Бүгін Алматыда өтіп жатқан III Еуразиялық тау курорттары альянсы (ЕТКА) фестивалінде ЕТКА-ның Жасыл хартиясы қабылданды. Бұл хартия Еуразия кеңістігіндегі тау туризмі индустриясының тұрақты дамуының ортақ қағидаттарын айқындайтын стратегиялық құжат саналады, деп жазады Egemen.kz.
Хартия тау экожүйелерін сақтау, климатқа кері әсерін азайту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану сынды экологиялық талаптарға сай басқару тәжірибелерін дамыту бағытында курорттардың ортақ жауапкершілігін қуаттайды. Құжат ерікті түрде қабылданады әрі оған өзге де тау курорттары қосыла алады.
Отандық туризмге салынған инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңгеден асты
Құжаттың арнайы бөлімінде ашықтық, әріптестік пен ұтымдылық қағидаттары қамтылған. Бұл бизнес, мемлекет, жергілікті қауымдастықтар мен ғылыми ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Қол қоюшы тараптардың бірлескен бастамаларын ЕТКА-ның тұрақты даму жөніндегі сараптамалық платформасы үйлестіріп отырады.
Осы орайда Shymbulak курортының бас директоры Ринат Абдрахманов:
«Шымбұлақ үшін Жасыл хартияны қабылдау – соңғы жылдары жүйелі түрде атқарып келе жатқан жұмысымыздың заңды жалғасы. Тау курорты экологиялық тепе-теңдікті сақтамай дами алмайды. Табиғи ландшафтарды қорғау, ресурстарды жауапкершілікпен басқару, климатқа әсерді азайту – саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізі», деді.
Bloomberg-тен CNN-ге дейін: Әлемдік БАҚ Алматыны үздік 25 қаланың қатарына қосты
Жасыл хартияға ЕТКА құрамындағы Shymbulak Mountain Resort (Қазақстан), Oi-Qaragai Mountain Resort (Қазақстан), Amirsoy Mountain Resort (Өзбекстан), Rosa Khutor (Ресей), Shahdag Mountain Resort (Әзербайжан), Grandvalira Andorra (Андорра, ЕО) сияқты әйгілі курорттар қол қойды.
Жетісуға былтыр 40 мың экотурист келген
Ал Еуразиялық тау курорттары альянсы 2023 жылы Еуразиядағы жетекші тау курорттарының бастамасымен құрылған. Альянстың мақсаты – тау туризмі басқару саласындағы күш-жігерді біріктіру, туристік қызмет сапасын арттыру, спорттық әлеуетті дамыта отырып, тұрақты тау туризмінің үздік тәжірибелерін ілгерілету. Альянстың штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан. ЕТКА құрамына Қазақстанның Shymbulak және Oi-Qaragai, Әзербайжанның Shahdag, Өзбекстанның Amirsoy, Ресейдің Rosa Khutor, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Mona Yong Pyong курорттары кіреді. 24 ақпанда Grandvalira Resorts Andorra курорты Альянсқа қосылуға ниетті екені туралы меморандумға қол қойды.