• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 10:30

Ақаң абыройы асқақтаған тарихи жиын

1926 жылы ақпанның ая­ғында Бакуде түркі рухы тоғысқан тарихи оқиға болды. «Біз қай жол­мен жүреміз?» деген өр­кениеттік сұрақтың жауа­бын іздеп, ерте көк­тем­нің алғашқы күнінде бас қосқан, бүгінде «Түр­кі құрылтайы», «1926 жылғы басқосу», «Алғаш­қы құрылтай», «Түрко­логиялық съезд» деген айрықша атауларға ие болған, сол кезде «Бүкіл­одақтық І түркологиялық съезд» деген атаумен та­рихқа енген, түркі әлемінің тіл, жазу, білім, мәдениет және ғылым саласындағы даму бағытын айқындаған, рухани-мәдени бағдарын белгілеген стратегиялық басқосу еді бұл. Биыл, міне, сол айтулы оқиғаға – 100 жыл!

Бастама көтерген кім? Жиын­ның қажеттілігі туралы алғаш бас­тама көтерген сол кездегі Шығыс­та­ну институтының директо­ры, Ғылым академиясының Қазақ­стан филиалының төр­аға­сы, шы­ғыстанушы, акаде­мик, П.М.Ме­лиоранский мен В.В.Рад­ловтың шәкірті А.Н.Самой­лович еді. Ол 1924 жылдың 21 наурызында түркітанушылардың съезін шақы­ру қажеттілігі туралы баяндама жасайды. Ең алғаш түркі халқы басым республикалар мен облыстарға ана тілі, тарих, этнографиясы, географиясы бойынша жоғары білікті мамандар даярлау ісінде ға­лымдар тарапынан жәрдем көрсе­тілу керектігін, Якутиядан Қы­рымға дейінгі халықтардың ағар­тушылары, түркітанушы, шы­ғыс­танушы ғалымдардың белсенді қатысуымен, кейінге қалдыруға болмайтын мәселелерді бірлесіп талқылауға жиналу қажеттілігін қояды. Ұлттық әліпбиге негіз етіп қай әліпбиді – орыс, әлде латын әліпбиін алу керектігі жөніндегі даулар тоқтамайынша, мектеп ісін де, баспа ісін де жолға қою мүмкін емес дейді. Сонымен бірге жекелеген диалектілерді (әзербайжан, қырым-татар, түрікмен, т.б.) әдеби тіл дәрежесіне көтеруді жақтайтын және туыстас ұлт­тардың азды-көпті бөлігіне бір­тұтас ұлттық әдеби тілді тарату идеясын қолдай­тын бағыттарды жан-жақты қарас­тырып, тиісті қорытынды шығару үшін де осы басқосудың қажеттігі айтылған хат жазады. Ғылы­ми терминологияны шешуде съезд байыпты еңбек етуге тиіс, ол үшін 70-тен аса делегат 14 күн бойы асықпай талқылауды ұсынады.

Арада 1 жыл өткен соң, бұл басқосудың Әзербайжанның Баку қаласында шақырылуға тиіс екені шешіліп, 14 күннің орнына 8 күн, 70 деле­гат­тың орнына 131 делегат шақы­рылған бірінші құрылтай 1926 жылғы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Баку қаласында ірі мұнай өндіруші Тагиевтер әулеті салдырған үйде, яғни сол заманда түркі мәдениеті сарайы болып табылған ғимараттың мәжіліс за­лын­да өтеді. 131 делегаттың 93-і түркі халқының өкілі, 38-і түр­кі­ден басқа ұлт өкілі болады. Ұйым­дастыру комиссиясында 15 адам жұмыс істеген. Делегаттар негі­зінен ер адамдардан тұрды, тек арасында Султанова деген 1 әзер­байжан әйелі болады. Арнайы шақырылғандар Әзербайжаннан – 6 ғалым, Татарстаннан – 6, Баш-құртстаннан – 3, Қазақстаннан – 3 (Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Біләл Сүлеев), Мәскеу­ден – Нәзір Төреқұлов, Әзиз Бай­сей­ітов, Өзбекстаннан – 6, Түрік­менстаннан – 4, Қыр­ғызстаннан – 2 (Қ.Тыныстанов, Б.Данияров), Грузиядан – 1, Армениядан – 1, Аджариядан – 1, Түркістаннан – 4, Нахичеваннан – 1, Қырымнан – 3, Ғылым академиясынан – 3, Шығыстанушылар академиясынан – 3, Ленинградтағы Шығыс тілдері институтынан – 1, Ташкент университетінен – 1, Ле­нинград университетінен – 1, Солтүстік Кавказ атқару комите­тінен – 2, Солтүстік Кавказ өңіртану инс-титутынан – 1, Уфа халық ағарту комиссариатынан – 1, Ойрат облы­­сы­­­нан – 1, Якутиядан – 3, Қалмақ облысынан – 1, Чуваш Республика­сынан – 2, Қытайдағы Ұйғыр облысынан – 1, Абхазиядан – 1, Хакас өлкесінен – 1, Сол­түстік Кавказдан, соның ішінде Қарашайдан – 2, Бал­қардан – 1, Шешеннен – 1, Ингуштан – 1, Ады­гей-Черкестен – 1, Солтүстік Осе­тиннен – 1, Оңтүстік Осетиядан – 1, Солтүс­тік Кавказдың Түрікмен ауданынан 1 ғалым болды.

Конференция орыс тілінде өтті (50%) және түркі тілдерінде (50%), нақ­ты айтсақ, баяндама мен пікір­талас башқұрт, татар, түрік, өзбек, ноғай, әзербайжан тілде­рінде жасалады.

Бір аптаға созылған құрыл­тайда делегаттар 15 рет отырыс жасайды. Бір отырыста 11-12 баяндама (сөз) тыңдалып, оның 2-3-еуі негізгі баяндама болады да, 7-8-і талқысөз болады. Алғашқы 26 ақпан күні тек құттықтау сөздер айтылады. Құттықтау сөздер саны 56 болған. Құттықтау сөздер, әрине, түркі халықтарының тұң­ғыш басқосуына қуанған ерекше сезімге толы еді.

Басқосудың атын түркі тілде­рінің өз сөзімен «Курултай» деп ата­ған жалғыз А.Н.Самойлович болды. Жиынның қолда бар стеногра­фиялық жазбасын оқып отырып, іс-шараның жетілген ұлттық жазуын өз бетінше жасап алған қазақ ұлт зиялыларының ра­йын, меселін әлі жазуын жөндеп, түзете алмай жатқан өзге түркі жұрты тұлғаларының қарсылығы арқылы қайтару, басу мақсатында болғанын сезінуге болады. Оны құрылтайдан келген бойда жа­рия­лаған Ахмет Байтұрсынұлының мақала­сынан да оқимыз: «Құрылтай қарауына арналған 14 бапты мəселе еді. Соның əрбірінен 4–5, қатта 8–9 баяндамалар жасалды. Бірақ мəселе көп болғанмен, құрылтай шақы­рушылардың кө­біне­се көздегені латын қар­пі екен­дігі құрылтайды ашушы­лардың да, үкімет тарапынан құттықтау­шылардың да сөзінен көрініп тұрды», дейді ғалым.

Құрылтай жұмысын бастарда алдымен, қазіргідей, алқатоп (президиум) сайланады. Сайланған 22-25 мүшенің (Самед Ага Ағамалы, Рухулла Ахундов, Хабиб Джабиев, Василий Бартольд, Сергей Оль­ден­бург, Теодор Менсель, Бекир Чобанзаде, Александр Мартынов, Ахмет Байтұрсынұлы, Исидор Барахов, Илья Бороздин, Михаил Павлович, Галимжан Ибрагимов, Гумер Иделкузин, Мехмет Фуат Кёпрюлю, Джалаледдин Коркмасов, Шакиржан Рахим, Қасым Тыныстанов, Бекги Бердиев, Осман Нури Акчокраклы, Али-бек Гусейнзаде, Иоганнес Банг, Мустафа Гулиев, Николай Марр, Анатолий Луначарский, Вильгельм Томсен) ішінде академик Бартольдтан кейін орын алған Ахмет Байтұрсынұлы екен. Бұны фотоқұжат та, стенограмма да дәлелдейді. Байтұрсынұлы бұдан бөлек құрылтайда талқыға түскен іргелі мәселелердің қарарын шы­ғаратын 5 түрлі комиссияның да белді мүшесі болады.

Іргелі баяндамалар жасап, ұзақ-ұзақ пікірталастың ортасында болған Ахмет Байтұр­сын­ұлының беделі мен абыройын ғалымға 38 рет жасалған сілтемеден танимыз. Оның қа­сында баяндамашы делегаттар атақты академик Л.В.Щербаны – 13 рет, профессорлар Жирковты – 19 рет, А.Н.Самойловичтің өзін – 24 рет, Яковлевті – 30, Ибрагимовті – 34 рет, Чобан-Задені 33 рет атаған.

Ғалымға жасалған сілтеме­лердің бір парасы мынадай. Қырым-татар ақыны, түркі­танушы, профессор Бекир Чобан-Заде Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесіне тәнті боп, жазуды халықтың тіліне жақындатқан тамаша тәжірибе деп тамсанған: «Сонда біз еш қауіптенбей-ақ жергілікті, табиғи жолмен жа­салған терминдерімізді қабылдай аламыз деп ойлаймын. Мысалы, қазақ грамматикасы үшін Байтұр­сынұлы жасаған тамаша терминологияны қабылдауымыз керек». «Алғашқыда тек қана таза халық тілін ұсынуымыз қажет. Мұны Қазанда Ибрагимов, Қазақстанда Байтұрсынұлы, Қырымда Ода­баш жүзеге асырды». Жазу теория­сының негізін салушы, аса білгір ғалым, академик Л.В.Щерба: «Өз­­дерінің бүкіл ғұмырын тіл білі­­міне, жазу-сызу мәселелерін зер­де­леуге арнаған ғалымдарға бірде­ңе айта аламын демеймін», деп Байтұрсынұлының қасында өздерін жоғары санай алмайтынын айтады.

