• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 13:33

Қызылша жұқтырған балалар көбейген: Дәрігерлер ата-аналарға үндеу жасады

20 рет
көрсетілді

Астанадағы №3 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасында қызылша диагнозымен ауруханаға жатқызылған балаларға кезекті тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде ауру жұқтырған балалардың саны артқаны анықталып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Аурухананың медициналық бөлім жөніндегі директор орынбасары Роза Өтегенованың айтуынша, 2025 жылдың қазан айынан бастап елордада қызылшамен ауыратын науқастар саны артқан.

«2025 жылдың қазан айынан бері қызылша диагнозымен түсетін науқастар саны көбейді. Госпитализацияның ең жоғары көрсеткіші 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларында тіркелді. Биыл қаңтардан бастап көрсеткіш төмендегенімен, бұл диагнозбен балалар әлі де түсіп жатыр», деді ол.

Атырауда жүздеген адамның қызылша жұқтырғаны хабарланды

Қазір стационарда қызылша диагнозымен 50-ден астам бала ем қабылдап жатыр. Олардың басым бөлігі – бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Сонымен қатар мектеп оқушылары мен орта және жоғары оқу орындарының студенттері де бар.

Екі жасар Асылымның анасы Бекзада Әміржанова ауру асқынғанда ғана екпенің маңызын түсінгенін айтты.

«Сәрсенбі күні қызымның қызуы көтерілді. Бұл қызылша болуы мүмкін деп ойлаған жоқпыз. Сенбі күні кешке қарай денесіне қатты бөртпе шыққан соң жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер қызылша екенін айтты. Бізді бірден жұқпалы аурулар бөліміне жатқызды. Сол жерде қызылшаға қарсы екпе алған-алмағанымызды сұрады. Өкінішке қарай, қызыма да, төрт жасар ұлыма да екпе салдырған жоқпыз. Ауруханаға түскеннен кейін балаларыма екпе салдырмағаныма қатты өкіндім», дейді ол.

Дәрігер Роза Өтегенова вакцина қызылша инфекциясының алдын алуға едәуір көмектесетінін айтты. 

«Бала екпе алмаған болса, инфекция – өте жұқпалы. Қызылша асқынғанда бронхит, әртүрлі деңгейдегі пневмония, басқа ағзалардың зақымдануы болуы мүмкін. Әсіресе орталық жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін», деп түсіндірді Роза Өтегенова.

Елімізде қызылшаға қарсы вакцинация науқаны тоқтады ма?

Оның айтуынша, қызылша ауа-тамшы жолымен тарайды және науқаспен байланыс кезінде жұқтыру ықтималдығы өте жоғары. Маманның сөзінше, қызылшаға қарсы алғашқы екпе балаларға бір жасында салынады. Бұл – қызылша, қызамық және паротитке қарсы біріктірілген вакцина. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің алты айдан бастап балаларды қосымша иммундау туралы қаулысы күшіне енген.

«Өкінішке қарай, мұндай ерте жаста вакцина алғандардың үлесі әлі де төмен. Бұл ата-аналардың бала денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру қажет екенін көрсетеді», деді дәрігер.

Аида Балаева қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалды ерекше бақылауға алуды тапсырды

Аурухана мамандары ата-аналарды вакцинацияны кейінге қалдырмай, балаларды қауіпті инфекциялардан уақытылы қорғауға шақырып отыр.

Соңғы жаңалықтар