Академик Мұхтарбай Өтелбайұлын жұртшылық жақсы біледі. Ғалымның жетекшілігімен 70-тен астам кандидаттық және онға жуық докторлық диссертация қорғалды. Қазіргі таңда көрнекті ғалым Алматыдағы Математика және модельдеу ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейді. Біз бүгін физика-математика ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтарбай Өтелбайұлымен математикадағы ғылыми зерттеулердің қоғамға пайдасы мен қолданысы туралы әңгімелескен едік.
– Мұхтарбай Өтелбайұлы, іргелі еңбектеріңіз ғылыми-зерттеу мен өндірістік жетістіктердің бастауына айналды. Көне ғылымға қызығушылығыңыз неден басталды?
– Жас күнімнен есепке зерек болдым. Балалық шағым малшы ауылда өтті. Кейде бала күнімді сағынып есіме аламын. Ол жылдарда кешкілік үлкендер жиналып әңгіме-дүкен құратын. Түрлі аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар айтылады. Әсіресе бүркітші ақсақалдың әңгімесі қызық еді. Әңгімесін тыңдағанда қансонарға бүркітіммен шыққандай сезімде болатынмын. Ауылымыз қырғыз еліне көршілес. Жетінші сыныптан кейін Тоқмақтағы механизаторлар техникумына оқуға түстім. Бірақ толық аяқтауға зейінім соқпады. Кейіннен Қарақоңыздағы кешкі мектепте орысша оқыдым. Еңбекке ерте араласып, ұстаның көмекшісі болдым. Трактор жүргіздім. Әке-шешеме қолғабысым тигені болмаса, «мұның бәрі уақытша» деп өз-өзімді іштей жұбатып жүретінмін. Ата-анам өте еңбекқор жандар еді. Бар мейірімі мен тәрбиесін беріп, бойыма жақсы қасиеттерді сіңірді. Ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Ғылымдағы жолымды ашқан – осы қасиеттер. Кешкі мектепте жүргенде кітапханадан математикаға қатысты кітаптар алып оқимын. Әлемдегі мықты ғалымдардың өмірбаяны жазылған «Математика в школе» журналын қызыға парақтаймын. Сірә, математик боламын деген арманым осы сәтте оянды. Кейіннен Қырғызстан педагогикалық институтында білім алып жүргенімде Мәскеу мемлекеттік университетіне жолдамамен оқуға кеттім.
– Сол жылдарда есіміңіз ғылым докторлығын қорғаған ең жас ғалымдар қатарында аталды. Мәскеуде қалуға ұсыныс болды ма?
– Мәскеуде қалуға ұсыныс болды. Бірақ елге келіп, отандық ғылымның дамуына пайдамды тигізуді ойладым. Оқу бітіргеннен кейін Қырғызстанға жолдама берілді. Алайда көп істеген жоқпын. Елге қайтуыма профессор Иманәлиевтің көп ықпалы тиді. Шынымды айтсам, Мәскеуде талантты қазақ жастары көп оқыды. Әсіресе Б.М.Левитан, А.Г.Костюченко, академик С.М.Никольскийдей секілді ұстаздарымыз қазақ балаларының алғырлығы мен зеректігіне үнемі тәнті болатын. Мәскеуде оқыған жылдары бар күшімді сапалы білім алуға жұмсадым. Академик Колмогоровтың жетекшілігімен 36 жасымда физика-математика ғылымдарының докторы атандым. Осының бәрі ізденістің нәтижесі деп білемін.
– Елге оралған жылдарда математика ғылымының деңгейі қандай еді?
– Ол кезде ғылыммен айналысатындар сирек болатын. Десе де, математика саласының дамуына аға буын көп еңбек сіңірді. А.Тайманов, О.Жәутіков, Т.Аманов секілді мықты ғалымдар болды. Олардың ізін Б.Оразбаев, Қ.Қасымов, Ө.Сұлтанғазин секілді ағаларымыз басты. 70-дарға қарай отандық математиктердің жаңа буыны қалыптасты. Мәскеуден оқып келген Т.Кәлменов, кейіннен Ш.Смағұлов, Н.Темірғалиев, А.Жеңсікбаев секілді ғалымдармен қатарымыз толықты. Жас ғалымдарды даярлауға көңіл бөлінді. Түрлі ғылыми семинарлар ұйымдастырылды. Шындығында, өткен ғасырдағы 80 жылдардың ортасында қазақ математика ғылымы кеңес одағы кезіндегі басқа республикалардан алға шықты. Р.Ойнаров, У.Өмірбаев, М.Мұратбеков, А.Жұмаділдаев, Е.Нұрсұлтанов, Қ.Мыңбаев сынды дарынды математик ғалымдардың аты одақ көлеміне танылды. Бүгінде академик М.Садыбеков жетекшілік ететін Математика және модельдеу ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп жүрген жас ғалымдардың осы салаға қосып жатқан үлесі жетерлік. Мәселен, С.Дөрбетхан секілді математик жас ғалымдардың есімі әлемге танылғаны қуантады.
