• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Реформа Бүгін, 11:57

Алматы жастары мен IT қауымдастық конституциялық реформаны қолдайды

10 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы робототехника орталығының алаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері белсенді жастармен және IT саласының өкілдерімен кездесті. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді, деп жазады Egemen.kz.

Талқылауға Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, Конституциялық комиссия өкілдері, қоғамдық институттар мен білім беру саласының жетекшілері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Студенттер, жас зерттеушілер және қалалық IT-бастамалардың қатысушылары талқылауға белсенді үн қосты.

Жастар алдында сөз сөйлеген Аида Балаева жаңа Конституция жобасы елдің дамуындағы жаңа кезеңге өтуін білдіретінін атап өтті. Бұл кезеңде негізгі ресурс – шикізат емес, азаматтардың білімі мен әлеуеті болып айқындалып отыр.

«Жаңа Конституция жобасында адами капитал ел дамуының басты басымдығы ретінде нақты белгіленген. Білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияға ерекше мән беріледі, ал ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидаттар деңгейіне көтерілген. Бұл мемлекеттің болашағы тек табиғи ресурстарға емес, ең алдымен білімді, зияткерлік әлеуеті жоғары азаматтарға сүйенетінін көрсетеді», деді Аида Балаева.

Бибісара Асаубаева: Еліміздің тұрақтылығына арналған реформаларды қолдаймын

Ал депутат Сергей Пономарев өз сөзінде жастарды елдің басты зияткерлік ресурсы деп атады.

«Қазақстанды гүлдендіретін – мұнай да, газ да емес, жастардың ақыл-ойы мен әлеуеті. Сондықтан жаңа Конституция жобасында білімге, ғылымға, инвестиция мен инновацияға айрықша көңіл бөлінген. Біз әлемде алғашқылардың бірі болып Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заңды қабылдадық. Көп бағытта өзгелерден озық келеміз, сол деңгейді сақтап қалу сіздердің қолдарыңызда. Конституция «Заң және тәртіп» қағидатын, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді, сондай-ақ волонтерліктен экологиялық жауапкершілікке дейінгі жаңа басымдықтарды бекітіп отыр. Мен ел азаматтарының әрқайсысы референдумға қатысып, құжатты қолдауы маңызды деп санаймын», деді ол.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілеп Ата заңда білім, ғылым және инновацияның стратегиялық басымдық ретінде бекітілуі академиялық және студенттік қауымдастық үшін ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтынын айтты.

ЕҚЫҰ Конституциялық реформаларды қолдайды: Астанада дипломатиялық корпус үшін брифинг өткізілді

Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма басшысы Жұлдызай Ысқақова цифрлық трансформация туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді, ал халықтың шамамен 80%-ы цифрландырудың жедел қарқынын қолдайды. Сонымен бірге цифрлық сенімнің артуы интернет-алаяқтық тәуекелдерін күшейтеді. Сондықтан Конституция жобасында дербес деректерді қорғау және цифрлық ортада азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзекті. Ол сондай-ақ жастардың дауыс беруге қатысуы – ел дамуының жаңа кезеңіндегі азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.

Алматыдағы IT-экожүйені дамытудың практикалық қырларын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қоғамдық кеңесінің басшысы, Qazaq IT Community негізін қалаушы Әсел Болатжан таныстырды.

«Алматы бүгінде елдің цифрлық жүрегіне айналды. Еліміздегі IT-компаниялардың шамамен үштен бірі осында шоғырланған және IT-қызметтердің жартысынан астамының негізі қаланады. Келесі қадам – білім беру, стартаптар мен зерттеулерге арналған ықпалдастырылған алаңдарды құруды қамтитын жүйелі инфрақұрылымдық қолдау. Ауқымды цифрландыру жағдайында адамның цифрлық құқықтарын бекіту айрықша мәнге ие. Жаңа Конституция жобасы дербес деректерді қорғау мен жеке өмірге қолсұқпаушылықты цифрлық кеңістікте де қамтамасыз етуді көздейді», деді ол.

Нұрлан Имам конституциялық реформа кезеңінде қазақстандықтарды бірлік пен жауапкершілікке шақырды

Технологиялық сын-қатерлер тақырыбын ҚазҰУ-дың электроника және астрофизика кафедрасының доцент-зерттеушісі Алдияр Ағишев жалғастырды. Ол құқықтық нормалар ғылыми-технологиялық дамудың қарқынына сай болуы тиіс екенін атап өтті.

«Қазіргі технологиялар әлемді өзгертіп, жаңа міндеттер жүктеп жатыр. Конституцияда цифрлық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау туралы нормалардың бекітілуі – уақытылы қадам. Жасанды интеллектінің дамуы инфрақұрылымға, деректерге және адами капиталға сүйенеді. Есептеу қуаттарына сұраныс қарқынды өсіп келеді – ҚазҰУ-дың суперкомпьютерлік кластері ЖИ міндеттері үшін GPU-ресурстардың тапшылығын сезініп келеді. Бұл еліміздің технологиялық даму жолында белсенді ілгерілеп келе жатқанын дәлелдейді», деді ол.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы мен білім және ғылым басымдықтарын бекітудің маңызы туралы «Jastar ruhy» жастар қанатының қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек сөз қозғап, цифрлық ортада жауапкершілік пен сауатты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтты.

Алматы қаласының студенттік омбудсмені Айболат Сембиев студенттік қауымдастықтың ұстанымын білдіріп, ғылым мен цифрландыруға көңіл бөлінуі сапалы білім алу мен жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын университет алаңында талқылау тек түсіндіру шарасы ғана емес, сонымен қатар ел болашағы, адами капиталдың рөлі, цифрлық технологиялар және Қазақстанның жаңа кезеңдегі тұрақты дамуын қамтамасыз ететін әділетті қағидаттар туралы мазмұнды әңгіме болғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар