Қазір мобильдік аударымдардың «дәурені» жүріп тұр. Сауда да, қызмет те, қарыз қайтару да, туысқа көмек жіберу де телефон арқылы жүзеге асады. Егер 2021 жылы төлем карталары мен электрондық банкинг арқылы 6,3 миллиард операция жасалса, былтыр олардың саны 14 миллиардқа жеткен. Бес жыл ішінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі 73,1 триллион теңгеден 188,4 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Цифрлық төлемдердің үлесі артқан сайын мемлекет те қаржы айналымына қойылатын талаптарды күшейте бастады. Соның бірі – мобильді аударымдарды мониторингілеу.
Кейінгі жылдары қаржы айналымы көз алдымызда өзгерді. Бұрын әмияннан ақша шығарып есеп айырыссақ, қазір көбіне телефондағы батырманы басумен шектелеміз. Дүкендегі азық-түлік те, такси ақысы да, интернет-дүкеннен алынған тауар да, коммуналдық төлем де банк қосымшасы арқылы өтеді. Жоғарыда Ұлттық банктің дерегі келтірген көрсеткіштер халықтың ақшасы жаппай цифрлық кеңістікке көшкенін аңғартады. Сондықтан мемлекет те назарын қолма-қол ақшаға емес, электрондық төлемдерге аударуға мәжбүр болды. Өйткені бүгінде шағын саудадан бастап, қызмет көрсету саласына дейінгі қаржы айналымының елеулі бөлігі мобильді аударымдар арқылы жүреді.
Ал жоғарыда айтқан мәселенің қызу талқылануына себеп болған жайт – алғашқы ескерту хабарламаларының тарай бастауы. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың мәліметінше, Мемлекеттік кірістер комитеті банктерден келген мәліметтерді өңдеп, салыстыру жұмысын жүргізген. Соның нәтижесінде күмән туғызған операциялар анықталып, азаматтарға хабарламалар жіберіле бастады. Алғашқы кезеңде мұндай хабарламалар жеке тұлғалар мен резидент емес азаматтарға жолданса, кәсіпкерлерге «Салық төлеушінің кабинеті» ақпараттық жүйесімен жіберіліп жатыр.
Алайда осы тұста қоғамдағы қағыс есту мен шалыс ойлау басталды. Көпшілік хабарлама келсе, ертеңіне айыппұл салынады деп үрейлене түсті.
«Бұл бірден айыппұл салынды деген сөз емес. Егер азамат өз шотына түскен қаражаттың тауар немесе қызмет үшін алынған табыс екенін мойындаса, онда салық есебін тапсырып, тиісті төлемдерді төлей алады немесе ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеледі. Ал егер келіспесе, ақша аударымының себебін түсіндіріп, оның кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдеуге құқылы. Ал күнделікті тұрмыстық шығындар, мысалы, тамаққа төлеу, біреуге ақша аудару сияқты қарапайым операциялар бұл бақылауға кірмейді», деді Қаржы вице-министрі Е.Біржанов.
Мобильді аударымдарға қатысты ең көп тараған мифтің бірі – салық органдары азаматтардың барлық шотын көріп отыр деген әңгіме. Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдер мен жеке тұлғаларды әкімшілендіру департаментіне қарасты Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова бұл түсініктің шындыққа жанаспайтынын айтады. Оның сөзінше, мобильді аударымдарды бақылау барысында азаматтардың банк шоттарындағы ақша қозғалысы көрінбейді. Ақпарат заңда белгіленген талаптар орындалған жағдайда ғана беріледі.
«Депозитке 100 млн теңге салынса, бұл салық органдарында күдік туғыза ма? Жоқ, туғызбайды. Біріншіден, біз азаматтардың депозиттік және банктік шоттарына қол жеткізе алмаймыз. Қазір салық органдары кез келген адамның шотын көре алады деген жалған ақпарат көп таралып жүр. Бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Тек ресми салықтық тексеру тағайындалған кезде ғана ақша қозғалысы туралы мәлімет ала аламыз. Ал мобильді аударымдарды мониторингілеу барысында азаматтардың шоттарындағы қаражат қозғалысын көрмейміз. Мобильді аударымдарды бақылау бірнеше кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңде азаматтарға ешқандай санкция қолданылмайды. Бірінші кезең – салық төлеушіні ақпараттандыру. Азаматқа жіберілетін хабарламаның ақпараттық сипаты бар, оған жауап беру міндетті емес. Кейін негіз туындаған жағдайда камералдық бақылау жүргізіледі. Егер сәйкессіздік анықталса, салық төлеушіге хабарлама жолданып, оны орындауға 30 жұмыс күні уақыт беріледі», дейді Д.Құсайынова.
Ең бастысы, барлық аударым бақылауға түспейді. Бұл жерде бірнеше талап қатар орындалуы керек. Азаматтың жеке шотына үш ай қатарынан ақша түсуі қажет. Қаражат кемінде жүз түрлі адамнан келуге тиіс. Үш айдағы түсім көлемі 12 ең төменгі жалақыдан, яғни қазіргі есеппен 1 млн 20 мың теңгеден асуға тиіс. Тек осы талаптардың бәрі бір мезгілде орындалған жағдайда ғана ақпарат мемлекеттік кірістер органдарына жолданады.
Анасының еміне ақша жинаған отбасы да, досынан қарызын қайтарып алған азамат та, әріптестерімен сыйлыққа ақша жинаған ұжым да бұл бақылауға ілікпейді. Бір реттік ірі аударымдардың өзі автоматты түрде күдік тудырмайды. Бұл тұста салық сарапшысы Жәнібек Тұрағұлов қоғамдағы тағы бір жаңсақ пікірге тоқталды.
«Көпшілік ірі сомадағы отбасылық аударымдар автоматты түрде салық органдарының назарын аударады деп ойлайды. Алайда бақылау өлшемі мүлде басқа. Егер ақша бір ғана адамнан түссе, оның көлемі қанша болса да, тіпті күн сайын аударылса да, бұл кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылмайды. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл мәселені нақты түсіндірді. Мысалы, күйеуі ай сайын бүкіл табысын жұбайының шотына аударады делік. Сома 1 млн 20 мың теңгеден де, тіпті 10 млн теңгеден де асып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жұбайы бақылау өлшеміне ілікпейді. Өйткені мұнда негізгі мәселе ақша көлемінде емес, оның қанша адамнан түскенінде. Салық органдарының назарына қатарынан үш ай бойы 100 және одан да көп әртүрлі адамнан қаражат түсіп, оның жалпы көлемі 1 млн 20 мың теңгеден асқан жағдай ғана ілігуі мүмкін. Дәл осындай белгілердің жиынтығы тіркелмеген кәсіпкерлік қызметтің ықтимал белгісі ретінде қарастырылады. Сондықтан азаматтар қарапайым отбасылық аударымдарды кәсіпкерлік табыспен шатастырмауы, бұл мәселеде Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми түсіндірмелеріне сүйенуі қажет», деді Ж.Тұрағұлов.
Сарапшы сөзінің астарында маңызды мәселе бар. Мемлекет қарапайым отбасылық аударымдарды емес, жеке картаны кассаға айналдырып алғандарды қарастырады. Кейінгі жылдары көптеген шағын кәсіпкер төлем қабылдауда терминалдың орнына жеке картасын пайдаланды. Бұл оңай әрі ыңғайлы тәсіл еді. Алайда мұндай тәжірибе табысты жасыруға мүмкіндік берді. Соның салдарынан салық төлеп отырған кәсіпкер мен бейресми жұмыс істейтін адамның арасында әділетсіз жағдай қалыптасты.
Сол себепті бүгінгі бақылау жүйесінің негізгі нысанасы – туысына ақша жіберген азамат емес, бизнес жүргізіп отырып кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлға. Заң да осыны көздейді. Қазір тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқан адамға 64 875 теңге айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанса, бұл сома 129 750 теңгеге дейін өседі.
Мобильді аударымдарға қатысты бақылаудың күшеюі тек салықтық әкімшілендіруге ғана байланысты емес. Бұл өзгерістердің артында төлем мәдениетін өзгертуге бағытталған үлкен үрдіс жатыр. Дегенмен көпшілік біле бермейтін бір жайт бар. Сатып алушыға QR-кодпен төлеу де, картамен есеп айырысу да тегін көрінеді. Алайда мұндай операциялардың барлығы белгілі бір шығынды талап етеді. Ұлттық банктің мәліметінше, қолма-қол ақшасыз төлем қабылдайтын кәсіпкерлер эквайринг қызметі үшін банкке комиссия төлейді. Бұған қоса төлем жүйелерін сүйемелдеуге, операцияларды өңдеуге кететін шығындар тағы бар. Яғни сатып алушы байқамаса да, цифрлық төлем инфрақұрылымы өздігінен жұмыс істемейді.
Әсіресе бұл мәселе шағын бизнеске көбірек әсер етеді. Ірі сауда желілері комиссиялық шығындарды жалпы айналым есебінен өтей алады. Ал шағын дүкен, шаштараз, дәмхана немесе жеткізу қызметімен айналысатын кәсіпкерге әрбір пайыздың маңызы бар. Кейбір кәсіпкерлердің сатып алушыдан «картаға аудара салыңыз» деп сұрауының бір себебі де осы. Жеке карта арқылы қабылданған төлем ресми сауда операциясы ретінде тіркелмейді. Соның салдарынан мемлекет табыс көлемін көрмейді, ал кәсіпкерлік қызмет көлеңкелі аймақта қалып қояды. Мобильді аударымдарды бақылау жүйесінің енгізілуі де осы мәселені реттеуге бағытталған.