– Ғылымның қазіргі беталысын қалай бағалар едіңіз?
– Отандық ғылым түрлі кезеңдерден өтті. 1998 жылы математикадан халықаралық конгресте әлемдегі көрнекті 1000 математиктің тізімі жасалды. Адам басына шаққанда еуропалық елдердің талайынан оза шығып, осы тізімге Қазақстан математиктері енген болатын. Алайда 90-жылдардағы қиыншылық ғылымның дамуына кері әсерін тигізді. Бұл 2009 жылдарға дейінгі кезеңді қамтыды. Аралығы 4–5 жылғы экономикалық дағдарыс математика ғылымында 10–12 жылға созылды. Осы кезеңде бір жарым буыннан ажырап қалдық, бірқатар талантты математиктер басқа салаға ауысты. Мұның өзі математика ғылымына көпке дейін ес жиғызбады. Ал қазіргі жағдайда дүниежүзілік рейтингте орташадан жоғары тұрмыз. Ғылымның ендігі дамуы Ұлттық ғылым академиясының құзырында. Ғылым жүйелі дамуы үшін үлкен қолдау қажет. Талантты жастарды ғылыми ортаға ықпалдастырып, жағдай жасау уақыт талабы. Кейінгі жылдары елімізде жоғары оқу орындарының саны көбейді. Ал санның көптігі сапаға кері әсер етеді. Ғылым тоғысқанда ғана нәтиже береді емес пе. Көрнекті ғалымдарды жоғары оқу орындарына қабылдап, жоғары еңбекақы төлеу ісі жүйелі қолға алынса дер едім. Қайбір жылы жапон еліне барғанда үлкен зауыт жанында бірнеше ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейтінін көрдік. Осындай озық елдер ғылыми әзірлемелерді дереу өндіріске енгізіп, инновацияның игілігін көріп отыр. Ал бізде ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ. Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге кәсіпорындар, ірі бизнес өкілдері әзірге құлықсыз болып отыр.
– Жақында Шымкентте өткен математиктердің І конгресіне қатысып қайттыңыз. Осыдан біраз бұрын Дүниежүзілік математиктер конгресі өтіп, ғалымдар Түркістанда бас қосты. Әлем математиктерін қандай мәселе толғандырады?
– Математика – дербес дамитын ғылым дегенімізбен, адамзат кеңістігінде математика араласпайтын сала жоқ. Дәл қазіргі заманда математика жетістіктерінің қалай пайдаға асып жатқанын технологиялардың дамуынан көріп отырмыз. Математиктердің І конгресі іргелі математика ғылымының экономиканың ажырамас бөлігі ретінде дамып жатқандығын көрсетті. Бұл алаңда қолданбалы ғылымды дамыту, жасанды интеллект алгоритмдерінің көмегімен жаңа шешімдерге қол жеткізудің қазіргі жағдайы талқыланды. Бүгінде адамзат қол жеткізген компьютер, қол телефондары сияқты технологиялар осы көне ғылымның жетістігі. Математика елдің зияткерлік әлеуетін нығайтумен қатар заманауи инновациялық шешімдердің дамуына негіз болып отыр. Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресінің Түркістанда өтуі кездейсоқтық емес. Түркі әлемінен шыққан талай ғұламаларымыздың еңбектері, ашқан жаңалығы бүгінде жалпы адамзатқа қызмет етіп келеді. Үш жыл сайын өтіп тұратын конгрестің келесі жолы да Түркістанда өтуіне атсалыспақшымыз. Отандық математика ғылымын дамытамыз десек, біз үшін осы түркі ынтымақтастығы маңызды.
– Қазақ тілін ғылымның, техника тіліне айналдырудың бүгінгі өрісі қандай? Бұл бағытта нені ескерген жөн?
