Қызылорда облысындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңақорған, Шиелі және Қазалы вокзалдары мен Талап платформасында құрылыс-монтаж жұмыстары 99%-ға орындалған. Нысандарда қазір соңғы әрлеу, ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Көлік министрлігі өңірдегі теміржол вокзалдарын реконструкциялау барысына арналған жұмыс кеңесін өткізді. Жиынға облыс әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, мердігер ұйымдар мен жобалау-инжинирингтік компаниялар өкілдері қатысты.
Кеңесте Жалағаш, Жосалы, Тереңөзек, Төретам, Жаңақорған, Шиелі, Арал теңізі, Сексеуіл, Қазалы станцияларындағы вокзалдарды және Талап платформасын жаңғырту жобалары қаралды. Әсіресе, аяқталуға жақын нысандардағы жұмыс қарқыны мен сапасына баса назар аударылды.
Қызылорда облысында 300 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр
Отырыста құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеге сәйкестігі, құрылыс-монтаж іс-шараларының сапасы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар реконструкция кезеңінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін уақытша инфрақұрылымды тиімді ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Бұл – құрылыс жүріп жатқан кезеңде де халыққа қызмет сапасын төмендетпеудің маңызды шарты.
Өңірді жаңғырту бағдарламасына енгізілген барлық вокзал кешендері биыл толық пайдалануға берілмек. Кеңес қорытындысында жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтау үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына, мердігер және жобалау ұйымдарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту – тек ғимараттарды жөндеу емес, бұл – тұтас инфрақұрылымды заман талабына сай бейімдеу. Жаңартылған нысандар Қызылорда облысының тұрғындары мен қонақтары үшін теміржол қатынасының жайлылығын, қауіпсіздігін және қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Ауыл» партиясы: Қызылордада жаңа Конституция жобасы талқыланды