда конституциялық реформаның экономикалық маңызы талқыланды. Жиынға жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысып, өзгерістерді іске асыру тетіктері мен ел экономикасына ықпалы туралы пікір алмасты.
Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы міндетін атқарушы Қайсар Нығметовтің айтуынша, конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, өкілеттіктерді теңгерімді қайта бөлуге, барлық саяси институттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қадамдар елдегі тепе-теңдік жүйесін нығайтып, шешім қабылдау сапасын жақсартуға бағытталған.
«Еліміздің басты мақсаты – қазіргі әлемдік күрделі жағдайда әлеуметтік экономикалық әрі халықаралық әлеуетті күшейту, тұрақты даму. Ол үшін жаһандық деңгейде жүріп жатқан жаңа үрдістерге жедел бейімделіп, экономикалық және саяси тұрғыдан тиімді әрекет ету аса маңызды. Бүгінде дамыған мемлекеттер өз экономикаларын дамытудың жаңа моделін қалыптастыруға кірісті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек. Сыртқы қысымдарға қарамастан, былтырғы жылдың қорытындысында еліміздің ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Алдағы негізгі міндет – экономикалық өсімді еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыру, адам капиталын дамыту әрі түскен табысты ел игілігіне тиімді пайдалану», деді Қ.Нығметов.
Экономика ғылымдарының докторы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіндегі Экономика институтының бас директоры Еркін Садықов экономикалық саясаттың жаңа басымдықтарына талдау жасап, өнеркәсіпті дамыту, өңдеуші секторға инвестиция тарту, бюджеттік саясат тиімділігін арттыру мен инновациялық белсенділікті күшейту стратегиялық міндеттердің қатарында екенін атап өтті.
«Биыл экономикалық саясаттың жаңа басымдықтары айқындалды. Меніңше, бұл – жай декларативті бағыт емес, экономиканы жедел жаңғыртуға бағытталған нақты бағдар. Мемлекет басшысы елімізді Еуразия кеңістігіндегі көлік, логистика және инвестициялық хаб ретінде дамыту міндетін қойды. Бұл үшін экономикалық интеграцияны тереңдету, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, технологиялық әлеуетті арттыру және цифрландыру шешуші рөл атқарады», деді Е.Садықов.
Экономика ғылымдарының докторы Сара Алпысбаева ел экономикасының ұзақмерзімді макроэкономикалық үрдістерін және оларды өңірлер бойынша таныстырды. Ол кейінгі 12 жыл ішінде ел экономикасы тұрақты өсім көрсеткенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 236,6 млрд доллардан 291,2 млрд долларға дейін ұлғайды, ал халық саны 18,3%-ға өсіп, 20 миллионнан асты. Еңбек өнімділігі 27,6 мың доллардан 26,9 мың долларға дейін аздап төмендегеніне қарамастан, өңдеуші өнеркәсіп үлесі 10,7%-дан 12,4%-ға дейін артты. Сарапшы қазіргі макроэкономикалық және демографиялық үдерістер өңірлердің теңгерімді дамуына жол ашатынын айтты. Қазір елдегі үш ірі мегаполис ел ІЖӨ-нің 37,8%-ын қалыптастырып, адам капиталы мен іскерлік белсенділік осы жерлерде шоғырланған. Мұндай әлеуетті тиімді пайдалану үшін Экономикалық зерттеулер институтында өңірлердегі өнімділікті болжауға арналған экономикалық-математикалық модель әзірленген. Ол еліміздің 20 өңірін қамтиды. Бұл модель өңірлердің салалар бойынша дамуын бағалап, өңірлік саясатты ғылыми негізге ала отырып шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Саяси ғылымдар докторы, институттың жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев конституциялық реформаның өңірлер дамуына ықпалына талдау жасады. Оның айтуынша, жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін кеңейту өңірлердің инвестициялық саясат қалыптастырудағы дербестігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға, өз аумағындағы ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
«Мұнай өндіруші өңірлердің ел экономикасына үлесі біртіндеп азайып келе жатыр, сондықтан экономиканы әртараптандыру мен жаңа өсу нүктелерін табу қажет. Конституциялық реформа өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлін күшейтетін институционалдық алғышарт қалыптастырады. Сондай-ақ жекелеген аумақтар мен «жедел дамитын қалалар» үшін арнайы құқықтық режімдер енгізу инвестиция тартуға, жаңа индустриялық аймақтарды дамытуға әрі озық өсім орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді ол.
Институттың Сараптама орталығының өкілі Айдана Байқанова мемлекеттік қызметтің экономикадағы рөліне талдау жасады.
«Мемлекеттік қызметтің сервистік моделі негізгі бағыттар, яғни қызмет сапасы, еңбек өнімділігі, кадр тұрақтылығы, адам капиталы және сенім деңгейі бойынша жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызмет алушылардың қанағаттану деңгейі 75%-ға жетеді, мемлекеттік сектордағы еңбек өнімділігі жедел өседі, кадр тұрақтылығы мен адам капиталы сапасы артады. Сонымен қатар мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі жоғарылайды, оған мемлекеттік басқару тиімділігі индексінің жақсарғаны дәлел», деді сарапшы.