– Қазақ тілін ғылым мен техника тіліне айналдыру ісі мемлекеттік деңгейде іске асуға тиіс. Ғылымның әр саласындағы мамандар өзара ынтымақтаса отырып, ғылыми тілді жүйелеудің озық үлгілерін қаперге алуы қажет. Бүгінде әлемде ғылымның әр саласы түрлі деңгейде дамып жатыр, соның жаңалықтарын біліп отыру үшін 10-нан аса тіл білу қажет. Қазіргі кезде қолданыстағы технологияларда қазақ тіліне, қазақ тілінен өзге тілдерге аударма жүйесі жақсы дамып келеді. Әрі қарай компьютерлік бағдарламаларға қазақ тілінің мол қорын енгізуді дамыта беру қажет. Сонда ғана тілімізді өміршең ете аламыз. Ғылымдағы қазіргі жетістіктер роботтардың, өзге де технологияның жадына өте көп сөз қорын сыйдыруға мүмкіндік береді. Ал ғылымдағы бірінші мәселе, жұртшылықтың интеллектін дамыту. Интеллектің дамуы тілден басталады. Адамзат өркениетінде тілдің рөлі жоғары екені дәлелді қажет етпейді. Қазіргі кезде көптеген елдер ұлттық тамыры, дәстүріне бет бұра бастады. Ал қазақ халқының тарихи, мәдени мұрасы ана тілінің арқасында дамып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттер ана тілімен бірге дариды. Туған тілімен сусындап өскен ұрпақ елге, жерге жанашыр келеді. Жастарға патриоттық тәрбие беру үшін халықтың тарихы мен мәдениетін оқыту керек. Тіл болмаса, ұлттың жойылатыны белгілі. Өз басым ана тілінде білім алып, ұлттық тәрбиені көргендіктен де болар, еліме қалтқысыз қызмет етуге бар күшімді салып келемін. Шәкірттеріме ғылыми жұмыстарын көбіне қазақ және ағылшын тілдерінде жазғызамын. Ағылшын тілі әзірге халықаралық тіл болғанымен, ғалымдардың қазақ тілін өз дәрежесінде меңгеруі бойындағы талантын ашуға ықпал етеді. Сондықтан алдымызда жаңа технологиялар, заманауи алгоритмдерді ұлттық құндылықтармен ұштастыра алатын тұлғаларды тәрбиелеу міндеті тұр. Соңғы уақытта талай талантты түлектер оқу-білім іздеп шетелдерге кетіп жатыр. Егер ол ұрпақ елдік мүддені ойласа, әлемнің озық тәжірибесін туған жеріне әкеліп, қызмет етуге әрдайым ынталы болады.
– Күнделікті өмірімізге жасанды интеллект дендеп ене бастады. Заманауи алгоритмдердің ғылымның дамуына ықпалы қандай?
– Жасанды интеллект, сондай-ақ басқа да заманауи алгоритмдер ғылыми әзірлемелерді жылдамдатуға, нақты шешімдер алуға пайдасы зор. Жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану ғалымдардың ең күрделі деген сандық талдаулармен жұмысын жеңілдетті. Осы мақсатта Мемлекет басшысы үш жылда цифрлы елге айналу туралы тапсырма берді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жасанды интеллектің дамуы, роботтардың өндіріске, күнделікті тұрмысымызға енуі өнеркәсіптегі ауыр жұмыстарды жеңілдетіп, үй шаруасына қолғабыс етуде. Қалай айтсақ та, жасанды интеллект арнайы бағдарламалар, берілген тапсырма негізінде жұмыс істейді. Ол адам ойын, ақылын, зерттеулерді алмастыра алмайды. Әлемнің көптеген ғалымы жасанды интеллектің адамзатқа қаупі туралы болжам жасап жатыр. Сондықтан оны басқару, қолдану тетіктері ғылыми негізді ережелерге бағынуға тиіс, яғни бегілі бір аксиомаға сүйеніп, мемлекеттік деңгейде абстракты ойлайтын ғалымдар араласуы керек деп ойлаймын. Тиісті министрлік жанынан ғылыми-зерттеу институты деңгейіндегі қолданысына басымдық берген дұрыс па деймін. Жасанды интеллекті игілікке айналдыра білгенде ғана ғылымға пайдасы зор болмақ.
– Осыдан оншақты жыл бұрын Клэй математикалық институты «мыңжылдық есебі» деп жарияланған Навье-Стокс дифференциалдық теңдеуінің шешімін ұсындыңыз. Сол кезде әртүрлі пікірлер айтылды. Әлем математиктерін тығырыққа тіреп отырған осы есептің мәні неде?