Ал кириллицаны патшалық Ресейдің жазуы деп танып, орыс халқы латын әліпбиіне өту керек­тігін баса айтқан, жазуы жоқ кавказ, шешен, адыгей тілдерін зерттеген, Бодуэн де Куртенэ, Л.Щерба ілімін терең түсінген, оны практикада қолданудың тәсілін іздеген ғалым Николай Яковлев Байтұрсынұлының әліпбиіне кездескенін аса ірі жаңалық деп, тарихта алғаш рет «әліпби жасау – ғалымның ісі емес» деген қағидатты бұзған, ғылыми негізделген әліпби жасау – «әрбір тілдің фонемалар санын дәл есептеу және олардың графикалық берілуін алдын ала жоспарлау деген сөз» деп, Байтұр­сынұлы әліпбиі арқылы үнемді әліпбидің математикалық формуласын ойлап тапқан және оны кавказ, адыгей сияқты жазуы жоқ өзге тілдердің әліпбиін жасауда қолдануды ұсынған ғалым: «Бірақ мәселенің мәні мынада: біз аса қызықты бір құбылысқа кездестік. Жергілікті жерлерде еңбек етіп жүрген мамандардың кейбірі, олардың арасында осында отырған Қазақстаннан келген жолдас Байтұрсынұлы да бар, өз бастамаларымен белгілі бір дәрежеде жаңалық ашты. Атап айтқанда, олар түркі тілдерінің фоне­тикалық заңдарын, соның ішінде сингармонизм құбылысын ешбір ерекшеліксіз жүзеге асыратын заңдылықтарды пайдаланған».

«...Бұл мәселені жергілікті жерлердегі мамандар, әліпби мәсе­лесін сол жерде зерттеген ғалымдар өз бетінше шешіп, оны толықтай дұрыс шешкен. Енді бізге, ғалымдарға, сол құбы­лыстарға лайықты ғылыми түсінік­теме табу ғана қалады...» (Яковлев). «...Менің әркімге кез келген істі таза механикалық түрде орындауға мүмкіндік беретін дайын рецепт ұсынып отыр деген әсер қалмасын деймін. Сондықтан мынаны айтуым керек: біз қандай да бір формуланы енгізген кезде оның міндеті үдерісті механикаландыру емес. Ең алдымен, дұрыс сандық көрсеткіштер берілуге тиіс, ал оны анықтайтын формула жоқ. Мен формуланы қандай да бір сиқырлы рецепт ретінде ұсынып отырған жоқпын, кейбір жолдастардың сөздерінде сондай түсінік байқалып қалды. Мен тек жергілікті жерлерде әліпби құру ісіне арналған белгілі бір техникалық құралды ұсынып отырмын». «Кейінгі уақытта маған әліпби құру формуласы деп атауға болатын мынадай формуланы шығару сәті түсті: A = nb + na немесе A = (9 + 17) - 4 + 1. Мұндағы A – әліпбидегі әріптер санының көрсеткіші» деп, ғалымның әліпби жүйесі бойынша өзге халықтардың әліпби құрамын дәл анықтауға болады дейді.

Құрылтайда ең көп аты аталған ғалымды маңызды фигура ретінде жария да, жасырын да бағалаған көпшілік бұл кісінің меселін қайтаруды да осы жолмен жасаған. Сөйтіп, мақсаттарына жетті де, 101 дауыс латын әліпбиін жақтап, 7 дауыс араб әліпбиін жақтап, 9 дауыс екіжақты дүдәмал күйде қалып, кеңестік түркі халқы жаппай латынға көшетін болып шешілді. Стенограммалық құжаттағы жақша ішінде жазылған «бурные, долго несмолкающиеся апплодисменты» 101 дауыс берген латын туралы қарарды жариялағанда да соғылады, сонымен бірге Байтұрсынұлының аты аталғанда да, ғалым бірнеше рет сөз сөйлеуге шыққанда да, сөйлеп болғаннан кейін де, сөзінің ортасында да осы «қол шапалақтаулар» соғылады.

«Ғажап құбылыс», «ғылым­дағы жаңалық» делініп, түркі­тану­шылардың тұңғыш басқо­суында бағаланған ұлттық жазудан көп кешікпей айырылсақ та, ғалым көрсеткен жүйе, дыбыстар ерекшелігі, емле ұрпаққа аманат болып қалды. Ғұламаның өшпес мұрасы тіл ғылымының темірқазығы ретінде ұлтпен бірге жасай береді.

Құралай КҮДЕРИНОВА,А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы

Соңғы жаңалықтар