– Навье-Стокс дифференциалдық теңдеулер жүйесі Ньютонның екінші заңына бағынады. Сұйықтық бөлшектеріне әсер ететін инерция, қысым, үйкеліс пен сыртқы күштерді байланыстырады. Қазіргі кезде Навье-Стокс теңдеулерінің сандық шешімдері іс-тәжірибеде, ғылыми еңбектерде қолданыс тауып жатыр. Бірнеше аналитикалық шешімі бар, бірақ Навье-Стокс теңдеулерінің қасиетін толық аша алмайды. Сондықтан физика ғылымында шешілмеген теңдеулер қатарында тұр. Есептің ғылыми жолмен шешуге ұсынылғанына жүз жылдай болды. Әлемде Навье-Стокс теңдеуін «шештім» деп жариялаған көптеген аса көрнекті ғалымдар бар. Алайда олардың көпшілігі қателесті немесе толық шешімін таба алмады. Мен де солардың қатарынанмын. Оны шешумен айналысып жүргеніме 40 жылға таяды. Кезінде теңдеудің шешімін ұсынғанымда өз ғалымдарымызбен қатар, Ресей ғалымдары да ойын айтты. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, көрнекті математик Виктор Садовничий де пікірін білдірген болатын. Ғылымда ашылған жаңалықты дәлелдеу, дәйектеу аса маңызды әрі ұзақ үрдіс. «Навье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегімде шешу әдісін ұсынып, оннан аса түсіндіру нұсқасын әзірледім. Қазір де осы бағыттағы еңбегімді жалғастырып жатырмын.
– Математика ғылымында Штурм-Лиувилл функциясының шешіміне қатысты «q – Өтелбаев функциясы» бар. Бұл функцияның ғылымдағы қолданысы әрі өндіріске тиімділігі қандай?
– «q – Өтелбаев функциясы» – спектрлік теория мен дифференциалдық теңдеулерді шешуде қолданылатын математикалық ұғым. Әріптестерім бұл жаңалықты «Өтелбаев әдісі» деп атап кеткен. Бұл теңдеуде меншікті мәндердің мүмкіндігі зерттелді. Кезінде шәкіртім болған Р.Ойнаров та тың жаңалық ашқаны белгілі. Ғылымда «Ойнаров ядросы» деп аталып жүр. Сол теория бүгінде әлемдегі айтулы ғылыми еңбектер қатарында аталады. Түсінікті тілмен айтқанда, Штурм-Лиувилл есебі математикалық физикада, кванттық механикада және инженерияда жеке дифференциалдық теңдеулерді шешуде қолданылады. Математика теңдеулері туралы кейбір жаңалықтар пайда болғанда оның тиімділігін байқау үшін әдетте Штурм-Лиувилл операторы модель ретінде пайдаланылады.
– Лоренц заңдылығын қарастырғанда «Шойқара» бүркеншік атын қолданған екенсіз. Осы еңбекте жарық жылдамдығынан да жылдам қозғалыстың бар екенін айтасыз. Бұл зерттеуді қашан жариялайсыз?
– Физика дұрыс дамуы үшін белгілі бір заңдылықтармен жұмыс істейді. Ол үшін математикаға жүгініп, акциоматикасын жасау қажет. Физикада жарық жылдамдығынан жоғары жылдамдықпен қозғалатын бөлшектер бар. Осы заңдылыққа сүйене отырып, жарықтан жылдам материалдық нүктелердің болу мүмкіндігін зерттедім. Энштейн теориясында жарық жылдамдығынан жылдамдық жоқ делінген, шын мәнінде олай емес, ол дәлелденбеген. Десек те, жарық жылдамдығынан тезірек жүретін материалдық нүктенің жылдамдығын өлшей алмаймыз. Өйткені бақылау мүмкіндігіміз жарық жылдамдығынан әлдеқайда төмен. Жарық жылдамдығынан жылдам қозғалыс бар екенін дәлелдейтін эксперименттер де, осы тұрғыда ойланып жүрген көптеген физик ғалымдар да бар. Бірақ олар оны дәл түсіндіре алмайды. Өз зерттеуімді қабылдамайтындар болуы мүмкіндігін ескере отырып, бесінші атам болып келетін «Шойқараны» бүркеншік атпен қолданып, түсіндіруге тырыстым. Негізі Ньютон–Галилей физикасы шегінде қала отырып, салыстырмалылық теориясы әкелетін нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мұнымен қоса Энштейн теориясына барша әлем толық бағынады деуге келмейді. Әлемде Энштейн теориясына ұқсас 200-ден астам теория бар. Қазіргі кезде бар әлемді сыйғыза алатын теория жоқ әрі болмайды да, болашақта одан кеңірек теориялар шыға беретіні анық. Осы бағытта зерттеуімді әлі де жалғастыра бермекпін. Әзірге бұл еңбекке қызығып қарағандар жоқ. Бір кездері белгілі болады деп ойлаймын.
– Ғылыми-зерттеулер нәтижесінде әзірленіп, патенттелген жобаларыңыз қандай салада қолданыс тапты?
– Елімізде ғалымдар қол жеткізген жүздеген патент бар. Оның іске асуына белгілі бір уақыт қажет. Ғылымнан өндірісте пайда көріп, шығыны өтелгенше де біраз жылдар өтеді. Ал әлемде ғылым мен технология жылдам дамып барады. Бизнес үшін дайын патенттерді қолдана салған әлдеқайда қолайлы. Еліміздегі ғалымдардың көптеген әзірлемелері өндіріске енбей қалып жатқандығы да осы себептен. Патенттерім негізінен жер сілкінісін болжау, суды, энергия көзін үнемдеумен байланысты. Бір ғана мысал, жел стансаларын оптималды жасауға болатынын зерттеп, өндіріске енгізу жағын қарастырған жоба бір жылдарда ҚазҰУ-да механика кафедрасында жасалды. Ғалымдар тобымен жел электр стансасының көп қабатты моделін ұсынып, жел қондырғыларынан энергия көзін алуға болатынын дәлелдедік. Жоба бір қабатта орналасқан қарапайым жел электр стансаларына қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие. Ол көп қабатты құрылым, әр қабатында әртүрлі типтегі жел турбиналары орналасқан. Көп орын алмайды, жел энергиясын тұрақты пайдалануға ыңғайлы. Патенттелген тағы бір жоба тікұшақтың жүк көтеру ықтималдығына қатысты. Мысалы, теңіз жағалауындағы елдер ауыр салмақтағы жүк тасымалында кемені пайдаланады. Ал теңізден жырақ орналасқан біз сияқты елдер үшін әуе тасымалы қолайлы. Осы мақсатта тікұшақтың ауыр салмақты жүкті көтере алатындығын дәлелдедім. Алайда тікұшақ конструкциясын әрі қарай жетілдіру үшін кәсіби конструкторлар қажет. Еліміздің әлем елдерімен порт арқылы байланысы дамып келеді. Болашақта мұндай жобаларға қажеттілік болады деп ойлаймын.
– Кейінгі онжылдықта әлемдік зерттеулерде жаһандық апаттың ықтималдығы артып келеді деген болжам айтылып жүр. Отандық математика ғылымында болашақты, ғарышты зерттеуде қандай зерттеулер жасалып жатыр?
– Әлемдегі ғарыш зерттеулері өзге планеталардан материал алумен, оның өміршеңдігін зерттеумен тығыз байланысты. Қазіргі кезде өз басым шексіздік түсінігі төңірегінде ойланып жүрмін. Негізі математикалық болжамдар арқылы адамзаттың өміршеңдігі, өзін-өзі жою ықтималдығын қарастыра аламыз. Тіптен бізбен параллель өркениеттердің бар екеніне математикалық болжамдар жүз пайызға жуықтайды. Ертегі сияқты болып көрінгенімен, оның дәлелін ғылыми болжамдар көрсетіп отыр. Біз ғаламның моделін жасай отырып, жер ғаламның ең жоғарғы шегін «болжауға» тырысамыз. Менің ойымша, жаратушы ғаламды жаратты, жансыз және жанды табиғат заңдарын басқарады. Ол адамзатқа ақыл берді, бостандық сыйлады. Бұл секторда ақылға қонымды жаратылыстар, жақсылық немесе жамандық атаулы жасалып жатыр. Осы бағыттағы зерттеулерді жалғастыра бермекпін.
– Біраз уақыттан бері математикадан республикалық «Ойлан, тап» олимпиадасына төрешілік етіп келесіз. Қатысушылардың математикалық деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Байқағаным – балалардың барлығы талантты әрі қабілетті. «Ойлан, тап» олимпиадалық ойындарына еліміз аймақтарынан балалар көп қатысып жүр. Оқушылардың қай сала болса да олимпиадаларға қатысуы қабілетін шыңдайды, білуге, үйренуге ықпал етеді. Сондықтан гуманитарлық әрі жаратылыстану-математика бағытындағы білім додаларының жиі өтіп тұрғанын құптаймын. Математика тарихы, үздік математиктердің өмірбаяны сияқты қызықты тақырыптар оқу үрдісінде қамтылса деймін. Оқушының қажетіне қарай, сапалы, қолжетімді оқу құралдары мейлінше қажет. Мұнымен қоса математика саласында еңбек етіп жүрген жас ғалымдарды насихаттап, кездесулер өтіп тұрса, оқушылардың көне ғылымға деген қызығушылығы арта түсетіні анық. Ғылым мен техниканы дамытуда қазақ баласының үлесі жоғары болғанын қалаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,«Egemen Qazaqstan»